Саясат

Әлеумет тік қолдаудың жаңа жүйесі қандай?

Әлеумет тік қолдаудың жаңа жүйесі қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке атаулы әлеуметтік көмекті бөлу тәртібін реттеуді тапсырғаны белгілі. Бұған дейін де бірнеше рет мемлекет қолдауына зәру отбасыларды ынталандыру мақсатында көрсетіліп келген іс-шаралардан шын мұқтаждар шет қалған мысалдар көп кездескен еді. Көп балалы отбасылардағы әр балаға төленетін 20789 теңгенің жайы да соған ұқсас. Алып-қашпа әңгіме де, қазына қаржысынан бөлінген қаржыны заңсыз пайдаланғысы келгендердің іс-әрекеті де өршіп кеткен соң бұл жүйені қайта қарау қажет болды. Міне, сондықтан Мемлекет басшысы: «Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, еңбектенетіндерге берілуі тиіс. Сонымен бірге аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жасына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның ішінде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу. Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс», – деп нақты міндет жүктеді. Иә, біздің еліміздің әлеуметтік мемлекет екені Конституциямызда жазылған. Бұл дегеніміз, мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы, ал Үкімет өз жұмысында осы қағидатты басшылыққа алуы тиіс. Президент тапсырмасы бойынша 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесінде де бұл мәселе назарда болуы керек. Сонымен тиісті министрлік әлеуметтік қолдау жүйесінің жаңа тұрғыларын әзірледі. Ол қандай жүйе? Бұл – шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу ұстанымынан туындаған және отбасылық кіріске қарамастан барлық көп балалы аналарға көмек көрсетуді көздейтін жүйе. Нақтырақ айтсақ, жәрдемақы 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Негізгі талап – еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыс істеуі. Мемлекет тарапынан оларға жұмысқа орналасуға, кіші бизнеспен айналысуға көмек көрсетіледі. Кешенді шараларды жүргізу үшін негізгі 3 бағыт қарастырылуда. Оның біріншісі – көп балалы отбасыларды жеке санатқа шығару және оларға кепілдендірілген жәрдемақыны ұсыну. Осы арқылы қазақстандық қоғам аз қамтамасыз етілген отбасы деген стереотиптен арылады. Есесіне көп балалы аналар материалдық жағдайына, әлеуметтік санатына қарамастан мәртебесі мойындалады. Екіншіден, аз қамтылған отбасылар санатындағы азаматтарға қолдау көрсетіліп, оларға өз ісін бастауға, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Үшіншіден, барлық атаулы әлеуметтік көмекті алушы отбасылардағы балаларды материалдық тұрғыда көмек көрсететін кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады. Әділеттілік және еңбекке ынталандыру қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері міне, осындай. Бір айта кететіні, атаулы әлеуметтік көмекті шартты ақшалай түрінде алатын отбасылардағы жұмыссыз азаматтар «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының шеңберінде өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар ұсыну көзделуде. Осы мақсатта аталған бағдарламаға өзгерістер енгізу мәселесі де қарастырылып отыр. Соның ішінде микрокредит мерзімін 7 жылға дейін ұзарту, үстемақының номиналды жарнасын 4 пайызға дейін төмендету, тұрып жатқан жеріне қарамастан, ауыл немесе қала болсын, берілетін несие сомасы бойынша шектеулерді алып тастау секілді өзгертулер кәсіппен айналысамын дейтін жандарға көп көмек болары сөзсіз. Мемлекеттік саясатта әрқашан әлеуметтік мәселелерді реттеуге басымдық беріледі. Бір ескерерлігі, атаулы әлеуметтік көмек – еліміздегі жалғыз әлеуметтік төлем емес. Сала мамандары елімізде ана мен балаға қатысты жәрдемақының кемінде 10 түрі барын айтады. Оған елімізде жылына 470 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді. Дерекке сүйенсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджетінде 3 триллион 53 миллиард теңге жыл сайын 4 миллионнан астам адамға зейнетақы мен жәрдемақы ретінде беріледі екен.

Ардақ Үсейінова