- Advertisement -

Шай құю әдебін білесіз бе?

1 344

- Advertisement -

Халқымызда дастархан басындағы қонақтарға шай құюдың ғана емес, тіпті шыны алып берудің де өзіндік әдебі мен жөн-жосығы бар. Келген қонақ дастархан басына жайғасып, шай құйылған кезде ол барлық адамға жеткізіліп болғанша сабыр сақтау керек. Үй иесі «қане, шай алыңыздар» деп ықылас жасалған соң ғана ас-тағамға қол созуға болады. Одан бұрын сумаңдап дастарханға қол созу – әдепсіздік, үй иесін көзге ілмегендік, өзгелерді құрметтемегендік. Шай құйған қыз-келіншектер мен шыны алып берген жігіттердің әрбір әрекеті мен әдебіне қарап әулеттің, тіпті ауылдың тәрбиелілігі мен тектілігі сыналған.
Жас келін «шынашақ шиырып» кесеге шай құйып, ізетпен ұсынады. Шайдың қоюлығы, қаймақ қатқан түсі әркімнің қалауынша құйылады. Ізет бойынша келін шай құйған кесені оң қолымен ұсынады, ал сол қол кесе ұстаған оң қолдың шынтақтан төмендеу тұсында тұруға тиіс. Көзін төрдегілерге тіке қадамай төмен қарап шыны алып берушіге, ал шыны алып беруші құрмет ретінде қос қолымен иіле отырып қонақтарға шай ұсынады. Өзгелердің шынысын ауыстырып беру де – әдепсіздік пен құрметсіздік. Әдеп бойынша, алдымен жасы, жолы үлкен құрметті қонаққа шайкесе ұсынылады. Шай құюшы суып қалмауын назарда ұстауы тиіс.
Қазақы ортада шайға шақырудың келіншай, абысыншай, көңілшай, шүкіршай, сарқытшай деп аталатын түрлері қазіргі кезде ұмыт бола бастаған. Дастарқан басына жиналғандар әдетте шай ішуден гөрі оның ұсынылуына назар аударады. Шайдың қызылы үзілмеуі үшін келін оны дәл уақытында әлсін-әлсін демдеп отыруы керек. Бастысы кесені шатастырып алмауы қажет. Тәртіп бойынша келін дастарқан шетінде бір қырын отырады, сөзге араласпайды, тек сұраса ғана жауап береді.
Жиналғандар ішінде сыйлы, беделді әйел сөз бастап, әңгімеге бағыт беріп отырады. Әңгіме арқауы – негізінен келін тәрбиесіне қатысты. Өнеге, сабақ алсын деп алғашқы түскен кезіндегі жайттарды еске түсіріп, ұялған кездерін немесе өз келіндерінің кейбір жаңылшақ сәттерін айта отырады.
Шай беру рәсімі аяқталар сәтте жас келінге «көп жаса, қарағым, көсегең көгеріп, көрпең ұлғайсын, дастарқаның берекелі болсын, етегіңді бала бассын» дегендей игі тілектер айтылады. «Келіннің шайы пәмілшай болды, келіннің шайы көңілашар шай болды, келіннің аяғынан» деген мазмұнда ризалықтарын білдіріп, келіншайға баға беріседі. Ата-енесі мен күйеуіне келіннің қандай жерден шыққанын айта отырып, «бақтарың бар екен, текті екен» немесе «тәрбиелеу керек» деген секілді ескертулер жасайды. Онда да үлкендер келіннің бетіне тіке қарап ұялтпай, өзара әңгімелесе отырып сынайды.
Келіннің жақын абысындарының бірі дастарқан мәзірінен келген қонақтардың әрқайсысына мынау үлкен енеме, мынаны немереңізге, сіз де келінді болыңыз, мынау пәленшенің апасына, мынау жеңешеме, мынау әпкеме деп жеке-жеке атап түйіншектер береді.
Бір шай құюдың өзінде осыншама әдеп сақталып, тәлім-тәрбие беретін дәстүрлеріміз жастар арасында қайта жаңғырса дейсің, шіркін.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support