Қоғам

Байзақтан шыққан батыр

Байзақтан шыққан батыр

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="109220,109221,109222,109223"]

кеңес одағының батыры атағының алтын жұлдызын көзі тірісінде қолына ұстап көре алмай арманда кеткен абзал жан туралы дерек табылды

кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ түрлі себептермен тиісті марапаты берілмеген жамбылдық 8 батырдың есімі белгілі болғаны туралы газетіміздің 12-ші қазан күнгі санында жазып, сол жауынгерлердің аты-жөндерімен таныстырған едік.

Газет жарыққа шыққан күннің ертесіне-ақ, редакцияға Байзақ ауданынан ҚР Білім беру ісінің үздігі Айтмаханбет Тышқанбаев бас сұқты. «Aq jol»-дың алғашқы бетінен аяулы ұстазының дерегін көре сала ол кісі туралы естелігін ақ параққа түсіріп, бірге түскен суретін қоса алып, ойланбастан осында тартқан екен. «Адамгершіліктің айнымас үлгісі болған, айналасына мол шапағаты тиген, аса зиялы азамат жайлы біле тұра үндемей қалу мен үшін сын болар еді», – дейді ол. «Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві берген тізім мені таң-тамаша етті. Онда аты аталған Умбеткул Джиенбаев деген кісі менің мектепте география-биология пәнінен сабақ берген ұстазым еді. Ол кісі қазіргі Байзақ, бұрынғы Свердлов ауданының Ақжар ауылында қазіргі С.Сейфуллин, бұрынғы Жамбыл атындағы 8 жылдық орта мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған еді. Біз ол кісінің Ұлы Отан соғысына қатысқанын білсек те, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын білмедік. Өзі де ерлігі үшін алған орден-медальдарын тағып жүруді, соғыс тақырыбында әңгіме айтуды аса ұнатпайтын. Тек бірде қалың ойдың жетегінде отырып: «Ұрыс қызып жатқан кез еді. Өзеннің арғы бетінде неміс әскері бізге бас көтертпей оқ жаудырып жатты. Ал бізге шұғыл түрде жау дзотының көзін жоюға бұйрық берілді. Сөйтіп, өзенге 60-қа жуық жауынгер түстік. Солардың тек 13-і ғана өзеннің арғы бетіне өттік. Қалғаны өзеннен өте алмай опат болды, өзен суы ағызып әкетті. Сол өткен он үшіміз жаудың көзін жойдық» – дегені есімде. Меніңше, Үмбетқұл ағай Батыр атағына дәл осы ерлігі үшін де ұсынылса керек. Үмбетқұл Жиенбаев ағайым соғыстан елге оралғаннан соң Жамбыл педагогикалық училищесін, одан кейін Шымкент мұғалімдер институтының география-биология факультетін жұмыс істей жүріп сырттай оқып бітірген. Бұл кісі өзі сабақ берген пәндерге аса жетік, тәжірибесі мол ұстаз болды. Оқушылар мен олардың ата-аналары, ұстаздар тарапынан құрмет-қошеметке бөленіп жүретін. Өзіндік сабақ беру және бағалау жүйесі болатын. Ол кісінің мәртебелі мұғалім болғанын шәкірттеріне қарап та бағалауға болар. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Талас Омарбеков, «Егемен Қазақстан» газетінде журналист болған марқұм Әділ Дүйсенбеков, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры болған Күзембай Байбосынов, тарих ғылымдарының кандидаты Әбдірахым Әбдірасілов, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Рысты Керімбаева, республикалық соқыр-мылқаулар қоғамының президенті Тезекбай Исаев, Байзақ ауданы ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Тәуірбек Әшімов, облысқа танымал мықты мал дәрігері болған, марқұм Қылышбай Ахметов, Ақжар ауылына мешіт салып берген кәсіпкер Айдар Әбдікәрімов, жеке кәсіпкер Ұлдарбек Дербісәлиев бар. Ал Үмбетқұл ағайдың өзі де мықты ұстаздан білім алған. Ауылдағы ең алғашқы мектеп 1932 жылы ашылса, бұл кісі 1934 жылы бірінші сыныпқа барған. Түймекенттегі 7 жылдық мектепті тәмамдаған. Онда Әбдіжаппар Жылқышиев сабақ берген екен. