Мақсат – балалардың құқығын қорғау
Мақсат – балалардың құқығын қорғау
Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін еліміздің 16 өңірінде балалар мен отбасыларды қорғау бойынша тәжірибелік іс-шараларды қарастыратын Жол картасы жасалып, жүзеге асырылуда. Онда әрбір отбасының қаржылық жағдайын жақсарту, балалар үшін қауіпсіз ортаны құру, жұмыспен, қосымша біліммен қамтамасыз ету және учаскелік қызметтерді, инспекторларды, дәрігерлер мен мектеп психологтерін мекемеаралық үйлестіру бойынша жетпістен аса іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Басты мақсат – кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және алдын алу. «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және жинау мәселесі жөніндегі жұмыс тобы Жамбыл өңіріне табан тіреді. Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Әділет, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен прокуратура өкілдерінен құралған мекемеаралық жұмыс тобы облыс әкімдігінде кеңейтілген жиын өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қатысқан көшпелі кеңес отырысында балалар құқығын қорғау бағытында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Жиында топ жетекшісі Рысты Жұмабекова қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және балалық шақтың қорғалуын және өңірлік деңгейде балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметін саралау үшін тиісті басқарма басшыларының ұзын-сонар баяндамасын тоқтатып, сұрақ-жауапқа көшті. Алайда басқарма басшылары кейбір сұрақтарға айтар жауап таппай қиналды. Мәселен, облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Жол картасының «Бақытты отбасы» партиялық жобасының тармақтарын атай алмай, жүкті болған оқушылардың мәселесіне келгенде, нақты санын білмей әлек болды. Ал осы мәліметті мүдірмей айтқан денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов суицидке қатысты жалпы ақпардан әрі аспады. Балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің сараптамалық тобы бүгінгі таңда 11 өңірге барып, олардың әрқайсысында орта есеппен 11-13 аудан және қалалардағы, шалғай ауылдардағы жағдаймен танысып, әр облыста 90-ға дейінгі әлеуметтік нысан мен балалар мекемелерінің жұмысын зерттепті. Біздің өңірге келген жұмыс тобы балаларға ең қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау мәселелерін сараптайтынын алға тартты. – Балалар өміріне қатысты отбасы, мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, көшелер, аулаларды зерделей отырып, біз «Бақытты отбасы» Жол картасына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі іс-шараларды ұсынамыз. Бұл, бірінші кезекте балалар қараусыздығы, суицидтің және балалар қылмысының алдын алу, сонымен қатар тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету мен балаларға қауіпсіз жағдай жасау жөніндегі іс-шаралар, – деген Рысты Мағауияқызы атқарылып жатқан жұмыстар негізінен осы жоба аясында іске асырылып жатқанын қадап айтты. Көпшілікке онымен қайта танысып шығуды тапсырды. Жиында жергілікті құрылым өкілдері өз ұсыныстарын айтты. «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес өкілдері мұнан кейін 4 топқа бөлініп, Тараз қаласында «Ана мен бала» облыстық оңалту, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтары мен саңырау және нашар еститiн балаларға арналған «Мейiрiм» арнайы түзету мектеп-интернаты секілді нысандарды аралады. Сонымен қатар жұмыс тобы бірнеше бағыт бойынша Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Қордай, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарын аралап, зерделеу жүргізеді. Көшпелі сараптамалық топтың жұмыс сапары алдағы күндері көршілес Түркістан облысында жалғасады деп жоспарлануда.
Альмира Омарова