ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА – ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА – ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
Ел Үкіметінің 23 мамырдағы №303 Қаулысымен биылдан бастап 10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні болып мерекелік күнтізбелер қатарына енді. Осыған орай, Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Алдымен ҚР мемлекеттік Гимні шырқалып, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжановтың жолдаған арнайы мерекелік құттықтауы оқылды. Мерекелік жиында Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген сөз алып, барша әріптестерін құттықтады. Сондай-ақ еңбеккерлердің мүддесін қорғап, жұмысшылардың жақтаушысына айналған кәсіптік одақ жетекшілері мен қызметкерлеріне облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова жылы лебізін білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Келесі кезекте саналы ғұмырын кәсіподақ қозғалысына арнап, әр жылдары салада жемісті қызмет еткен ардагерлер сахна төріне шақырылып, оларға арнайы сый-сияпат жасалды. Облыстық кәсіподақтың өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен ардагерлер қатарында: Чапай Құрамысов, Борис Стародубцев, Оңласын Есіркепов, Альбина Тимофеева бар. Облыстағы кәсіподақ ұйымдарымен әріптес, әлеуметтік саясатты ұдайы қолдап жүрген ұйымдардың бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазақстан химия өндірісінің алыбы болып отырған бұл кәсіпорында 6200 адам жұмыс істейді. Ұйымдағы ұжымдық шартта көрсетілген талаптар еңбек адамдарының өнімді әрі табысты жұмыс істеуіне зор мүмкіндіктер туғызады. Осыған орай, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров «Үздік әлеуметтік әріптес» төсбелгісімен марапатталған болатын. Мерекелік шарада құттықтау сөз сөйлеген Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров серіктестік қызметкерлер өмірін жақсарту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды, көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектерді атап өтті. Сондай-ақ, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен Жамбыл аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы Тәуіржан Мұсаевты марапаттады. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Құрмет Грамотасымен «Дәмді себет» ЖШС директорының орынбасары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ханыш Өксікбергенов, Жамбыл облысы аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Мадамаров марапатталса, Тараз қаласы әкімінің Құрмет Грамотасымен «Тараз Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының аға диспетчері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Батырхан Дәуренбеков, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жамбыл облысы полиция департаменті музейінің жетекшісі Гульчира Зияутдинова, Тараз қалалық мәслихатының Құрмет грамотасымен Тараз қалалық №5 емханасының бас медбикесі Елена Москаленко, М.Әуезов атындағы кітапхананың кітапханашысы Қамар Алишева, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалының өткеру және газбен қамтамасыз ету қызметінің бастығы Нұрсұлтан Баймұратов, Тараз қалалық перинаталдық орталығының медбикесі Ольга Ким, Тараз қаласы №7 гимназиясының мұғалімі Райхан Бобер марапатталды. ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен «Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Марат Стамқұлов, «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының еңбекті қорғау қызметінің басшысы Меңдігүл Ташмағанбетова, Құрмет грамотасымен түрлі салаларда кәсіподақ жұмысын жандандырып жүрген азаматтар Ермахан Әбдіраимов, Жұпаркүл Мелдебекова, Нұржан Мәліков, Нұржан Мансұров, Нұржан Сералиев, Бақберген Сламқұлов, Федерацияның Алғыс хатымен Ерік Алпысбаев, Жандос Әйтишев, Бибайша Алдабергенова, Ұлжалғас Аманжолова, Арман Стыбаев, Зульпия Шайсламова, Қанат Тілеубаев марапатталды. Сол сияқты Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестіктерінің арнайы марапаттары да көптеген азаматтарға табысталды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Маржан Рақай