ӨНЕРДІҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ
ӨНЕРДІҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ ПЕН ЫДЫРЫС НОҒАЙБАЕВ АҒАЙЫНДЫ МА?
Қордай аудандық шикізат дайындау мекемесінің директоры қызметінде жүргенімде, 1984 жылдың мамыр айының жаймашуақ күндерінің бірінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Берден Байқошқаров ағамыз өзіне шақырды. Бардым. Аман-саулық сұрасқан соң:– Нұрғиса Тілендиев ағаң өзінің жаңадан құрған «Отырар сазы» оркестрімен қасында қырықтан астам адамдары бар, ертең біздің ауданға келіп концерт қоймақшы. Қазақтың аса дарынды біртуар ұлы, елге белгілі композиторға өз деңгейінде құрмет көрсетіп күтіп алуымыз керек. Сен дастархан дайында. Керекті орындық, ыдыс-аяқтарын дайындауды «Райводхоздың» басшысына тапсырамын. Нұрғиса ағамен бірге болып, табиғаттың аясына барып, ғибратты әңгімелерін естіп қайтайық, – деген ұсыныс жасады. Аты аңызға айналған Нұрғисамен бір дастархан басында отырып шай ішіп, әңгімелесу қандай ғанибет! Хатшының ұсынысын қуана қарсы алдым. Қордай ауданын республика көлемінде алдыңғы қатарға шығарған, ауданның экономикасын, халықтың хал-ахуалын жақсартуға аянбай еңбек етіп, үлкен үлесін қосқан Берденді білмейтін адам кемде-кем шығар. Ауданның проблемаларын бес саусақтай білетін, өз ісінің маманы, білгір басшы ағамыз әрбір атқарылатын іске мұқият көңіл бөлетін. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын. Қарамағындағы қызметкерлерге қатал талап қойып, өзі тынымсыз, демалмай жүріп еңбек ететін. Қордайдың ойы-қыры былай тұрсын, әрбір тау-тасына дейін зейін қойып, зерделеп жүретін ол кісінің қай уақытта демалып үлгеретінін көп адам біле бермейтін. Аудан шаруашылықтарын күн-түн демей аралап жүретін. Бекеңді жұмыс уақытының өзінде орнынан табу қиынға соғатын. Берден ағамыз жұмыс барысында қарамағындағы басшыларға дұрыс бағыт-бағдар беруге бағытталған, жайшылықта кейбір көзге көріне бермейтін елеусіз тәсілдерін ол кісінің өз әңгімесінен байқайтын едім. Б.Байқошқаровтың ауданға жаңадан басшы болып келген кезі. Аудандағы ірі шаруашылықтың бірін басқарып отырған Еңбек Ері атағы бар, түкірігі жерге түспей тұрған бір басшы жаңа келген хатшының тапсырмасын жүре тыңдап, ұжымшардың шаруашылық жұмыстарын төмендетіп жібереді. Бір күні түннің ортасына дейін аралап, әлгі басшы басқарып отырған шаруашылықтың осал тұстарын көріп-білген соң, оны таңертеңгі 6:30-ға ауданға шақырып кетеді. Ауданға келген бетте түн ортасы ауып кеткеніне қарамастан аупарткомның бюро мүшелерін ұйқысынан оятып, таң атпастан жиын өткізіп басшының мәселесін қарайды. Жиында басшының жіберген кемшілігін бетіне басып, жұмысын аяусыз сынға алып, өзіне соңғы ескерту жасайды. Жиыннан кейін кабинеттен шыққан хатшы әлгі «герой» басшының бас киімі мен сырт киімінің ұмыт қалып кеткенін байқап, күледі. Бірақ содан кейін әлгі менмен басшы тобасына түсіп, беті бері қарап, жұмысын дұрыс жолға қояды. Бұл жағдайды еске алып отырғаным Нұрғиса Тілендиевтің Қордайға келуі, елде аласапыран туғызған Одақтың Бас хатшысы Ю.