Үкімет те облыстың экономикалық дамуы оң бағаланды
Үкімет те облыстың экономикалық дамуы оң бағаланды
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің орындалуы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. ҚР Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Ә. Смайылов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов экономиканың, банк саласының жағдайы, республикалық бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту мәселелері, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Қ. Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов өңірлердегі жағдай туралы баяндады. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ЖІӨ өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызды құрады. Құрылыста – 13,5 пайыз, саудада – 7,6 пайыз, көлік саласында – 5,5 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде, соның ішінде машина жасауда – 18,2 пайыз, жеңіл өнеркәсіпте – 19 пайыз, металл кендерін өндіруде – 16,1 пайыз, мұнай өңдеуде – 7,2 пайыз, байланыс қызметінде 4 пайыз оң өсім байқалады. Ұлттық қордың активтері 2,4 пайызға, 59,4 миллиард долларға дейін ұлғайды, республикалық бюджет кірістері – 7677,6 миллиард теңге (жоспар – 100,8 пайыз), өсім қарқыны 112,6 пайызды құрады.
Халықтың жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 2019 жылғы қаңтар-шілдеде 686 мың теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы мәнінде 10 пайызға, нақты мәнінде 4,7 пайызға өсті. Сонымен қатар бірқатар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде бюджет қаражаттарын игерусіз қалдыру жағдайлары байқалады, ең көп сома Экология министрлігінде – 1,5 миллиард теңге, Мәдениет және спорт министрлігінде – 1 миллиард теңге, Сауда министрлігінде – 0,9 миллиард теңге, Алматы әкімдігінде – 2,2 миллиард теңге, Алматы облысы әкімдігінде – 1,1 миллиард теңге, Түркістан облысы әкімдігінде – 1 миллиард теңге, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары әкімдіктерінде – 0,8 миллиард теңгеден, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде – 0,7 миллиард теңге, Ақмола облысы әкімдігінде – 0,6 миллиард теңге. Тоғыз айда СТ-KZ бойынша жергілікті қамтудың ең жоғары көрсеткіштеріне Қызылорда облысында жеңіл өнеркәсіп саласында (46 пайыз), Павлодар облысында жиһаз (59 пайыз), азық-түлік және құрылыс салаларында (54 пайыз) қол жеткізілді. «Тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономика өсімінің негізгі базалық көрсеткіштері бойынша Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары әкімдіктерінің оң жұмысын атап өткім келеді. Бұл – артта қалушы өңірлер үшін жақсы үлгі. Өз кезегінде кейбір әкімдіктерде бірқатар көрсеткіштер бойынша төмендеу байқалады», – деп, А.Мамин өңір басшыларына аталған жағдайды қысқа мерзім ішінде түзеуді тапсырды. Үкімет басшысы әкімдердің жергілікті қамту бойынша бекітілген индикаторларды орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет екенін, сондай-ақ заңнама, индустриялық сертификат және СT-KZ сертификаты талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Премьер-Министр Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының әкімдіктерінің сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттыру жұмысындағы жақсы көрсеткіштерін атап өтті. Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП пен Қаржы министрлігіне әкімдіктермен мемлекеттік сатып алуды жүргізу бойынша дұрыс жұмыс атқару тұрғысынан қосымша семинарлар өткізуді тапсырды. «Осы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша өңірлер басшыларының жұмысы бағаланатынын тағы да атап өтемін», – деп түйіндеді А. Мамин.