Мәдениет

Құнды жәдігерлерге бай

Құнды жәдігерлерге бай

5 4 6Бабаларымыздың асыл арманы Тәуелсіздік арқылы төл мәдениетіміз өркен жая бастағаны ақиқат. Шынында, қазақ халқы екі нәрсеге ерекше көңіл бөліп, қатты қастерлеген. Біріншісі – әруақ, екіншісі – ұрпағы. Әруақ – кешегі өткен жолымыз, тағдырымыз, тарихымыз. Ұрпақ – болашағымыз. Халық жазушысы Әбіш Кекілбайдың: «Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді. Бұл – өмір ақиқаты» деген ғибратты сөзін еске алсақ, кешегіні түгендеу – ата-баба мұрасын көздің қарашығындай сақтау екені даусыз. Әркімге өзінің атамекені анасының дидарындай айрықша ыстық көрінгенімен, еңбек пен ерлікке, байлық пен ырысқа, әсем ән мен жырға, сырға толы Меркі жерін бақыт пен шаттықтың, туысқандық пен достықтың алтын ордасы емес деп кім айта алар?! Тектіліктің тәлім-тәрбиесін жөргегінен сіңіріп, ұлт үшін жанын пида етіп, артына өшпес із қалдырған біртуар дана тұлғалар Аспара өңірінде аз емес. Аттары аңызға айналған Сыпатай, Жауғаш, Тілеміс, Тұрлыбай, Ақкөз батырлардың киелі мекені, елі үшін етігімен су кешкен белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Т. Рысқұловтың, Қ. Сарымолдаевтың, М. Жылысбаевтардың ұшқан ұясы.

