Тараз симфониясының сұлу саздары
Тараз симфониясының сұлу саздары
Облыс әкіміАсқар Мырзахметовтің қолдауымен өткізілген фестиваль мәресіне жетті
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен қолға алынған «Тараз симфониясы» фестивалі мәресіне жеткені белгілі. Өңірде классикалық музыка, романс, джаз жанрларын дамыту мақсатында ұйымдастырылған өнер додасы үш кезеңді қамтыған болатын. Сәуір айында басталған фестивальде облысымыздың барлық аудандары мен ауылдарынан үш жүзге жуық өнерпаз бақ сынады. Олар «Аспапта орындау», «Вокал» аталымдары бойынша топқа түсті. Барлық кезеңдерде үздік өнерімен танылған 35 қатысушы фестивальдің гала-концертіне қатысуға мүмкіндік алғанын айта кеткен жөн. Алдымен Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен ҚР Мәдениет қайраткері, қазақ эстрадасының маэстросы, композитор, дирижер Нұрлан Байкөзовтің қатысуымен «Облыстық «Тараз симфониясы» өнер фестивалі Гала-концерті» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Мұнда да фестиваль туралы егжей-тегжей айтылды. Гала-концертке Қазақстанның мәдениет қайраткері, қазақ эстрадасының маэстросы, дирижер, композитор Нұрлан Байкөзов арнайы келіп, жастарды қолдады. Сонымен қатар эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы мен «Оңтүстік цирк» ұжымының «Х – Band» эстрадалық джаз оркестрі де жастардың жанына жалау болды. Бұл күні оркестрге Нұрлан Байкөзов жетекшілік етсе, талантты жастар тұңғыш рет оркестрдің сүйемелдеуімен тамаша шығармаларды орындады. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп, аймақ басшысының өзі тікелей қолдаған жоба жастардың жарқырауына мүмкіндік туғызғанын айтып өтті. Сонымен қатар таңдаулы таланттардың әлі де жарқырай түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ Сұлушаш Сәтбекқызы осы кештің қасынан табылған Нұрлан Байкөзовке ризашылығын жеткізіп, өңір басшысының атынан иығына зерлі шапан жапты. Бұдан соң сахнада жастар жарқырады. Өнер фестивалінің түйініндей болған іс-шара оркестрдің сүйемелдеуіндегі даңқты жерлесіміз Нұрлан Байкөзов өңдеген халық әні «Қыздар-ай» шығармасымен шымылдығын түрді. Фестиваль аясында сынға түсіп, үздік шыққан 35 өнерпаз сахнада өнерлерін ортаға салды. Жастардың тұңғыш рет оркестрмен ән салып отырғаны кейбір қатысушылардың толқынысынан да аңғарылды. Таланттардың жүзі жайнап тұрды. Өйткені олардың дені қаладан емес, даладан келгендер. Ауылдан шыққан таланттардың жүзінен тазалық, шынайылық байқалады. Таланттары да кем емес. Араларында талпынса талайға баратындары да баршылық. Өнер кешінде негізінен Нұрлан Байкөзовтің туындылары орындалды. Сондай-ақ шетелдің ғажап музыка да жоқ емес. Қалаужан Жарқынбекова орындаған Поль Де Сенневильдің «Mariage d amour» туындысы, Ахмет Бекарыс, Әсем Ахмет, Томирис Жұмаділ үштігі жүректерге жеткізген Поль Морианың «Токкато» шығармасы да залға жиналғандарды айрықша әсерге бөледі. Гала-концерт барысында өнердің өріне шыққан жерлестеріміз жеңімпаздарды марапаттап жатты. Фестивальдің түйініндей болған іс-шара соңында қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы Нұрлан Байкөзовтің «Шаттанайық» шығармасын орындап берді. «Тараз симфониясы» фестивалі – тамаша жоба. Осы жобада жұлдызы жанғандар алдағы уақытта талай биіктерді бағындырады деп сенеміз. Бұл жобаның жалғасты болары сөзсіз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы.