Қоғам

Аңыз адам

Аңыз адам

әсем әнімен париж тыңдармандарын таңғалдырған Әміре Қашаубаевтың талайлы тағдыры орыс театрының сахнасында

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және кезекті маусымның ашылуына орай облыстық орыс драма театры Арман Нұрғалиев пен Евгений Кенцель бірігіп жазған «Путь на Голгофу» тарихи драмасын сахналады. Спектакль басталмас бұрын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева сөз сөйлеп, театр ұжымын және көрермендерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, арнайы келген қонақтарды таныстырды. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев сөз алып, кешегі аңызға айналған Әмірені бүгінгі Димаш Құдайбергенмен салыстыра сөз сабақтап, театр ұжымына және көрерменге алғысын білдірді. Осы қойылым идеясының авторы да – А.Перуашев. Автор Арман Нұрғалиев Мәдениет министрлігінде Әміре Қашаубаев туралы шығарма жазу жөнінде әңгіме қозғалғанын, драма жазылғанын, қойылымды алғаш сахналап отырған Жамбыл облыстық орыс театры екенін тілге тиек етті. Спектакль Әміре Қашаубаевтың (актер Сәбит Төлеханұлы) абақтыда жатқан жерінен, елін сағынып айтқан зарлы үнімен басталады. «Қазағымның сары даласын, көлін, жомарт жүрек адамдарын сағындым» деп толғанады аты аңызға айналған ғаламат әнші. Артынша абақтыдағы сүреңсіз өмірден көрініс береді. Тергеу, тексеру. Мәскеуде білім алған тергеуші Владимир Александрович (актер Анатолий Просалович) Әмірені тергеудің астына алады. Арасында Әміренің ойы арқылы оқиға желісі, оның неге жазықты болғаны, абақтыға қалай түскені кеңінен көрініс тауып отырады. Әміре Қашаубаевтың Францияның астанасы – Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесіне баруы, онда әлем жұртын қазақ әнімен тамсандыруы нанымды баяндалады. Алаштың аяулы перзенті Мұстафа Шоқайға (актер Самат Махамбетов) жолыққаны, Мұстафаның Әміреге хат беріп, «Әлихан Бөкейхановқа апарып бер» деп өтінуі де сенімді шыққан. Сол хаттың кесірінен Әміре жазықты болып, абақтыға қамалады. Ол тергеу барысындағы қиын жағдайлардың, соққының бәріне шыдап, қайсарлық танытады. Жағымсыз кейіпкердің бірі – Талғат Исламович (актер Евгений Орлов) образы да сәтті шыққан. Абақтыда Әміренің өте қуатты, ғажайып даусымен қазақ әндерін шырқауы жүрек шымырлатты. Соңында ешқандай нақты айғақ болмағандықтан Әміре ақталып шығады. Оған үкілі бөркі, оюлы шапаны, қос ішекті домбырасы қайта беріледі. Осы сәтте көрермен толғанып, ризашылықпен қол соқты. Қойылымның қоюшы-режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов. Қоюшы-суретшісі – Рахат Сапаралиева. Сахнадағы есіктің домбыра түрінде жасалуы, ал абақты есігінің жоғарыдан төменге жылжымалы болып жасалуы декорацияны байытып, сахнаға сән берді. Авторлар мен режиссердің, суретшінің өзара түсіністігі қойылымның мүмкіндіктерін жан-жақты аша түскен. Қойылым соңында көпшілік ұзақ қол соғып, актерлерге құрмет көрсетті. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі әкелінді. Осылайша, орыс драма театры кезекті маусымын бастады.

Е.ЖАҢАБАЙҰЛЫ.