- Advertisement -

Баршаға мейірімімен дем берген

59

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Гүлдара Алданышқызы – ешқашан өзектілігін жоймаған бұл міндетті жүзеге асыруға мықтап кіріскен нағыз білікті маман. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға да өзіндік үлесін қосып жүр.

Бір мен ғана емес, барша жұрт оның іскерлігіне сырттай тәнті болып жүреді. Қашан көрсең де қарбалас қым-қуыт тірлікпен бір жаққа асығып бара жатқаны, әлде бір үлкен істің мәселесін тиісті сала басшыларымен талқылап тұрғаны. Сөйтіп жүріп, үлкенге де, кішіге де бірдей амандасып, айтарың бар екенін аңғартсаң, уақытын бөліп, кішілігін көрсетеді. Оның биыл біздің ауданда «Меркі – Мейірім» шипажайын ашқанын естігенмін, жақында іскер әйел, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымовамен аз-кем сыр ақтарып, қоғам, өмір, ел жайлы әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Былтыр қатты сырқаттанып, Тараздағы «Мейірім» сауықтыру орталығында емделіп жатқанымда: «Апай, иіні түскен – ауырады, үміті өктем – сауығады. Өрмекшінің торындай шым-шытырық ойдың шырауына оралғанша, қайрат-жігердің, күштіліктің Головкині болсаңыз бар қиындықты жеңесіз!» – дегеніңіз ойымнан кетер емес. Сізге дәрігер бол деп кім кеңес берді?
– Әкем Алданыш – экономика ғылымының докторы, шешем Жаңабике де – экономист. Отбасымызда 3 қыз, 1 ұл бар. Менен басқасының бәрі ата-анамның жолын қуып, экономист болды. Жас кезімде анам жиі ауырып, жедел-жәрдемді жиі шақыртатынбыз. Көбіне ауруханада жатып емделетін. Осы жайт жаныма қатты бататын, содан 5-6-класта оқып жүргенімде ғой: «Анашым, өскенде дәрігер боламын, сізді сырқатыңыздан айықтырам», – деп айтқаным. Сонда анамның: «Арманыңа жет, ботам!» дегені оның ақ батасын бергендей әсер етті. Тараздағы №24 орта мектепті бітірген соң Қарағандыдағы мединститутқа түсіп, диплом алып,1988 жылы Тараздағы қалалық ауруханада 5 жыл, Темір жол ауруханасында 6 жыл жұмыс істеп, мол тәжірибе жинадым. 1999 жылы Тараздағы «Мейірім» сауықтыру орталығы ашылғалы бері сонда қызмет атқарып келемін.
– 2007 жылы қалалық мәслихаттың, 2012 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты екеніңізді көпшілік біледі. Әрі облыстағы іскер әйелдер қауымдастығын басқарасыз. Былтыр Жамбыл ауданында бастауыш мектеп ашып, ал биыл меркіліктерді қуанттыңыз. Қытай республикасында туып-өскен, сонда медуниверситет бітірген Қамбар Мақсатұлымен екі жылға келісімшарт жасасып, «Меркі-Мейірім» шипажайының жұмысын жандандырып отырсыз. Отбасының да ұйытқысы болып, осындай қым-қуыт жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Екі ұлдың анасы, Қайраттай азаматтың асыл жары, үлкен әулеттің жанашыры, халық қамқоршысы екеніңізді білеміз. Осыншама күш-қайратты қайдан аласыз?!..
