Саясат

Саябақтарға сан алуан ағаш көшет тері отырғызылды

Саябақтарға сан алуан ағаш көшет тері отырғызылды

Республикалық ағаш отырғызу акциясына жамбылдықтар да белсене атсалысты. Бұл іс-шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен оның орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, ардагерлер кеңесі, жекелеген ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты.Акцияға 18466 адам қатысып, жол бойлары мен саябақтарға, скверлер мен аллеяларға 18880 түп көшет отырғызды. Еңбек ұжымдары қарағай, шырша, қарағаш, арша, терек, емен, шетен, айлант секілді ағаш көшеттерін отырғызып қана қоймай, оның айналасында тал-дарақтан түскен жапырақтарды, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартты. Жалпы, сенбілік өңіріміздегі 98 елді мекенде ұйымдастырылған.

Аймақ басшысы бұл акцияға Мойынқұм ауданында қатысты. Мойынқұмдық жастар мен мемлекеттік қызметкерлер «Жаз Ата» мен «Жасыл ел» саябақтарына ағаш отырғызды. Өңір басшысы Асқар Исабекұлы мен Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев қарағай, емен, терек көшеттерін отырғызғаннан кейін акцияға жиналғандарға игі істің маңыздылығын айтты. Бүкіл әлемдік ағаш отырғызу күніне орайластырылған шара облысымыздың барлық аудандарында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

* * *

Тараз

Көріктендіру, көгеріштендіру және санитариялық тазалық айлығы барысында қала тұрғындары да республикалық ағаш отырғызу акциясына өз үлестерін қосты. Мұндай жұмыс Ниетқалиев көшесі бойында орналасқан скверде де жалғасын тапты. Бұрын бұл көше бойындағы бос жатқан алаңқайлар бүгінде өзгерген. Онда үлкен аумақты алып жатқан алаңқайдың жаяу жүргінші жолына тас тақталар төселіп, орындықтар орнатылған. Айталық, көктемде Жалайыр мен Рысбек батыр көшелерінің аралығына 100 түп бозарша отырғызылған еді. Енді бұл жұмыс Рысбек батыр мен әл-Фараби көшелерінің бойында жалғасуда. Аталған аумаққа «Рухани жаңғыру» аясында тас тақталар төселіп, орындықтар қойылған. Сенбілікте сол жолдың бойын бойлай 54 түп қарағай отырғызылды. Аталған іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ онда №1 қалалық перинаталдық орталық қызметкерлері тазалық жұмыстарын жүргізді. Орталықтың бас акушері Мұраткүл Қасымованың айтуынша, өз мекемелерінің ауласын тазалаған олар, осындағы скверді ағаш жапырақтарынан тазартуға шыққан екен. Бұл іс-шараға орталықтың 50 қызметкері қатысып, маңайды сыпырып, тырмалап, тазалап, күл-қоқысты бір жерге жинастырып үйді. Іле осыны күткендей-ақ «Жасыл Тараз» мекемесінің қызметкерлері келіп, күл-қоқысты жүк көлігіне тиеп әкетті.

