Алтынкүл Балғынбекті жеңіп келді
Алтынкүл Балғынбекті жеңіп келді
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен өңірімізде айтыс өнерінің дамуына септігін тигізетін жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жамбыл Жабаевтың құрметіне арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтыс (аудандық, облыстық іріктеуі және бар) жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Мұндай жанашырлық айтыскерлерге шабыт береді, оларды алға жетелейді. Биылғы жылдың сәуір айында Тараз қаласында өткен айтыста жуалылық Қанат Мырзаханның бас жүлде алуы – осы сөзімізге дәлел. Жақында Алматы облысынан тағы бір жағымды жаңалық жетті. Қарасай ауданының 90 жылдығына арналып өткен республикалық айтыста байзақтық айтыскер ақын, есімі елге белгілі Алтынкүл Қасымбекова бас жүлдегер атанып, 1 миллион теңге ақшалай жүлдеге ие болды. Алтынкүл шешуші сәтте әйгілі айтыс жүйрігі, «Алтын домбыраның» иегері Балғынбек Имашевты ұпай санымен ұтып, абыройға бөленіп отыр. Бұл жыр бәйгесіне айтыстың тарландары Бекарыс Шойбеков, Жандарбек Бұлғақов қатысқанын ескерсек, Алтынкүлдің бас жүлдесінің салмағы жоғарылай түседі. Айтыс сахнасында жарқырап жүрген Алтынкүл Байзақ ауданында жас айтыскерлердің де талабын ұштауда. Алтынкүл Қасымбекованың республикалық айтыстан алған бас жүлдесі – облыс ақындарының да жеңісі. Ақынның алдағы аламандарда да абыройлы болып, жеңіске жете береріне сенімдіміз.
Е.Жаңабайұлы.