Саясат

Білім сапасы – басты назарда

Білім сапасы – басты назарда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов тоғыз айдың қорытындысы бойынша салалық басқармалардың есебін тыңдауды бастады Қай істе болсын, сапаны арттыру үшін бағалау-бақылау жүйесін жетілдіру қажет. Міне, сонда барынша шынайылыққа көз жеткізіп, нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік туады. Облыстық білім басқармасының тоғыз айда атқарған жұмыстарының қорытындысымен танысқан өңір басшысы Асқар Мырзахметов осыны баса айтты. Жиында басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова өткен үш тоқсанда атқарылған жұмыстарға тоқталып, қол жеткізген жетістіктерді баяндады. Жалпы өткен оқу жылы облысымыз үшін нәтижелі болғаны белгілі. Өңірдегі 8813 мектеп бітірушінің 317-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, ал 242-сі «Үздік» аттестатқа ие болуы, ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 1,3 балға өскені – соның бір көрінісі. Ең басты жетістік – биылғы түлектердің 75,5 пайызының жоғары оқу орындарына түскені. Күні ертең осынша жас тиісті мамандық алып, білім-біліктілігіне сай жұмысқа орналасып жатса, осыдан артық табыс жоқ. Бұдан басқа да білім беру ісінде қолға алған көптеген жүйелі жұмыстар нәтижесіз емес. Мәселен, басқарма басшысының айтуынша, есепті мерзімде республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында облыс оқушылары 132 медаль олжалаған. Сондай-ақ 10 мектеп түрлі пәндер бойынша республикадағы «100 үздік мектеп» қатарына енген. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің бірі. Бұның барлығы – педагогтердің еңбегінің жемісі. Өңірде жаңашыл, білікті ұстаздар көп. Биыл 1232 маманның республикалық, халықаралық байқаулар мен қашықтық олимпиадаларында озық шыққаны – соның дәлелі. Оған жуырда ғана «Үздік педагог – 2019» республикалық конкурсының жеңімпазы атанған 4 мұғалімді қосуға болады. Басқосуда жемісті жұмыстардан бөлек саладағы өзекті мәселер де қаралды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы меморандум, облыс әкімі мен аудандар және Тараз қаласы әкімдері арасындағы келісімдердегі межелі көрсеткіштер орындалды ма? «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылуда? Осы сауалдарға нақты жауап іздегенде тиісті көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған бірқатар аудандардың жұмыстары сынға алынды. Жалпы нәтиже қалыпты деңгейде десек те, жүктелген міндетті орындамағандар жауаптан сытылып кете алмады. Көрсеткіштерге қол жеткізуде білім сапасы назардан тыс қалмауы керек. «Ол үшін бақылау, бағалау жүйесін жетілдіре түсу аса маңызды», – деді Асқар Исабекұлы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты алға ілгерілету қажет. Сондай-ақ өңір басшысы облыс мектептерінің рейтингілерін құрудағы талаптарды күшейте отырып, төмен көрсеткіштерді көтеру бойынша жоспарлы шаралар барысын да қалыптастыруды тапсырды. Есепті жиында мектеп инспекторларының жұмыс жүйесі, оқушылардың тиісті санаттарын тегін ыстық тамақпен, киім-кешек және тасымалмен қамтудағы қоғамдық бақылау шаралары сараланып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың көрсеткіштері сөз болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.