Экономика

Ауыл азамат тары бұл мүмкіндікті мүлт жібермейді

Ауыл азамат тары бұл мүмкіндікті мүлт жібермейді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жуырда ғана Кеңес ауылына арнайы келіп, тұрғындармен кездескен болатын. Ондағы мақсат – ауылдықтарға «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасын жан-жақты түсіндіріп, сұрақтарына жауап беру. Шынын айту керек, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан біздің аудан үшін бұл тың жаңалық болды. Ал енді тыңнан түрен салған қанатқақты жоба ауылдық жердегі ағайындардың арасында серпіліс туындатуда. Оның үстіне, бұл жобаға Мойынқұм ауданынан Кеңес ауылдық округінің пилоттық округ болып енуі тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Міне, осы пилоттық жоба Үкімет отырысында мақұлдана салысымен, біз ауыл азаматтарына жеке-жеке жолығып, олардың өтініш-тілектерін сараладық. Жоба бойынша нартәуекел етіп тырбанып, тіршілік ету керектігін түсіндірдік. Құжат жинауға, оны өткізуге қолұшын бердік. Осылайша, тұрғындар жұдырықтай жұмылып, игі бастамадан шет қалмауға, мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысуда. Жалпы, округ бойынша 363 аула бар. Халқының саны екі мыңнан асады. Тұрғындар бұл жобаның барлық бес бағыты бойынша да белсенділік танытып отыр. Мәселен, алғашқы бағыт бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға барлығы 6 миллион 645 мың теңге қажет. Оның ішінде тұқымға 6 миллион теңге жұмсалса, тыңайтқышқа – 270 мың, пестицидке 375 мың теңге жұмсалмақ. Екінші бағытқа келер болсам, ауылдағы 363 ауланың 177-сінде ғана мал бар. 28 отбасы үйлерін кепілдікке қойып, мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алған. Ал, қалған ауланың иелері жалпы саны 193 миллион теңгеге 1395 бас мал алуға ниетті. Дәлірек айтар болсам, 175 мүйізді ірі қара, 242 сауын сиыры, 250 бас қой, 128 бас жылқы және 300 бас қаз алуды көздеп отыр. Жоғарыда аталған жоба аясында аулымызда «Айдарлы Агро-2019» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Ол асыраушы саланың барлық бағыты бойынша жұмыс істейтін болады. Тұрғындардың басын қосып, ауыл тұрғыны Мейірхан Шалқарбековті кооператив басшысы ретінде сайладық. Осы кооператив арқылы ауыл сыртындағы 20 гектар арпа, 10 гектар көпжылдық шөп пен 40 гектар жүгеріні игеруді көздеп отырмыз. Осы жұмыстарды толық атқарып шығу үшін 4 миллион 400 мың теңгеге сұраныс беріліп отыр. Сонымен қатар кооперативтерді жабдықтау бағыты бойынша 102 миллион 957 мың теңгеге 5 техника сатып алынбақ. Өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге байланысты 3 жобаға ұсыныс берілді. Оның екеуі дүкен ашуға ниетті азаматтар болса, бір тұрғын наубайханаға қажетті құрылғы алу үшін несиеге сұраныс берді. Жалпы, жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындар 318 жоба ұсынып, тиімді несиеге қол жеткізбек. Бір қуанарлығы, ауылдықтар бұл жобаның маңыздылығын бірден түсініп, мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысып бақты. Өңір басшысы Асқар Исабекұлының өзі ауылға келіп, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруі кеңестіктердің бойына сенім ұялатты. Ендіге меже – ұсыныстар мақұлданса, тиянақты әрі нәтижелі жұмыс істеу. Ең бастысы, жоба арқылы ауылдағы ағайынның бойындағы жігер оты лаулап, өз қолдарынан келетін кәсіппен айналысуға бет бұрды. Бұл, әсіресе ауылдық жердің алпыс екі тамырына қан жүгіртер жақсы бастама болды.

Әділет МҰҚАШЕВ, Кеңес ауылдық округінің әкімі.

Мойынқұм ауданы.