Саясат

Жамбылда картоп фриін өндіретін зауыт салынады

Жамбылда картоп фриін өндіретін зауыт салынады

2022 жылдың қыркүйек айынан бастап облыста картоп фриі өндіріле бастайды. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен голландиялық «Farm Frites» компаниясының жобалық директоры Йос Ден Бурдың кездесуінде белгілі болды. Бүгінде картоп фриі өндірісі бойынша әлемдегі ең үздік 5 компанияның бірі саналатын голландиялық кәсіпорын тамақ өнеркәсібінің алпауыты саналатын «McDonalds» мен «KFS»-ді шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Алғаш өнімін жарты ғасыр бұрын шығарған «Farm Frites» келер жылдың басында «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағынан картоп фриін шығаратын зауыттың құрылысын бастамақ. – Біздің компания Қазақстан нарығына 2015 жылы келді. Осы аралықта біз Қазақстанның барлық аумағындағы картоп алқаптарынан сынама алдық. Дәл осы Жамбыл өңіріндегі сынама жоғары өнімділік көрсетті. Оған қоса біздің жобаға «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы қызығушылық танытып, «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағында жұмыс жасауды ұсынды. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдап, еркін экономикалық аймақтың мүмкіндігін зерделедік. 2020 жылдың сәуір айында зауыт құрылысын бастап, 2022 жылы алғашқы картоп фриін нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Өндіріс орнының қуаттылығы жылына 70 мың тоннаны құрайды, –дейді «Farm Frites» компаниясының жобалық директоры Йос Ден Бур. Компанияның өндіріске қатысты жоспарымен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің зауытты шикізатпен қамтудағы жоғары әлеуетін ескеруді айтты. Мәселен, ағымдағы жылы облыста 10 мың гектар алқапқа картоп егілген. Өңір шаруалары картап алқабын сұранысқа байланысты ұлғайтуға ниетті. – Біз де өз тарапымыздан бұл жобаның тиімділігі көріп отырмыз. Картоп фриінің өндірісі инвестициялық жоба ғана емес. Әрі ауыл шаруашылығының әлеуетін көтерудің тағы бір мүмкіндігі.Жамбылдық шаруалар компанияны шикізаттың қажетті қорымен қамтамасыз ете алады. Оған қоса өңірге ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу саласында заманауи жабдықталған зауыт қажет. Осы факторларды ескере отырып, біз жобаның іске асырылуын құптаймыз. Келісімді ресми түрде рәсімдеп, онда жобаны жүзеге асырудағы әкімдік жауапкершілігін де ескерген жөн, –деді Асқар Исабекұлы. Өңір басшысы кездесуде голландиялық компания өкілдеріне картоп фриі зауытына қажетті кадрларды даярлаудың мүмкіндіктері де қарастырылатынын жеткізді. Өз кезегінде «Farm Frites» компаниясының жобалық директоры Йос Ден Бур облыс әкіміне нәтижелі кездесу үшін ризашылығын білдірді.