Ауыл тұрғындарына берілген үлкен мүмкіндік
Ауыл тұрғындарына берілген үлкен мүмкіндік
Облыс тұрғындарының тұрмысы мен табысын жақсарту жобасы – ауылдықтарға берілген үлкен мүмкіндік. Иә, бұл туралы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясынан туындап, сан рет сараланып, талай рет талданып, мың мәрте есептеліп-екшелген жобаның жемісін берері даусыз. Алайда арық айтып, семіз шығу – талап. Президент қолдап, Үкімет мақұлдаған жобаны жұмыла жүзеге асыру – мерейлі міндет болса, жауапкершілік жүгі одан да батпан. Осыны жете сезінген аймақ басшысы пилоттық режімге енген өңірдегі 10 ауылдық округті өзі қайтара аралауда. Мақсат – ой жеткенге көз жететінін ұғындырып, қараша халықпен тік тұрып тілдесіп, тікелей түсінісу. Мұндағы бар бейнет тұрғындар игілігі үшін десек, бүгінде әу бастағы күмән-күдіктерінен сейілген ауылдықтар аталмыш бастама аясында тіршіліктерін тіктеуге асық. Бұрын-соңды дәл мұндай жаппай қолдау, айтарлықтай жеңілдікке ие болып көрмеген қараша халық беріліп отырған мүмкіндікті мүлт жіберіп алғысы келмейді. Оған аймақ басшысының Сарысу ауданындағы Байқадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде көз жеткіздік. Пилоттық 10 ауылдық округтің бірі саналатын байқадамдықтар бұл таңдау өздеріне бұйырған бақ деп түсінеді. Дегенмен толайым табыс – табандылықпен бітетінін жақсы білетін ауылдықтар аянып қалмақ емес. 2,5 пайыздық несиемен несібелерін арттыруды көздеп отырған олар талмай тер төгіп, айтарлықтай табысқа кенелуге дайын. Айта кетейік, округке қарасты Саудакент ауылында 984 аула, 6006 халық тұрады десек, аталмыш жобадан тұрғындар түгел хабардар. Облыс, аудан, ауыл әкімдіктеріндегі жауаптылар түсіндіру жұмыстары, кездесу жиындардан кенде қалмапты. Бүгінде бірінші бағыт бойынша округтің 848 ауласы сумен қамтылған десек, үй іргесіндегі жерін ұтымды ұқсатып, табысын еселеу үшін олар несие алуға деген ұсыныстарын түсіре бастаған. Сумен қамтылмаған 136 шарбақ үшін құдық қазылып, жобаға аулаларды жаппай тартуға бар жағдай жасалмақ. Жерін қопсытып, екі айналымда көкөніс егіп, мол өнім алуға талпынып отырғандар аз емес десек, жылыжай салып, қысы-жазы тартынбай тірлік етіп, табыс табам деушілер де бар екен. Қазіргі таңда 30 отбасыға тиесілі жалпы 150 сотық жерді жылыжайға айналдыру жоспарлануда. Екінші бағыт негізінде төрт түлік алып тасымды өрге оздырсам деп талпынып отырған 634 аула анықталса, олардан жалпы 7273 бас мал сатып алуға өтінім түскен. Қалғандарында бұған дейін де мал басы жеткілікті болған десек, бірқатары қолдағы малын еселеп, өнімділікті арттыруға бел буған. Жалпы, қос бағыт бойынша өнімділікті арттыру, өткеру жолындағы түрлі мәселелерді шешу барысын өз мойнына алатын «Саудакент – 2019» өндірістік кооперативі құрылған. Арнайы агрономның жұмысы да ұйымдастырылмақ. Жобаның бес бағыты аясында да ауылдықтар үшін қолға алынған жұмыстар өз жемісін беруде. Аймақ басшысымен кездесуде тұрғындар көкейдегі көп сауалдарына жауаптар алып, сенімдерін нықтап, жоспарларын жүйелей түсті. Бастама аясында барын салып бағатындарын жеткізді.