– Жұмысың алға бассын десең, тәуекелшілдік, талап керек. Сондай-ақ көлденең кісінің көзінің сұғы мен суық сөзі емес, өзіңіздей абзал жандардың қошеметшіл пейілі де ауадай қажет. Жалқының тәуекелі мен жалпының ынтымағы жарасқанда ғана көштің түзелетінін байқадым. Адам боламын, ісім ілгері бассын деген жан ешуақытта кеуде керіп, бәлсінбеу керек. Мен халықтың көңілінен шықсам ғана жұлдызымның жанатынын, мимырт даму көсегемді көгертпейтінін, жедел даму жоқ жерде кемел іс атқара алмайтынын сездім. Көкірегі ояу, жаңашылдыққа жаны құмар жандарға ұқсауға тырысамын. Мысалы, «Парасат» және екінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақстан мен Қырғыз Республикасында кардиохирургияны дамытуға зор үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Сейітхан Жошыбаевтың еңбек жолын өзіме тағылым тұтам. ХV ғасырда өмір сүрген Жиренше шешеннің жолдасы, шипагер, ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жайлы аңыздар да асқақ мұратқа жетелейді мені.
– Сіздің жастық шағыңыз да, қызмет бабыңыз да Таразбен тығыз байланысты. Биыл 80 жылдығын атап өткелі отырған облыста жарты ғасырға жуық ғұмыр кешіп келесіз. Қаланың кешегісі мен бүгіні жайлы айта отырсаңыз…
– 1939 жылы 14 қазанда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен құрылған облыстың орталығы Тараз шежіресі жайлы Әбіш Кекілбаевтың «Талайғы Тараз» тарихи баянында Шөже хан 500 адамға күні-түні жұмысқа салып, екі жылда қала тұрғызғаны, сондай-ақ қала сырты зәулім мұнаралармен қоршалғаны, бұл қаланы салуға римдік инженерлер қатысқаны егжей-тегжейлі суреттеледі. Тәуелсіздік жылдарында Таразда екі үлкен той өтті. Бірі – XX ғасырдан астам тарихы бар Тараздың 2000 жылдығы болса, екіншісі – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Бұл жай той емес, тағылымды той еді. Шаһардың кескін-келбетінің айшықтала түскені де содан. Ал былтыр облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің 80 жылдығын лайықты деңгейде атап өту үшін үлкен іс-шараларды қолға алды. Асқар Исабекұлының бастамасымен Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы жаңғырып, «Ерлік» мемориалдық кешенінің бой көтергені, көрнекті жерге Жамбыл бабамыздың ескерткіші орнатылуы, Әз-Наурыз мерекесінде ашылған «Жастар аллеясы», Темір жол бекетіндегі «Көне Тараз» стеласы, аққу жүзген «Үшбұлақ» айдын көлі, шаттық гауһарын шашыратқан сәулетті су бұрқақтар, күмбезін күн сүйген Тәж-Махалдай жұртты таңырқатып, Таразды таңғажайып қалаға айналдыруда. Қазір «Шахристан» этномәдени орталығының құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осының бәрі өңір басшысының аз уақыттың ішінде қыруар жұмыстар атқарғанын көрсетеді. Басшыға қарап, іскер болуға ұмтылғанға не жетсін?!
– Меккеге барып келгеніңізді естідім, қасиетті ұлы Қағбаға зиярат еткенде, егер құпия болмаса, қандай тілек тіледіңіз?!
– Алла тағалаға ғибадат ететін қасиетті Қағбаны хазірет Ибрахим ғалейһіссәлам мен ұлы Исмағыл ғалейһіссәлам салған екен. «Мекке» – «игілікті» деген сөз, әрі «Жердегі Жұмақ» деп аталады, өйткені мұнда оқылған дұға басқа орындарда оқылған жүз мың дұғаға парапар саналады. Сол үшін біріншіден қазақ халқына, Жамбыл жұртына, әке-шешем мен отбасыма, бауырларыма амандық, имандылық, мейірім, ынтымақ тіледім. Екіншіден, Отаным мен халқыма адал қызмет ету үшін Жаратқан өзің жар бол деп сұрадым.
– Ниетің қабыл болсын! Ел сенімін ақтап, халқыңа қалтқысыз қызмет ете бер, қалқам!..

Сұхбаттасқан Шырын Мамасерікова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support