Ана мен бала денсаулығы басты назарда
Ана мен бала денсаулығы басты назарда
Тұрғындардың ем іздеп, емхана аралап, сабылмауы үшін бастапқы көмек тиісті деңгейде көрсетілуі тиіс. Денсаулық сақтау саласын дамытудың бірден-бір жолы – осы. Жалпы өңірде медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы 9 айдың қорытындысы қаралған жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметовке салалық басқарманың басшысы Марат Жұманқұлов баяндады. Емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерлері, аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары қатысқан жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту, емдеу және алдын алу мекемелерінде көрсетілетін қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ана мен бала денсаулығы – қашанда назардағы мәселе екені белгілі. Себебі республикада жаңа босанған әйел мен нәрестелердің өлімін төмендетуге баса мән беріледі. Өңірде бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Жиында Марат Сейітбекұлы осыған айрықша тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, облыстық перинаталдық орталық жанынан оқу клиникалық орталығы ашылыпты. Өткен 9 айда мұнда 211 маман оқытылған. Сондай-ақ Жамбыл жоғары медициналық колледжінің симмуляциялық орталығында 212 медицина қызметкері білімін жетілдірген. Мұнан өзге перинаталдық орталықтың материалдық техникалық базасын нығайту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. – Облыстық перинаталдық орталығының базасына 169 миллион 400 мың теңгеге 9 медициналық құрал-жабдық сатып алдық. Соның нәтижесінде перинаталдық скрининг көмегімен туа біткен ақауларды ерте анықтау көрсеткіші 57 пайызға артты. Өңірдегі басқа да босандыру бөлімдері 413 миллион 800 мың теңгеге 18 жаңа медициналық құрылғымен жабдықталды, – деді басқарма басшысы. Дегенмен ана мен бала өмірін сақтау бағытында жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар бар болғанымен, көрсеткіш басқа. Жиында осыны алға тартқан облыс әкімі өңірде нәресте өлімінің өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 көрсеткішке артқанын атап өтіп, шараналар жиі шетінеп отырған аудандардағы ауруханалардың бас дәрігерлеріне нақты шаралар қолдануды тапсырды. Жиында кадр мәселесі, өңірге жас мамандарды тарту жайы да сөз болды. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері облысқа 126 жас маман келген. Облыс басшылығы тарапынан жұмысқа келген 53 жас маманға тиісті жәрдемақы тағайындалған. Сонымен қатар Жуалы ауданында 4 маманға жатақханадан орын берілсе, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында 3 жас дәрігер қызметтік пәтерге орналастырылған. Өңір басшысы бұл мәселені реттеуде әлеуметтік қажеттілікті ескере отырып, бірінші кезекте қолдау шараларымен ауданға келген дәрігерлерді қамту керектігін атап өтті. Басқарма басшысы денсаулық сақтау саласын цифрландыру, мамандардың біліктілігін арттыру, жалақы, медициналық автокөлікпен және құрал-жабдықтармен, дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Облыс әкімі сала ісін ілгерілету үшін осы секторлардағы бірқатар түйткілдерге баса назар аударуды тапсырды. Атап айтқанда, жоғары технологиялық медициналық жабдықтардың өз деңгейінде жұмыс істеуі, оған жауапты маманның біліктілігі зерделенуі қажет. Сондай-ақ дәрігерлердің жүктемесін азайтуда тұрғындарға емхананы таңдау мүмкіндігін заңнама аясында шектеу мәселелеріне баса назар аударылуы тиіс. Өңір басшысы сонымен бірге келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жұмыстарын қайта пысықтау керегін ескертті. Негізі облыста ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінде түрлі дерек көздері арқылы ақпараттық түсіндіру жұмысымен 739 284 мың жамбылдық қамтылған. Ал статистикалық деректер өңірде 532 739 жұмыс күші барын анықтап отыр. Демек бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін жасайтын осынша нысаналы топ бар деген сөз. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өңірдегі кейбір жұмыс берушілер тарапынан міндетті медициналық сақтандыру төлемдерінің аударылмау фактісінің көптеп байқалып отырғанын айтты. Ал бұл фактор келер жылы бірқатар азаматтардың лайықты медициналық қызмет алуына кедергі келтіреді. Өз сөзінде Еркебұлан Әбілханұлы бұл мәселені реттеуде мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесе әрекет етуді ұсынды. Жиынды қорытындылаған Асқар Мырзахметов басқарма басшысына жылдық қорытынды есепке дейін айтылған кемшіліктерді жойып, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.