* * * Аудандық аурухананың Саудакентте бөлімшесі бар. Мұнда 2 дәрігер, 17 орта буынды медицина қызметкері тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында тер төгуде. Іргесі қаланғанына отыз екі жылдай уақыт болған нысан күрделі жөндеуге мұқтаж. Жылу, кәріз жүйелерін жаңғырту қажет. 16 төсектік ғимараттың мәселесі көп ұзамай шешілмек. Ол үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берген Асқар Исабекұлы жобалық-сметалық құжаттарды жасағанда бюджетті оңтайландырудың регламентін сақтау керектігін баса айтты.
Аудандағы жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы Саудакент ауылындағы ауызсу жүйесінің жағдайын барлап, жай-күйіне көз жеткізді. «Сарысу сулары» КМК Саудакент ауылындағы су қоймасын қайта жаңғырту керектігінен хабардар болған облыс басшысы ол бойынша әзірленген жобамен танысты. Бұл мәселеде «Оңтүстік жер қойнауы» РМК-мен жерасты су қорына берілген қорытындысындағы су көлемі ауылды сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіздігі айтылды. Сол себепті жобаның сараптамадан өтуі қиынға соғуда. Сондай-ақ айта кетейік, бүгінде ауызсу құбырының 80 пайызы ескіргендіктен 1 балабақша, 2 мектеп және 71 үй ғана тіршілік нәрімен қамтылған. Қалған 913 үйге баратын су жүйесі қолданысқа жарамсыз. Осы мәселелерге аса назар аударған аймақ басшысы тиісті тұлғаларға түйткілді шешу жолдарын қарастыруды тапсырып, қажетті шараларды уақыт созбай атқару керектігін баса айтты. Облыс басшысы «Жаңатас ЖЭС» құрылысына да арнайы атбасын бұрды. ЖЭС құрылысына 233 гектар жер бөлінген. Инвестор «China Power International Holding Ltd» компаниясы жүргізіп жатқан жоба құны 130 миллион АҚШ долларына тең. Жобаның алғашқы кезеңінде орнатылатын 40 жел қондырғысының қуаттылығы 100 МВт-ты құрайды деп көзделуде. Ал екінші кезеңде қуаттылықты 200 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Жалпы, станса жыл сайын желден 340 миллион кВт/с электр энергиясын өндіреді. Өткен жылы бастау алған жоба келер жылы іске қосылатын болады. Қазіргі таңда құрылыста 200 адам жұмыс жасап жатса, іске қосылғанда 40 адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде нысан аумағында жел деректерін өлшеу бойынша 6 діңгек орнатылған. Тағы да діңгектер орнату үшін 14 іргетас құйылып, қазаншұңқырлар дайындалуда. Облыс әкімінің Сарысу ауданындағы жұмыс сапары «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС зауытында қорытындыланды. Ондағы кешенді минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруге әзірлеу шараларымен танысқан аймақ басшысына жұмыстар барысы баяндалды. Республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген жоба жылына 660 мың тонна мөлшерде байытылған фосфорит өндіру және 640 мың тонна кенді ұнға қайта өңдеумен айналысады. Сондай-ақ жылына 1 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыштар шығаруға қауқарлы. Үш кезеңнен тұратын жобаның 1-ші кезеңінің жұмыстары аяқталып, фосфорит кенін өндіру және бастапқы өңдеу бойынша жобалық қуаттылықтарға қол жеткізілген. Бүгінде 2-ші кезеңінің жобалаулары жүргізілуде. Бұл кезең жұмыстарын аяқтау, іске қосу 2021 жылға жоспарланған. Айта кетейік, қазіргі таңда кәсіпорын қалыпты режімде жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың басынан бері 397,59 мың тонна фосфор ұны өндіріліп, негізгі капиталға 3,4 миллиард теңге инвестиция салынған. Сарысу ауданы.