Андроповтың қайтыс болып, басшылардың аздап тынысы кеңіп, кеңірек жүріп-тұруға, оның ішінде өнер иелеріне құрмет көрсетуге бет алған кезі болатын. Қордайдың суы мол, ауасы таза, табиғаты сұлу жерлері көп. Қонақтарды шаршатып алмау үшін ауылға жақын жерде күту жоспарланды. Оның үстіне сол күні кешке аудандық Мәдениет үйінде «Отырар сазының» концерті белгіленген. Сол уақытқа дейін үлгеруіміз керек. Демалыс орнына ел арасында «Чумыш» деп аталып кеткен жерді таңдадық. «Чумыш» – Шу өзенінің тарамдалып әртүрлі сағаларға бөлініп ағатын тұсында айналасы тал-теректермен көмкерілген, демалысқа таптырмайтын алаңқай. Дайындыққа кірісіп кеттік. Мал сойылды. Сол кездегі Фрунзе (Бішкек) қаласының көк базарына адам жіберіп, дастарханға керекті көкөніс, азық-түлік, жемістер алдырттық. Дастархан дайындауға жауапты адамдар тағайындап, аспаздармен қосып, «Чумышқа» жібердім. Өзім қонақтарды қарсы алу үшін Қордайда қалып, Нұрекеңдер жақтан хабар күтіп отырдым. Түс ауа аудандық партия комитетінен хабарласып, «Нұрғиса ағамызды шулықтар жібермей, Қордаймен шекарада күтіп жатыр екен. Кешігіп келетін көрінеді. Сіздердің дастархандарыңызға үлгермейтін түрі бар. Адамдарыңызды кері қайтарыңыз» деген хабар келді. Екі күн бойы алашапқын дайындықпен жүгіргеніміз еш кеткелі тұрғанына реніш болса да, амал жоқ адамдарды кері қайтаруға тура келді. Әсіресе «Райводхоздың» басшысының реніші үлкен. Қаншама ыдыс-аяқ, орындықтар дайындаған еңбегі босқа кетті. Бірінші хатшы Берден Байқошқаровқа қайта баруға тура келді. «Мынау елу шақты адамға арнайы дайындалған дастархан ысырап болмасын, тым болмаса Нұрекеңді концерттен кейін үйге шақырып, дәм татқызып, сыйлап жіберейік» деген ұсынысымды айттым. Бекең келісті. «Нұрекеңді өзім бастап үйіңе алып барам. Дайындығыңды жасай бер», – деді. Аспазды үйге алдырып, дастархан жасай беріңдер деп тапсырма беріп, өзіміз отбасымызбен концертке бардық. Концерт екі сағаттан астам уақытқа созылды. Нұрғисаның дауылпаз-күйлеріне тәнті болдық. Дерижер таяқшасын қолына алып, күй құдіретіне бірге беріле кетуі таңғалдырды. Халық сүйсіне тыңдайтын «Аққу», «Ата толғауы» күйлері мен «Құстар қайтқанда», «Саржайлау» әндері жанымызды тұшынтты. Үйге жетіп дастарханға отырған уақытта сағат түнгі 23-ті көрсетті. Үйге Нұрғиса Тілендиев, Берден аға, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тоқаев деген азамат келді. Аудан басшыларынан сол ғана болды. Дастархан жайылған соң, Нұрекең сағатына бір қарап алып, «Тура бір сағаттан кейін кетемін» деп ескертіп қойды. «Жәй айтқаны болар. Оған дейін шәй ішіп те үлгермеспіз. Артынан қазақтың үлкен асы – ет бар», – деп еркін отырмын. Дайындалған кәуәп, манты тағамдары біріннен кейін бірі дастарханға әкелініп жатыр. Нұрекеңнің асқа тәбеті жоқ. Денсаулығының нашарлауына байланысты ішімдікке де «мораторий» жариялап, саламатты