Ауаны ластайтын автокөліктермен күрес күшейтілуде
Ауаны ластайтын автокөліктермен күрес күшейтілуде
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сай, облыстық Полиция департаменті ауаға зиянды заттар шығарып, қоршаған ортаға залал келтіретін автокөліктерді анықтау мақсатында «Таза ауа» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізуде. Бүгінгі таңда мұндай көліктер атмосфераны ластаудың және өңірдегі экологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себепкері болып табылады. Өкінішке қарай, талапқа сай келмейтін көлік құралдары әлі де көп. Жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы үш күні ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабы бойынша 200-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бапқа сәйкес, екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылады, ал құқық бұзушылық екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішке дейін артады, сондай-ақ мемлекеттік нөмірді алып қою көзделген. Бүгінде облыс орталығының жолдарында қоғамдық көліктердің саны артуда. Оның басым бөлігі экологиялық нормаларға сәйкес келмейді. Бұзушылықтардың көпшілігі жолаушылар автобустарына қатысты болып отыр. Сондықтан қазіргі уақытта атмосфераға зиянды заттар шығаратын осы санаттағы көліктерді азайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жүргізушілермен қатар автобус парктерінің иелері де қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл бағыттағы жұмыстар үнемі жүргізілетін болады. Осы орайда облыс тұрғындарын өз көліктерін экологиялық заңнама талаптарына сай ретке келтіруге шақырамын. Арман ОРАЗАЛИЕВ, Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі.