«АҚЫЛЫ ОЛИМПИАДА» АҚША ТАБУДЫҢ ЖОЛЫ МА?

21

Соңғы жылдары ақылы олимпиадалар деген қаптап кетті. Оқушысы қатыспаса – мұғаліміне сын. Содан кейін ұстазы шәкіртін үгіттейді. Ал бала ата-анасынан ақша сұрайды. Перзентіне сабаққа киіп баратын киім-кешегін тауып беруді былай қойғанда, ата-аналардың уайымы кейінгі кезде осындай түйткілмен толыға түскендей.
Қалай десек те бүгінгі күні ақылы жарыстардың көптігі соншалық, ұйымдастырушылар балаға білім беруден гөрі, бұны «бизнеске» айналдырып бара жатқандай әсер қалдырады. Оның үстіне, ел арасында осындай пысықайлар олимпиадаларды ғаламтор желісі арқылы өткізіп, оны жеке мүдде мен табыс табу көзіне айналдырғаны туралы қауесет те лаулап тұр.
Бұл мәселе Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке де жетсе керек. Республикалық Тамыз кеңесінде министр осы мәселеге қатысты былай деген болатын: «Ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз балаларын қатыстыруға мәжбүр. Кейде ол байқаулардың пайдасы да жоқ. Кейбір интернет олимпиадаларда қағазға басып, ақша төлеп, тапсырма алып үйіне қайтқан бала бүкіл отбасы болып, тапсырманы шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан олимпиадалар бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бар – мектептерде қазіргідей көп әрі ақылы форматтағы олимпиадаларды тоқтату керек. Олимпиадалар мен байқаулар бізде болады. Олар керек! Бірақ бұл ретте министрлік тарапынан нақты регламент жасалады».
Расымен де, білім ошақтарында алыс және жақын қашықтықта түрлі пәндер бойынша ұйымдастырылатын олимпиадалардың көп екенін ұстаздардың өздері де мойындайды. Қалай десек те, баласын мектепке дайындау, қалауынша білім алуына жағдай жасау ата-ананың тікелей міндеті. Бұл қағиданы есінен бір сәтке де шығармайтын олар қалтасындағы қара бақырын суырып берсе де, баласының көңілін тауып бәйек болады. Бауыр етінің зейіні ашылып, сапалы білім алса екен дейді. Осыны жақсы түсінетін ақылы жарысты ұйымдастырушылардың басым бөлігі реті келсе, баланың көңілін тауып, жарыстың жарнамасын жер-көкке сыйғызбай мақтайды келіп.
«Басым бөлігі» деп мейлінше жұмсақ айтып отырмыз. Негізі кез келген оқушы сыныптасының алдында абыройлы болуы үшін сол жарысқа қатысып, үздік шыққысы келетіні айқын нәрсе ғой. Содан ата-анасына қолқа салады. Міне, осы сәтте ғой, әке мен шешенің қатарынан қалмасын деп қалтасындағы тиынын сыпырып алып, баласының алақанына салатыны. Жасыратын несі бар, көздегені қаржыға келіп тірелетін дүниеден сапалы білім іздеудің өзі көңілге қонымсыз емес пе?! Көздегені қаржы деп қалай айтпайсыз, егер ол жарыстар бір емес, бірнеше кезеңнен тұрса және оның әр кезеңіне өткен сайын қатысу жарнасы да қымбаттай беретін болса…
Мәселен, аудандық білім бөлімінің математика пәнінің әдіскері Данияр Жарқынбаевтың айтуынша, аудан мектептерінде ақылы түрде өтетін олимпиадалардың бірі – математика және қазақ тілі пәні бойынша оқушылардың дарындылығын анықтауға арналған «BILGEN BAIGE» және «BILGEN ALAMAN» олимпиадалары. Оның алғашқысы 1-4-сынып оқушыларының арасында, кейінгісі 5-11-сынып аралығында өтеді. Бұл дода төрт бірдей кезеңнен тұрады екен. Әр кезеңнің белгіленген жарнасы бар. Дәлірек айтсақ, мектепішілік кезең 1000 теңге, аудандық кезең 1000 теңге, қалалық және облыстық кезеңге өтсеңіз де дәл осындай қаржы төлеуіңізге тура келеді. Ал жолыңыз болып республикалық кезеңіне өте қалсаңыз 5000 теңге жарна төлеу міндеттелетін көрінеді. Д.Жарқынбавтың сөзіне сенсек, «BILGEN» Ұлттық орталығы ұйымдастыратын дәл осы олимпиадаға биыл ауданнан 900 оқушы қатысып, оның 700-і келесі кезеңге өтіпті. Орташа есеппен, аталмыш орталық алғашқы кезеңнің өзінде-ақ бір ауданнан миллионға жуық қаржы тауып отыр. Оған еліміздегі барлық аудандарды қоссаңыз қомақты қаржы шығатынын айтпаса да белгілі.
