- Advertisement -

Қарлығашым, келдің бе?!.

84

- Advertisement -

Өзі еліктің лағындай, ал даусы қуатты екен. Мойылдай қара көзі жан сырын бүркемелеп, әуеннің сазына елітіп, жұмбақ әлемге жетелей түсетіндей ме, қалай?! Адамның қос жанары – ішкі айнасы демеуші ме еді?! Ал онда бәрі керісінше. Жалт етіп қарағанда, жарқ еткен отты көресіз, арғы жағы… тұманды күндей.
Қарлығашты ән салып тұрғанда көріп пе едіңіз?! Бұл – сол сәт. Әсем үні жоғары нотаны еркін алып, әуезді ырғақтың бұралаңы көп иірім-қайырымынан жеңіл ойнақпен, «ырғып» өткенде, бұлдыр-буалдыр сағымға еніп кеткендей боласың. Шырқап тұрған әнінің тағдыр-талайын, қалай туғанына түсініп тұрғандай сырлы сазбен жаныңды баурап алады. Өзі кей жастар сияқты жеңіл әндерге әуес емес. Көңілі сөзі мәнді, әуезі жайлы, қоңыр әнді қолай көретін секілді.
Ауыл мектебінде оқып жүріп, талай конкурстарда топ жарып үлгерген жас әнші Қарлығаштың биік талғамына таңғалдым. Репертуар таңдаудағы, мықты туындыларды жанжүрегімен сезіне алатын сұңғылалығының сырын анасы Айман Сұлтанбергенова былай түсіндірді: «Қарлығаштың қабілетін 2-3 жасында байқадық. Балабақшадағы ертеңгіліктердің бірінде Марат Омаровтың «Қайда жан гүлім» деген әнін шырқап беріпті. Үйде ешкім үйреткен жоқ, теледидардан, радиодан естіп жүріп, құлағына құйып алса керек. Бала тегіне тартпай тұрмайды екен ғой. Менің атам да, әкем де өнерден құралақан емес еді. Борай атамыз суырып салма ақын болыпты. Әкем домбыра шертіп, ән салатын. Соны көріп өскеннен кейін шығар, мектепте оқып жүргенімде-ақ домбыра класына жазылып, өнер жолын таңдадым. Қазір Құлан мектеп-гимназиясында музыка пәнінен сабақ беремін. Ал М.Төлебаев атындағы музыка мектебінде балаларға домбыра үйретемін. Қарлығаш арнайы вокалдан дәріс алған жоқ. Шәкірттеріме үйреткен дәрістерімді көкейіне тоқи беріпті».
2010 жылы «Тараз жұлдыздары» облыстық ән-байқауында 2-орынды иеленіп, «Жұлдыздар әлемі» фестивалінің дипломанты атанған Қарлығаш Ерболқызының бүгінде дауыс ырғағы қалыптасқан. Ешкімге еліктемей өзіндік ән орындау мәнерін тапқан. 2015 жылы «Балауса жұлдыздар» республикалық өнер байқауында 1-орынды жеңіп алып, 2016 жылы «Тaraz misic start» конкурсында 2-орынды еншілеген кезінде өз арнасын нақты таппағандай күйде жүрген-ді. Содан кейінгі үш жылда қатысқан республика көлемінде және халықаралық деңгейде өткен өнер бәсекелерінде бағыт-бағдарын айқындай түскен еді. Биыл «Көңілім әнді ұғады» атты Абай әндеріне арналған конкурстың өңірлік кезеңінде жеңіске жетсе, «Жаңарған Жамбылым» атты эстрада әншілері арасындағы байқауда үздік үштіктің қатарынан көрініпті.
– Ән айтқанды ұнатамын. Әуезді ырғақты естігенде басқа әлемге еніп кеткендей күй кешемін. Бірақ мектеп бітірген соң, басқа мамандықты таңдайтын шығармын. Анам солай еткенің дұрыс дейді. Бәлкім бұл дұрыс та шығар. Қазір заман тез құбылады. Болашақта әнші деген мамандық та болмауы мүмкін. Әйтсе де әнге деген, өнерге деген құштарлықты жүрегімде сақтаймын, – дейді Қарлығаш.

 

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Құлан ауылы,
Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support