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» деген рас. Өзі де ұстанымы мықты, білім-білігі мол мұғалім болды. Мен 1971 жылы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдап келіп, өзім оқыған мектепте ұстаздық қызметті бастадым. Сонда оқу ісі меңгерушісі және директорлық қызметте 32 жыл еңбек еттім. Кезінде өзімді оқытқан ұстаздарым Мұқаш Ахметов, Әбиірбек Шатабаев және Үмбетқұл Жиенбаев ағайлармен қатар жас ұрпаққа білім беру жолында бірге жұмыс істедім. Мектепке басшы болған жылдарымда мен бұл кісілердің алдында әркез шәкірттік сезімде болдым. Олардан үйренгенім көп болды. Абыроймен зейнет жасына шыққаннан соң Үмбетқұл ағай Шымкенттегі дәрігер қызы Зағираштың қолында тұрды. Көз жұмған соң денесі туған жер қойнына тапсырылды» делінген естелік жазбада. Жасы жиырмаға да толмаған бозбала шағында соғысқа аттанып, онда ерліктің айшықты үлгісін көрсеткен, елге аман келген соң адамдықтың ақ туын желбіретіп өткен Үмбетқұл Жиенбаевтың өнегелі өмір жолы жайлы шәкірті болған Айтмұханбет Тышқанбаев редакияда отырып та ұзақ әңгімеледі. Батырдың артында екі қыз қалғанын, үлкен қызы Гүлнар – Алматыда, екінші қызы Шымкентте тұратынын да жеткізді. Ал әке өмірінің соңғы жылдарында жанында болып, перзенттік парызын өтеген батырдың екінші қызы Зағираш апай Шымкентте дәрігер болып еңбек етеді екен. Жер шалғай болса да телефон арқылы қоңырау шалып, әкесі жайлы әдемі естелігімен бөлісіп, көптеген мағлұмат айтты. Қажет болса Таразға келуге даяр екенін жеткізді. Зағираш апайдың сөзінен ұққанымыз, батырдың екі қызынан тараған жиен немере-шөберелері де білім мен ғылымға ден қойған, енді бірі спортты жанына серік еткен елдің беткеұстар қыз-жігіттері болып өсіп келеді екен. Олардың алды «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келіп, елде қызмет етіп жатса, басқалары да түрлі саладағы білікті мамандар екен. «Әкеміз бен анамыз өмірінің соңғы жылдарына дейін ұстаздық етті. Сондықтан болар, біздерге де, немерелеріне де үнемі жақсы нәрсе үйретуден танбайтын. Олардың өмір жолы да, пайым-парасаты да біз үшін үнемі үлгі болып қала береді», – дейді Зағираш апай. Соғыс даласында ерлікпен шайқасқан, елге келген соң аянбай еңбек етіп, халық ағарту ісінде өзіндік зор үлесін қосқан азаматқа көзі тірісінде тиісті құрмет көрсетілмей, атағы берілмей қалуы, әрине, әр көңілге қынжылыс сезімін туғызады. Ер жүрек жауынгердің ерлік жолын елеусіз қалдырған сол кездегі әскери комиссариаттағылардың салдыр-салақтығы ма, әлде билік жүйесінің немқұрайдылығы ма?! Ол жағы белгісіз. Белгілісі, елі үшін ерен ерлік пен еңбек еткен адамның, көзі тірісінде Батыр деген атақтың Алтын жұлдызын қолына ұстап көріп, кеудесіне тағып, қуанышын халықпен бөлісе алмай кеткені. Енді осы қызықты артында қалған қыздары мен немере-шөберелері көрсе дейміз. Елі мен жері үшін сұм соғысты бастан кешкен, ұрпақ үшін ұлағатты ұстаз болған мұндай батыр бабалар есімі біздің де жадымызда, жүрегімізде!

 

Маржан РАҚАЙ

Байзақ ауданы.