Білім бөлімінің берген мәліметінше, аудандағы оқушылар «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтетін «Ақ бота», «Русский медвежонок», «Кенгуру-лингвист», Кенгуру-математика», «Золотое руно» және «BRITISH BULLDOG» сынды зияткерлік ойындарға үнемі қатысып тұрады екен. Жеткен жетістіктері де аз емес. Сондай-ақ осы бөлімнің әдіскері Айсұлу Байжолованың сөзінше, интеллектуалды ойындарға қатысатын оқушылардың тізімі аудандық білім бөлімінде жинақталып, қатысу жарнасының түбіртектері сақталатын көрінеді. Жалпы, еліміздегі дарынды балаларды мемлекеттік деңгейде қолдау жұмыстарын үйлестіруді Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруы тиіс. Десе де бұдан бөлек «Эрудит.kz», «NIO.KZ», «KIO» сынды ақылы интернет олимпиадалар мен зияткерлік жарыстарды өткізетін жекеменшік ұйымдар толып жатыр. Бәлкім, бұндай жарыстар шынымен де оқушының ой-өрісін дамытып, деңгейін өсіретін болар. Сөйткен күннің өзінде оны арнайы министрліктің бақылауымен, өз саласының білікті мамандарымен бірлесіп шешкен жөн секілді. Әйтпесе, бүгіннің өзінде көптеген жеке кәсіпкерлер білім саласында жабайы нарық қалыптастырып алғандай.
Қазіргі кезде ұйымдастырылып жүрген ақылы жарыстарда белгілі бір жетістікке жеткен оқушыға арнайы сертификат берілетіні белгілі. Алайда, Айдаркүл Қораласова есімді ата-ана аталмыш дипломдар мен сертификаттардың оқушы үшін ешқандай да пайдасы жоқ екенін айтады. «Қазір бізде бір емес, бірнеше сертификат бар. Бірақ одан келіп-кетер пайда жоқ. Әрине, өткізіліп жүрген ақылы олимпиадалардың тапсырмалары мектеп бағдарламасына сай немесе сол жарыстарда қол жеткізген көрсеткіштері оқушылардың тоқсандық бағаларына әсер ететін болса онда оның жөні бөлек. Оның үстіне, бұл жарыстар оқушының көп уақытын алады», – дейді ол. Сонымен қатар аудандағы бір мектептің түлегі Ақерке Азаматқызы да бұндай олимпиадалардың бірнешеуіне қатысқан екен.
– Ақылы түрде өткізілетін жарыстардың саны өте көп. Өзім жақсы көріп оқитын пәндерге қатысты бірнеше олимпиадаға қатысып, бағымды сынап көргенмін. Мәселен, мамыр айында «Қазақстан тарихы» пәнінен өткізілген «KIO» олимпиадасына қатысып, бірінші орынға ие болдым. Бұл жарыс екі кезеңнен тұрады. Интернет желісі арқылы қашықтықтан өткізілетін олимпиаданың алғашқы кезеңіне қатысу үшін 500 теңге төледік. Жеңімпаз атанған соң ұйымдастырушылар дипломымды интернет арқылы жіберіп, оны мұғалімдер шығарып берді. Әрине, алғашында алдыңғы орындардан көрініп, бірінші орынға ие болғанда қатты қуандым. Дегенмен бұл олимпиадада жеткен жетістіктерімнің ешқандай пайдасы жоқ екенін енді түсіндім. Шүкір, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Бірақ жоғарыда атап өткен жетістіктерімнің оқуға түскенде еш пайдасы болмады, – дейді ол.
Демек, жекеменшік ұйымдар өткізген ақылы олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарындағы білім беру гранттарына қол жеткізуде ешқандай жеңілдіктер қарастырылмайды. Осы орайда, бұндай олимпиадаларға кім үгіттейді деген сауалға да жауап іздеп көрген болатынбыз. Алайда барлығының беретін жауабы «Кез келген мектептің әкімшілігі таңдау баланың өз еркінде. Оқушыға ешкім талап қоймайды» дегенді алға тартады. Біз осы мақаланы әзірлеу барысында қызықты мәліметке тап келдік. Естуімізше, жарыстардың деңгейінен тыс, қандай да бір олимпиада, конкурс немесе басқа да мектеп қабырғасында өткізілетін жарыстан оқушы жетістікке жетіп жатса, ол мұғалім үшін үлкен жетістік екен. Өйткені мектепте «мұғалімнің жетістік кітапшасы» деген бар. Оған оқушылардың жетістігі де қосылады. Көбіне-көп бұндай жетістіктер мұғалімнің аттестациядан өтетін кезінде септігін тигізетін көрінеді. Басқаша айтқанда, бұл – біреулер үшін қаржы табудың көзі болса, мұғалімдер үшін санатын көтеруге қажетті құжаттарды толықтыруға мүмкіндік. Ақылы олимпиадаларға ұстаздардың өз оқушыларын қатыстырғысы келіп тұратыны да сондықтан.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.