Саясат

Білімді ұрпақтың болашағы баянды

Білімді ұрпақтың болашағы баянды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы алғашқы Жолдауында қоғамның барлық саласын қамтып, ашық азаматтық қоғамды дамыту, білім, ғылымды өркендету қажеттігін тіліне тиек етіп, əлеуметтік экономикалық өзекті мəселелерге кеңінен тоқталды. Қазақстанның əлемдегі беделді əрі орнықты мемлекетке айналуы үшін еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының сабақтастығын сақтап, мемлекетімізді дамытудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Жолдауда «Заманауи тиімді мемлекет», «Құқықтық қамтамасыз ету жəне азаматтардың қауіпсіздігі», «Қарқынды дамыған жəне инклюзивті экономика», «Əлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» деген бес негізгі міндеттерді қамтыды. Президент білім жəне ғылым саласына ерекше көңіл аударып: «Біздің міндетіміз – оқушылардың қабілетін айқындап, кəсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандарттарының негізі болуы тиіс. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» – деп, республиканың ауылдық мектептерінде білім беру жүйесін жетілдіру, еліміздің жоғары оқу орындарында білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеулердің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Еліміз заман көшінен қалмауы үшін отандық білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті болуы шарт. Халқымыздың саяси-экономикалық, мәдени, қоғамдық өміріндегі өзгерістерге сай жоғары және техникалық, кәсіптік білім беру оқу орындары үлкен жауапкершілікті сезініп, білікті, өз ісінің шебері, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға зейін қойғаны ләзім. Бүгінгі күні Жолдауда көтерген мәселелердің бірі – елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам мектеп бітіруші жоғары оқу орнына түсе алмай қалатыны. Сондықтан олар кəсіби білімсіз уақытша жұмыссыздар қатарын толтыруға мəжбүр болуда. Салдарынан олардың қылмыстық топтарға, экстремистік діни ағымдардың ықпалына түсіп кетуі орын алуда. Мемлекет басшысының алдағы уақытта оқушылардың қабілетін айқындап, кəсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет, елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді əдістемесі жасалуы тиіс деген бастамасы, талай жастың үмітін оятатыны даусыз. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандарттарының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техникалық мамандықтарға сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Осы ретте, Жастар жылында аталған мəселенің еліміз үшін де, жастар үшін де маңызы зор деп білеміз. Егемен елдің бүгіні мен ертеңін өрге бастырар – бүгінгі өрендер, болашақ жас ұрпақ. Болашақтың тізгінін ұстайтын олардың атқарар әрекетінің түп тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» деген сөзі ешқашан ескірмесі анық. Сондықтан біз жастарға бағыт-бағдар беріп, оқытудың негізгі мақсаты – болашақ мамандығына байланысты әрбір балаға тереңірек білім беру, білімді өзгермелі өмір жағдайларына пайдалана білу дағдысын қалыптастыру. Өз кәсібін дұрыс таңдай білген жас ұрпақ оған әр уақытта шығармашылықпен, жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз. Адамның қабілеті мен бейімділігі белгілі бір кәсіп саласына сай қалыптасқанда ғана сапалы маман болатыны белгілі. Мемлекет басшысының «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, қаржыландыруды арттырып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік жасауы – білім саласын жаңғыртуға жаңаша жол салынып жатқандығының белгісі. Аталған бағдарлама ауылда тұратын азаматтарды қолдауда, қоғамның орта əлеуметтік тобын одан əрі қалыптастыруға, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім берудегі алшақтықты азайтуға барынша ықпал ететіні анық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қоғамға жан-жақты пайда əкелетін жоба болатыны сөзсіз. Президент тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын 2 есе арттыруды тапсырған болатын. Келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетіндігі бүкіл ұстаздар қауымы үшін үлкен қолдау деп санаймын. Мұның бəрі ең алдымен ел болашағы үшін атқарылып жатқан игі бастамалар. Жолдау – осы бастамалардың негізгі кілті, қозғаушы күші. Мемлекет басшысының Жолдауы – бұл мемлекетіміздің жаңа уақыт талабына сай өсуі мен əлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарқынды енуіне бастайтын сенімді көпір. Сондықтан бұл мемлекеттік құжат отандық білім мен ғылымның дамуына жаңа серпін беруде. Ұстаздар қауымы мемлекет басшысының барлық бастамалары мен тапсырмаларын орындауға күш саламыз. Өйткені білімді ұрпақ – тәуелсіз еліміздің баянды болашағының кепілі.

Жанар ОРЫНБАЕВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты.