Саясат

Лондонда Қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығы ашылды

Лондонда Қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығы ашылды

Кеше Лондонда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы шешімдерін орындау тұрғысында Қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығының салтанатты ашылуы рәсімі өтті.

Аталған шараға Қазақстан халық Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, «Қазақстан Қағазы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тони Болдри, британдық инвесторлар, ғалымдар қатысты.

Е.Тоғжанов өз сөзінде этникааралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін таныстырып, Ассамблеяның рөлі мен мақсаттары жайында баяндап берді.

Осы орайда ол түрлі елдердің өкілдері Ассамблея тәжірибесін зерттеу үшін 60 мәрте өтініштерін білдіргенін атап өтті. Бұл модель БҰҰ-да, ЕҚЫҰ елдерінде, ірі халықаралық форумдар өткен елдерде таныстырылды.

Е.Тоғжановтың сөзіне қарағанда, Қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығының ашылуы білім мен мәдени, саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық секілді басым бағыттарда Ұлыбританиямен екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуде жаңа серпін беретін-ді.

Орталықтың негізгі бағыттары қазақстандық этникааралық толеранттылық пен қоғамдық келісім моделі туралы Ұлыбританияның оқу орындарында арнайы курс дәрістерін жүргізу, G-Global иедеясын алға жылжыту, қазақ тілін оқытуды ұйымдастыру, бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу, екі ел шығармашылық зиялы қауымының кездесулерін өткізу, сондай-ақ қазақ классиктерінің шығармаларын ағылшын тіліне аудару тұрғысындағы шараларды ұйымдастыруға байланысты болмақ.

Сонымен қатар Қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығының қамқоршылық кеңесі құрылды. Оның құрамына «Қазақстан қағазы» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы, британдық парламент мүшесі сэр Тони Болдри, Кембридж университетінің профессоры Дж. Лонзарич, «Қазақстан қағазы» АҚ-ның атқарушы директоры Т.М. Вернер енді.

Ақпарат көзі: www.kazinform.kz