Экономика

КӨКТӨБЕЛІКТЕР КӨЛ-КӨСІР ТАБЫСҚА КЕНЕЛМЕК

КӨКТӨБЕЛІКТЕР КӨЛ-КӨСІР ТАБЫСҚА КЕНЕЛМЕК

Кейінгі жылдары Әулиеата өңірінде ауқымды істер көптеп қолға алынып, ел иігіліне бағытталған бірқатар жобалар жолға қойыла бастады. Оны облыс орталығында атқарылып жатқан тыңғылықты тірліктен де аңғаруға болады. Енді, міне, қаламен қатар шалғайдағы елді мекендерге де мейлінше көңіл бөлініп, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға арналған кешенді шаралар жүзеге асуда. Жуырда ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметов Үкімет отырысында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасын қорғаған болатын. Бұрын-соңды басқа облыстардың тәжірибесінде қолданылып көрмеген тың жоба билік басындағылардың қолдауына ие болып, Әулиеата өңірінде пилоттық жоба ретінде іске асатын болды. Өңіріміздегі қанатқақты жоба сәтті жүзеге асып, өз жемісін берер болса, Үкімет оны өзге өңірлерге де енгізбек ниетте екен. Ал әл-әзірге жамбылдықтардың жолы болып тұр деуге болады. Сонымен қатар қанатқақты жобаға әр ауданнан бір ауылдық округ кіретін болса, Шу ауданы бойынша мен басқарып отырған Көктөбе ауылы енді. Шынын айту керек, алғашында ауыл тұрғындары бұл жаңалықты естігенде абдырап қалғаны рас. Бұл қайдан келген «батпан құйрық» деп ойлаған да қойған. Әуелгіде бұл жобаны сан-саққа жүгіртіп, күдікті уәж айтқандар да табылды. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының басын қосып, аталмыш істің мән-жайын түсіндірдік, жан-жақты сараладық. Кейіннен аудан әкімі Жарылқасын Айтақов та ауылға арнайы келіп, ауылдықтардың жобаға қатысты сұрақтарына жауап берді. Одан кейін аталмыш жобаға аңсары ауғандардың қатары бірден артып, әкімдікке ағыла бастады. Біздің мамандар ауыл азаматтарымен жеке-жеке жұмыс істеп, түсіндіру жұмыстарын да өз деңгейінде жүргізді. Бағдарламаның түпкі мақсатын түсінгендер жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Өйткені бір істің басын бастауға бастапқы қаржысын таба алмай жүрген тұрғындарға бұл тамаша көмек болғалы тұр. Жалпы, Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында 493 аула болса, халық саны 2889 адамды құрайды. Бүгінгі таңда пилоттық жоба аясында 625 миллион 495 мың теңге қаржыға сұраныс беріліп отыр. Негізінен тұрғындар бес бағыттан тұратын жобаның барлық бағыты бойынша өз ұсыныстарын білдіруде. Мәселен, ұлғайған жерді тиімді пайдалануға 21 миллион 581 мың мың теңгеге, мал шаруашылығын тиімді пайдалануға 358 миллион 500 мың теңгеге, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалануға 45 миллион 164 мың теңгеге және кооперативтерді жабдықтауға 138 миллион 750 мың теңгеге, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыруға 61 миллион 500 мың теңгеге сұраныс берілді. Алғашқы бағыт бойынша ауылдағы климаттық жағдайға байланысты дақылдар 45-60 күнде өнім беретіні және жылына екі мәрте өнім алу үшін наурыз айында дақылдардың алдын ала көшетін дайындау қажеттілігі де ескерілді. Жобаның екінші бағытына келер болсақ, ауылдағы 314 аулада ғана мал бар. Соған сәйкес, сатып алынатын мал саны 3950 басты құрап отыр. Оның ішінде 97 аула 458 бас сауын сиыр, 13 аула 195 бас мүйізді ірі қара, 21 аула 1050 бас қой, 19 аула 190 бас жылқы, 1 отбасы 1000 дана құс, 1 отбасы 1000 дана күркетауық, 6 аула 30 бас сауынды бие алмақ. Ал тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалануға тоқталсақ, Көктөбеде ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жұмыс істейтін «Омар-Шу» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның иелігінде 403 гектар егістік, 603 гектар тәлімді және 10896 гектар жайылымды жер бар. Аталған жерлерді тиімді игеру үшін тұқымға 17 миллион 169 мың теңге, тыңайтқышқа 21 миллион 303 мың теңге, пестицидке 6 миллион 691 мың теңге қажет. Келесі бағыт – кооперативтерді жабдықтау немесе құру бойынша 138 миллион 750 мың теңгеге өтінім берілді. Бұл қаржыға 27 техника мен жабдықтар алынатын болады. Ең соңғы бағыт – тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыруға 61 миллион 500 мың теңге қарастырылып отыр. Атап айтсақ, 33 миллион теңгеге 4 отбасы кәсіп ашамыз десе, 1 отбасы наубайхана ашпақ. Сонымен бірге 1 отбасы кондитерлік цех ашуды көздесе, екі бірдей отбасы балық өндіруді қолға алмақ. Ауыл шаруашылығы саласынан бөлек, бұл округтен шаштараз, ұстахана сынды 9 жоба ұсынылып отыр. Тұтастай алғанда округ бойынша 172 жоба ұсынылды.

Найла ҚОНДЫБАЕВА, Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі.

Шу ауданы.