өмірге бет бұрған кезі екен. Кәуаптан ауыз тиіп, шай ішіп отырды. Әңгімеге көп араласпады. Сөйлеп отырған Берден ағамыз. Бекең әңгіме қозғап өзінің Талас ауданы, «Кеңес» кеңшарының директоры кезінде сол шаруашылықтың «Қызылжар», «Қызыларық» бөлімшелеріне қарасты «Жыңғылды ой» көліне қалай дамбы жасағанын, тұрғындардың шаруасын жүргізуге оңтайлы жағдай туғызғанын айтып отыр. Арасында «Сен мына ағаңа соны айтсаңшы», – деп мені де әңгімеге тартып қояды. Шай ішіліп болғанша сағат тілі 24:00-ді көрсетті. Нұрғиса ағамыз орнынан тұрып кетуге ыңғайлана бастады. «Қазақтың үлкен дәмі – ет бар, сәл шыдаңызшы» – деп Берден ағам шыр-пыр боп жүр. Оны тыңдайтын Нұрекең жоқ. «Мен сендерге қанша уақытта кететінімді айттым ғой, кетемін» – деп орнынан тұрды. Нұрекеңнің айтқан бетінен қайтпайтыны түсінікті болды. Жамбыл Жабаевтың екі, Абай Құнанбаевтың бір кітабын қыздарыма қолтаңба алып қалайық деп дайындап қойғанбыз. Бастан ауыз тигізу үшін уақыт созу керек болып, сол кітаптарды әкеліп ұсындым. Нұрғиса аға сол кітаптарға қолтаңбасын жазып бергенше бас келді. Бастан ауыз тиді де, рахметін айтып, қош айтысып, кете барды. Бірбеткей мінезді мойындамасқа амал қалмады. Ертеңіне Нұрғиса ағамыздың көмекшісі телефон шалып, «Кеше бізге арнап мал сойылған екен. Уақыттың тапшылығынан кеңінен отырып сол малдың басын мүжуге мүмкіндік болмады. Нұрекең аздап сырқаттанып жүр. Ертерек Алматыға қайтуы керек болғаны содан. Фрунзе қаласына Қазақ академиялық драма театрының бір топ әртістері, оның ішінде Нұрекеңнің бауыры Ыдырыс Ноғайбаев бар, гастрольдік сапарда жүр. Сойылған қойдың етін соған жіберіңіз», – деді. Дастарханға деп алынған қонақ кәдеге бір қойдың етін қосып, сол күні Фрунзеге жібердім. Бекеңнің үйіндегі қас-қағым сәтте Нұрекеңнің өзінің аузынан естігенім, Ноғайбай мен Атабай бір атаның балалары. Ноғайбайдан Ыдырыс, Атабайдан Нұрғиса тарайды. Екеуі немере ағайынды адамдар болып келеді екен. Жалпы, айтқанда Тілендиевтер бастарына бақ қонған, бойларына өнер дарыған, өнердің биігіне шығып бүкіл қазақтың мақтанышына айналған әулет. Міне, менің атағы алты алашқа тараған Нұрғисамен танысуым осылай аяқталды. Содан кейін қайтып ол кісімен кездескен емеспін. Нұрекеңнің өзі қолтаңба қойған үш кітаптың бетін ашсам, осы жүздесу есіме түсе береді.
Өмірбай САБЫРОВ.
Тараз қаласы.
Р.S. Өнер жұлдыздарының өмірінде көпшілік біле бермейтін сырлар көп. Сондықтан автордың хатын жарияламас бұрын ізденіп көрдік. Сөйтсек, бұл туралы белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбаев «Кейде Нұр аға ұйқыдан ояна салысымен: «Анам түсіме енді. Әй, Дариға, жеті шелпек пісір» – деп анасының қабірі басына барып, әруағына тағзым етеді екен ғой. Сөйтіп «Дәметкен әруақтарға, аталарым Жабайдың (Жамбылдың әкесі), Ноғайбайдың (Ыдырыс Ноғайбаевтың әкесі), әкем Атабайдың (Атабай, Жабай, Ноғайбай ағайынды кісілер екен), анам Салиханың әруақтарына арнадым» – деп бетін сипайтын» – деп жазыпты.