Саясат

Петр Порошенко Украинаны қолдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді

Петр Порошенко Украинаны қолдағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді

Украина Президенті Петр Порошенко Минскіде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде украиндық-қазақстандық қатынастардың көптеген салада келешегі зор екеніне сенім білдірді. Бұл туралы Украина Президентінің сайтында хабарланды. Украина Президенті бүгінгі Донбасстағы бейбітшілікті қалпына келтіруге бағытталған Украина-ЕО-«Еуразиялық үштік» форматында өткен кездесуге үлкен сенім артатынын атап өтті. Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа Украинаны қолдағаны үшін алғыс сезімін білдірді. «Сіздің нық қағидатты ұстанымыңызды білемін. Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, бейбітшілік орнату мәселесінде шешімді әрекетіңіз бен қолдауыңыз үшін алғысым шексіз», - деді Президент. Нұрсұлтан Назарбаев Донбасстағы жағдайға қатты алаңдайтынын жеткізді. Оның пайымдауынша, бұл мәселені жедел реттеу үшін  бар күш-жігерді жұмылдыру қажет. «Ең бастысы, Сізге Путинмен көзбе-көз, тікелей сөйлесу керек деп санаймын», - деді Н. Назарбаев. Ресей үшін де, Украина үшін де, оның пікірінше, бұл сын сағаты, себебі «бұдан әрі қантөгістің жалғасуы мүмкін емес». Қазақстан Президенті екі жақ мәмілеге келген сәтте ғана жағдай реттелетінін айтты. «Соғысты тоқтату үшін оның қисынды шешімін табу қажет», - деп атап өтті ол. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Украинаға Қызыл Крест аясында гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екендігін айтты. Қазақстан Президенті оның елі Украинамен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді. Ол бұл мәселеде «Қазақстан үшін Украина мен Еуропалық Одақ арасындағы қауымдастық туралы келісім кедергі бола алмайтынын» атап өтті. Украина Президентінің пікірінше, Украина мен ЕО  бір жақтан, Кеден Одағы елдері екінші жақтан Еркін сауда аймағы үлгісін қалыптастыруда барлық тосқауылдарды алып тастауы тиіс. «Біздің осы бағыттағы ынтымақтастықты айтарлықтай тереңдетуге әлеуетіміз жетерлік»,-деп атап өтті Петр Порошенко. Ақпарат көзі: www.kazinform.kz