Студент тер де, оқушылар да кәсіпкерлік негіздерін үйренуде
Студент тер де, оқушылар да кәсіпкерлік негіздерін үйренуде
Биылғы жаңа оқу жылынан бастап өңірдің барлық мектептері мен колледждеріне «Кәсіпкерлік пен бизнестің негіздері» аталатын жаңа элективті пәнді оқыту енгізілген-ді. Осыған байланысты Тараз қаласындағы №13 темір жол колледжінде облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушылары мен сарапшыларының дәрістер оқуы ұйымдастырылды. Жаңа пәнді ҚР «Атамекен» Ұлттық палатасы әзірлеген. Ол биылғы жаңа оқу жылынан бастап еліміздің, оның ішінде өңіріміздің де жалпы білім беретін мектептерінің 10-сыныптарына ресми түрде енгізіліп отыр. Өткен жылы бұл пәнді оқыту жер-жердегідей біздің облысымызда да №9 пилоттық мектебі базасында тәжірибелік сынақтан өткен болатын. «Бұл жай ғана пән емес, еліміздегі кәсіпкерлік сауаттылық деңгейін арттыруға септесетін біртұтас жүйе. Пән аптасына екі рет оқытылады. Жылына бар-жоғы 68 сабақ өтуі қарастырылған. Оның ішінде 30 пайызы – теориялық, 70 пайызы – тәжірибелік сабақтар. Жалпы, бағдарлама теориялық оқыту, ойын түрінде тәжірибелік тапсырмалар беру, бизнес-кейстерді талдау секілді кезеңдерден тұрады. Оқытушыларға арналған семинарлар да ұйымдастырылады. Оқулық авторлары мен бизнес-жаттықтырушылар тарапынан мұғалімдерге кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсі туралы жан-жақты таныстырылуда», – дейді өңірлік палатаның адам капиталын дамыту бөлімінің сарапшысы Майя Өмірбекова. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 19-29 тамызы аралығында оқытуды жүйелеу, орта мектеп пен колледж оқытушыларының педагогикалық шеберліктерін жетілдіру және оларды қайта даярлау мақсатында аталған пән бойынша мектептердің – 131, колледждердің 35, жоғары оқу орындарының 38 оқытушысы қатысуымен біліктілік жетілдіру курстары ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі күні палатаның арнайы сертификатқа ие бизнес-жаттықтырушысы Айнұр Зәуірбекова аталған пәнді оқыту курсы бойынша облыс колледждері оқытушыларының арасында 80 сағаттық дәріс өткізіп үлгерген. Сондай-ақ бизнес-жаттықтырушы Гүлмира Метерова да оқытушылар мен студенттерге өңірімізде «Бастау», «Бизнес-кеңесші», «Бизнес-өсу», «Іскерлік байланыстар» және «Жас кәсіпкер мектебі» секілді жобалар мен тегін оқыту курстары жұмыс істейтінін насихаттауда. Аталған курстарға жастардың 18-29 жас аралығындағы кез келген санатының қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуіне мүмкіндіктері бар. Биыл жоғарыда аталған пәнді 126 мектептің 10-сыныптарында, 19 колледждің – 3 000, жоғары оқу орындарының 2 926 студенті арасында оқыту көзделуде.
Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.