Еңбек Ері, Отан соғысының ардагері, Алаштың абызына айналған А. Асқаровтың туған топырағы. Бұл өлкеде 54 Социалистік Еңбек Ері, 3 Кеңес Одағының Батыры, 52 ауданның Құрметті азаматы бар. Сондай-ақ, «Халықтар достығы» орденінің иегері, «Сымбат» сән үйі Академиясының президент-ректоры Сабыркүл Асанова, «Парасат» орденінің иегері, заңгер Мұсабек Әлімбеков, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, суретші Фатима Зәуірбекова, халық әртістері Гүлжан Әспетова мен Алтынбек Қоразбаев сынды әр сала жүгін көтерген азаматтарды да мақтанышпен айтамыз. 1983 жылы қоғамдық негізде құрылып, 1984 жылы мемлекеттік музей мәртебесін алған Меркі аудандық тарихи-өлкетану мұражайында туған жер табиғатынан бастап, ежелгі тарихын дәлелдейтін археологиялық қазба жұмыстарынан табылған көне жәдігерлер мен осы өлкенің атақты азаматтары туралы толық мәліметтер жинақталған. Музей қорында 113 мыңнан астам экспонат бар болса, оған ашылу кезеңінде қызмет атқарған Н. Омаралиев, Б. Дауылбаев, А. Пазылова, Е. Балақұлова, Ә. Сермағамбетовтер көп үлес қосқаны анық. 2009-2010 жылдары қайта күрделі жөндеуден өткен музейдің 6 залында бағзы заманнан қазіргі кезеңге дейінгі ауданның кескін-келбеті бар бітімімен ғажайып сыр шертіп тұр. Тарихты терең оқып, үйрену, тамырымызды танып-білу – ата-бабаларымызға деген құрмет, олардың ерлігіне куә болған жерді сүю – абзал борыш, асыл қасиет. Міне, сондықтан да, Сыпатай батырдың өзі тұтынған заттары (қылышы, шапаны, қамшысы), Т. Рысқұловтың өз қолымен жазған хаты, тарелкасы, ҚР-ның Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі С. Асанованың тіккен сән киімдерінің үлгілері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Берік Әлібайдың көз жауын алар таза күмістен жасаған әйелдердің әшекей бұйымдары және өзгелер көрген көзді тәнті етпей қоймайды. Сондай-ақ, атақты композитор, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың үш мәрте лауреаты Сыдық Мұхамеджанов жайлы, физика-математика ғылымының докторы Төленді Мұстафин туралы, Ә. Марғұлан атындағы зерттеу институтының ғалымы А. Досымбаеваның тапқан VII-XIV ғ.ғ қолданылған жәдігерлер де ел қызығушылығын арттыруда. Халықаралық музей күніне орай өткізілген «Музей түні» іс-шараларына қатысқан алматылық мүсінші Марат Сәрсебаевтың «Ғарыш экспозициясы» тақырыбына арналған 40-қа жуық керамикалық экспонаттары да көпшілікті тәнті етті. Әсіресе, арнайы құрылғысымен көрермендердің көз алдында балшықтан құмыра жасауды іс жүзінде көрсетуі жоғары дәрежеде өтті. Аудандағы №18-ші спорт мектебінің өкілдері әкелген қыран бүркіт, құмай тазы мен қаршыға да кешке жиналған қауымның ықыласына бөленді. 30 жылдық тарихы бар музейге Елбасы Н. Назарбаев, ғарышкерлер Т. Әубәкіров, Т. Мұсабаев, халық жазушысы Ш. Мұртаза, ақындар М. Шаханов, Ф. Оңғарсынова, К. Ахметова сынды белгілі азаматтар келіп, өңір тарихымен танысқан. Соның бірі – ҚР Парламентінің депутаты болған Еңбек Қызыл Ту орденінің екі мәрте иегері, қазақтың қайраткер перзенті Қ. Тұрысов 1991 жылы 6 мамырда музейдің Пікір жазу кітабына: «Сыпатай, Тұрар, Асанбай... Осындай ұлдар туған ел бақытты болу керек. Сіздерге бақыт, бірлік, ерлік тілеймін», – деген жылы лебізін қалдырған болатын. Осылар жайлы және музейде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған музей директоры Маржан Әлиева: «Музей – шежірелі шаңырақ. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі іс-шаралар өткізудеміз. Мысалы, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезовтің 70 жылдығына орай «Меркіде туған текті тұлға» атты кеш, Қ. Жандарбеков атындағы саз мектебінің қобызшыларымен «Қара қобыз қасиеті» атты кездесу аса тартымды өтті. Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, ауған соғысының жауынгерлерімен, ауданның құрметті азаматтарымен, жергілікті таланттармен жиі сұхбаттасамыз», – дейді жүйелі жұмысты сөз етіп. Иә, ұлт мұрасы – ұрпақ мақтанышы. Қытай қорғанынан бастап, Жерорта теңізіне дейінгі аралықта 3000 жыл бойы салтанат құрған бөрілі байрақты Түркінің ұрпақтары бай тарихын зерттеп, ұлтымыздың құнды мұраларын мұқият сақтап, құнарлы мәдениетін халыққа насихаттап, жас ұрпақты төл тарихымыз бен рухани мұраларымызды терең меңгеруге атсалысып, тер төгіп жүрген Р. Қасымова, Л. Исаева, Л. Барақбаева, А. Жүрсінәлиева, Ф. Батуева сияқты музей қызметкерлерінің еңбегі зор.

Меркі музейі

Арман қуып Аспарада ер жеткен, Жұрт жүрегін жарып шыққан перзент пе ең. Шүмегі алтын бесікпісің әлде сен, Туған жердің шежіресін тербеткен. Ата-баба мұрасындай музейім, Арнап саған жыр маржанын тізейін. Келешектің көсегесін көгертсең, Күдерімді қалайынша үзейін. Көне заман ескерткіші, гүлісің, Құпиясын жұртқа жаяр тілісің. Болашаққа апаратын тарихты, Аманат жүк арқалаған пілісің. Сыпатай мен Жауғаш, Ақкөз мұрасы Сенде емес пе, мынау елден сұрашы. Сарымолдаев, Рысқұлов, Асқаров, Алты алашқа аңыз болған расы. Солар жайлы насихаттап халыққа, Сүбелі тың дерек көзін анықта. Сабыркүлдей саусағынан бал тамған, Іскер қызды үлгі етуден жалықпа. Өң кіргізген қуаң тартқан далама, Бір өтініш айтам Әкім балама. Музейге ұқсас зәулім үйлер тұрғызып, Меркімізді айналдыршы қалаға!...  

Шырын Мамасерікова,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Меркі ауданы.