Шеберлік сағатын… суретші өткізді

8

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру аясында және облыстың 80 жылдығына орай суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Құсайынов Тараздағы «Жастар аллеясында» Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының 35 оқушысына шеберлік сағатын өткізді.Іс-шараны аталған мектеп-интернаттың директоры Эльмира Жақсылықова сөз сөйлеп ашып, суретші Болат Құсайыновтың шығармашылық жолына тоқталып, кәсіби маманның мұндай сабағынан талапты балалар жақсы әсер алатынын, қанаттанатынын жеткізді.
Мұнан соң Б.Құсайынов өзінің «Туған өлкем» суреттер жинағын оқушыларға таныстырып, еңбектерінің дүниеге келу тарихына тоқталып, өзінің Тараз қаласына қойылған Нұрғиса Тілендиев, Сағадат Нұрмағанбетов, Т.Рысқұлов ауданының мектептеріне орналастырылған Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов бюсттерінің авторы екенін айтып өтті. Іс-шараға суретшінің ұлы, республикалық байқаулардың жүлдегері Ерболат Құсайынов та атсалысты.
Кейіннен балалар өз қалауларымен табиғат аясында отырып сурет салды. Олардың ойлары ұшқыр. Мәселен, Айбибі Карина – «Қос аққу», «Түнгі аспан», Шерхан Жолтай – «Әсем сәмбі талдар», «Барыс», Жұлдыз Амангелді – «Табиғат ерекшеліктері», Жанерке Жақсылық «Күз» көріністерін салып, көзге түсті. Таланаттарды тәрбиелеп жүрген «Қылқалам» үйірмесінің жетекшісі Айман Орманованың, іс-шараны ұйымдастырған педагог Айман Мырзахметованың еңбектерін атап өткен жөн.
Шеберлік сағаты соңында Болат Құсайынов үздік шыққан бірнеше оқушыны марапаттап, оларға сыйлықтар берді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.