* * *

Бұл күні 357 мыңнан астам халқы бар шырайлы шаһардың бес аумағында тал егу науқаны ұйымдастырылды. Ал халықаралық «Әулиеата» әуежайы мен Тәуке хан көшесі аралығындағы екі гектар көлеміндегі саябақ аумағына көшеттер отырғызу ісі белгіленген мерзімінде басталды. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен облыс әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет келіп қатысты. Нұржан Сәбитұлы бұл күні мұндай іс-шара Тараз қаласында ғана емес, аудандарда да ұйымдастырылып жатқанын, оған барлығы 20 мыңдай адам қатысатынын, сенбіліктер санитарлық-тазалық айлықтары аясында бұдан былай да жалғастырыла беретінін жеткізіп, акцияға қатысушылар еңбегіне сәттілік тіледі. Аталған іс-шараға келгендердің қарасы мол-ақ. Олар күннің жылы да шуақты болуынан көшет отырғызу ісін қызу бастап та кетті. Бірі арнайы қазылған ұяларға көшет отырғызса, екіншісі оған су таситын арнайы автокөліктен шелектеп су тасып құйып, тыным таппауда. Алқап бойында жасыл көшеттер әп-сәтте-ақ сап түзеп, болашақ саябақтың іргенегізі қаланып үлгергендей болды. Облыс орталығындағы №1 қалалық балалар ауруханасының Махан Жолдасбаева бастаған жиырма шақты қызметкері де қолдарына күректері мен шелектерін ұстап, сенбілікке шыққан екен. Қоғамда денсаулық пен саламаттылықтың салтанат құруын, айнала-төңірегімізде тазалық болуын қадағалаушылардың да жауапты істің басы-қасынан табылуы көңілімізге қуаныш ұялатты. Осы күні облыстық «Aq jol» және «Araı» газеттерінің ұжымдары да берекелі іске белсене атсалысты. Акцияға атсалысушылар арасында облыстық және қалалық әкімдіктер аппараттарының, бөлімдерінің, облыстық басқармалардың қызметкерлері, ардагерлер мен қоғамдық кеңестердің өкілдері де бар. Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев та тал егу науқанының басы-қасында болды. – Акцияға қалада 8 мыңнан астам адам атсалысуда. 4 мыңнан астам ағаш көшеттері егілді. Біз мұнымен ғана шектелмейміз, осыған байланысты жұмыстар бұдан әрі де жалғастырыла беретін болады. Санитарлық-тазалық бойынша жарияланған екі айлық аясында да бірқатар шаруалар қамтылады. Негізгі мақсатымыз – қыс басталар қарсаңда жалпы халықты жаппай жұмылдырып, көше, аулаларды, саябақтар мен гүлзарлар аумағын қоқыстан арылтып, талдардың түбін ақтап, бұтап, қаланы бір тазалап алу. Ендігі жерде сенбі күндері облыстық, қалалық мекемелер ұжымдарының жаппай сенбілікке шығуы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Осы тұрғыда әзірленіп, бекітілген іс-шаралар жоспарымыз бар. Тараздың «жасыл белдеуін» жүргізу де қарастырылған. Онда 10 мыңнан астам тал отырғызылмақ. Егіліп те жатыр. Бүгін қаламыздың бес бірдей бөлігінде осындай іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі отырғызылған жас көшеттер жауын-шашынның әсерінен күздің бірер айында тамырланып, қатайып үлгерер деген үміттеміз. Бұл аумаққа тұрғындардың малы да жайылады. Жас көшеттерді малдан сақтау үшін таяу уақыт ішінде «Жасыл ел – Тараз» мекемесі арқылы ашық конкурс өткізіп, мердігерлік ұйымды анықтаймыз. Олар көшеттерді қаршап, қору, суару, күтімдеу ісін жүйелейтін болады. Қала бойынша жай көзге көрінбегенмен, автожолдардың арасы, гүлзарлар аумағы, басқасы бар біраз жерлерде көгеріштендіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп те жатыр, – деді Қайрат Әскербекұлы журналистерге берген сұхбатында. Айта кету керек, бұл күні қала аумақтарында көгеріштендіру, сондай-ақ көшелерді, гүлзарлар мен саябақтар маңын қоқыстан арылту жұмыстары да қатар жүзеге асырылды. Барлығы 162 тонна күл-қоқыс сыртқа шығарылып, 5,6 шақырымдық арық жүйелері тазаланды. Бұл күні Тараз қаласының жасыл желегінің қатары да 4000 түп қарағаш, 200 түп қарағай көшеттерімен толықты. Сөйтіп, тараздықтар да бір мезгілде еліміздің барлық өңірлерін қамти өткізілген 1 миллион түп тал отырғызу акциясына белсене атсалысты.

* * *

Байзақ

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақырзаман келіп тұрса да егер бойыңда ағаш егуге жетерлік күшің болса, онда ағаш ек» деген екен. Бұдан артық ағаш егудің маңыздылығын жеткізу мүмкін емес шығар, сірә. Республика бойынша басталған «Ағаш отырғызу» акциясы да табиғатты аялап, айналаны көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылған жалпыға ортақ ізгі істің бірі. Өткен сенбіде аталмыш акция аясында Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылына да ағаш көшеттері отырғызылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен аудандағы барлық сала басшылары, ауыл тұрғындары біркісідей атсалысты. Атап айтсақ, бұл күні «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябаққа 100 түп бозарша, 100 түп сәнағашы отырғызылды. «Ауданның 80 жылдығы» атындағы саябақ та осы сенбілікте 280 түп бозаршамен толыға түсті. Жалпы, бұл күні Байзақ ауданында 1500-ден астам ағаш көшеттері отырғызылса, соның 700-ге жуығы қылқан жапырақты тал-дарақтар. Сенбілік барысында көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстары да қатар жүргізілді.

* * *

Жамбыл

Сенбі күні өткен бүкілхалықтық сенбілікке облыс, қала және аудан басшыларымен бірге қарапайым тұрғындар да белсене атсалысты. Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Жамбыл ауданы, Полатқосшы ауылдық окргугіне барып, тұрғындармен бірге сенбілікке қатысып, бірнеше түп тал екті. Сондай-ақ ол ізгі ниетпен игі істі атқаруға келген көпшілікке жылы лебізін білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Полатқосшы ауылындағы сенбілікке Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов та қатысып, бес түп тал отырғызды. Зиялы қауым мен қарапайым тұрғындар бес жүзге жуық тал көшеттерін отырғызды. – Бүкілхалықтық сенбілікке қатысып, жұртпен бірге жұмылып тал көшеттерін еккенімізге өте қуаныштымын. Бұл – барша жастарға үлгі. Осындай игі істер мектеп оқушыларын, тұрғындарды ізгілікке жетелейді, – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Махан. Бұл игі іске округтің барша тұрғындары үлес қосты.

* * *

Шу

Әулиеата өңіріндегі ауқымды акцияға шалғайдағы Шу ауданы да атсалысты. Акцияға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты. Олар Шу қаласындағы Жеңіс және Теміржолшылар саябақтарына, Паравоз монументі және М.Жүнісәлиев атындағы саябаққа 1100 түп ағаш көшеттерін отырғызды. 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласына 200 дана терек, 300 жеміс ағашы, 300 түп күлен егілді. Ал аудан орталығындағы саябаққа 100 терек, 150 жеміс, 100 күлен ағашы отырғызылды. Бұл іс-шараға 1000-ға жуық адам қатысып, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ, Баймаханбет АХМЕТ, Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, Есет ДОСАЛЫ, Ерғали ҚАРТАЙҒАН.