Білім

Пәкизат павловния, барқыттай жұмсақ бозарша және мәңгі жасыл қарағай

Пәкизат павловния, барқыттай жұмсақ бозарша және мәңгі жасыл қарағай

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="108856,108857,108858"]

Тараз қаласының сән-салтанатын асырған жасыл желектерге айналды

Жамбыл жері қашанда жасыл желегімен, тазалығымен өзгелерді тамсандырып, көп өңірлердің көш басында келеді. Алып ағаштармен көмкерілген саябақтарды айтпағанның өзінде, көшелерде де тал-дарақтың түр-түрі өсіп тұр. Өйткені жасыл желекке орау арқылы қала ажарын аша түсу қай кезде де облыс, қала әкімдігінің күн тәртібінен түскен емес. Алайда расы керек, миллиондаған қаржы бөлініп, басталған іс әрдайым соңына дейін жете бермейтін. Тал-дарақтар уақтылы суарылмай, күтімі кемдігінен біраз бөлігі көктей солып, жаздың аптап ыстығына шыдамай қурап қалатын. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов те қызметіне кірісе салысымен «жасыл белдеу» мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Былтыр көктемгі екі айлық аясында облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған сенбіліктер кезінде Тараз қаласының аумағына 6100 қылқан жапырақты ағаш түрлері отырғызылыпты. Ерекшелігі сол, Асқар Исабекұлы бұл жолы бұрын-соңды өңірімізде өсірілмеген «Павловния» ағашын отырғызуды ұсынды. Көзі қарақты қала тұрғындарының біразы жүрек пішіндес, диаметрі 45-75 сантиметрге дейін жететін алып жапырақты ерекше ағашты байқаған да болуы керек. Ағаштың атауына үңілер болсақ, Филипп Зибольд және Йозеф Цуккарини есімді ғалымдар бұл дараққа император І Павелдің қызы Анна Павловнаның құрметіне «Павловния» атауын берген екен. Анна деп аталатын өсімдік тектері бар болғандықтан, қыздың әкесінің атымен атауды ұйғарыпты. «Бигнония» тұқымдасына жататын «Павловния» әлемде ең жылдам өсетін ағаш екен. Айналасы 5 жылда 20 метрге дейін жететін одан шеберлер музыкалық аспаптар жасаса, тұқымы техникалық майдың көзі саналады. Жеңіл әрі жұмсақ болған соң, Жапония мен Қытайда бұл ағаштан тек музыкалық аспаптар емес, жеңіл жиһаз, шағын тұрмыстық заттар, түрлі тақтайлар, сондай-ақ тау және сноуборд шаңғыларын, үстел теннисі ракеткаларын жасауға кеңінен қолданылады. Жұрт арасында «ағаш алюминий» аталып кеткен «Павловния» жиһаз өндірісіне қолданылатын басқа ағаштардан шамамен 30 пайызға жеңіл екен. Жапырағы үлкен болғандықтан, саясы да кең. Алты апта бойы гүлдейтін бұл тал оранжерея, қысқы бақтарды көгалдандыру үшін де таптырмайды. Әр үш жылда 8 рет кесіп алып, кәдеге жаратуға болады. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді гүлдейді. Бағбандар «талдың күтімі жақсы болса, 100-180 жылға дейін өмір сүреді» дегенді алға тартады. Міне, осындай ерекше ағаштың былтыр «Желтоқсан» аллеясына 96 данасы, темір жол бекеті аумағына 11-і, «Жеңіс» саябағына 87-сі, «Қазақ хандығы монументі» скверіне 87-сі отырғызылыпты. – Бұдан бөлек, алып ағаш былтыр ҚР Тұңғыш Президенті саябағына, Д.Қонаев ескерткішінің жанына, «Сарайшық», «Пушкин», «Достық» скверлеріне, «Тараз» қонақүйінің алдына, Назарбаев зияткерлік мектебінің маңына егілді. Жалпы саны 614 түп «Павловния» көшетін отырғыздық. Шүкір, қазір саябақ, сквер, аллеялар қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың бір мезгіл тынығуына бар жағдай жасалып келеді. Міне, сондай қоғамдық орындарға алдағы уақытта тек қана «Павловния» емес, өзге де сәндік ағаштарды егу жұмыстары пысықталуда, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС көгалдандыру учаскесінің меңгерушісі Гүлнар Оразалина. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» демекші, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін халықпыз ғой. Көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру істері бір «Павловния» егумен бітпейді, әрине. Соның бірен-саранын айтар болсақ, өткен жылы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС 105 темір жол разъезіне барар жолдан автобекетке дейінгі жолдың бойына 620 бозарша, Айша бибі көшесіне 200 қарағай мен 247 жапырақты ағаш түрлерін отырғызыпты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті «Құмшағал» шағын ауданының 2 гектар жер теліміне 3 мың, Төле би даңғылының соңындағы ТМЗ аумағына 3 мың көшет, «Бәйтерек» шағын ауданындағы облыстық және қалалық балалар ауруханасының маңына 100 қарағаш, 100 терек еккен. «Шалғай Қарасу» мен «Көлтоған» шағын аудандарының арасындағы 4,8 гектар жер теліміне де 6000 дана көшет отырғызылған. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан Назарбаев зияткерлік мектебі маңына 100 жеміс ағашы егілген. «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында облыстық перинаталдық орталық аумағы 30 бозарша ағашымен ажарланыпты. Жалпы аумағы 12 мың шаршы метрге егілген гүл көшеттері, 720 дана қылқан жапырақты көшеттер де «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне, саябақтар мен скверлерге, әуежай аумағына, көше бойларына әр беріп тұр. Тізе берсек, басқа да мекемелер тарапынан жасыл желек орнатуға атсалысқандары көп-ақ. Алайда маңыздысы, соларды қуратпай, күтіп-баптай білу. Ол үшін Тараздағы 16 саябақ пен сквердің көгал алаңдарына автоматты суару жүйесі жасалған. Су құбырларының ұзындығы – 11313 метрді, суармалы жер көлемі – 30470 шаршы метрді құрап отыр. 120 мың текше метр жасыл желек көлікпен нәрлендіріліп, 500 мың шаршы метр аумақ тамшылатып суғару жүйесіне қосылған. Тараз қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, жалпы алғанда, Тараз қаласы аумағында «жасыл белдеу» құру үшін жер телімдері екі жерден таңдалған. Оның алғашқысы – Төле би даңғылының соңындағы ТМЗ және айналма жол аймағы болса, екіншісі – Тараздың оңтүстік-шығысында орналасқан, сүзгілеу алаңына арналған жер телімі. Бірінің аумағы 26,6 гектарды, екіншісінікі – 103,4 гектарды алып жатыр. Биыл қала аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі күзгі екі айлық барысында 800 дана тал-теректер отырғызу жоспарланған. Әзірге оның 391-і егіліп, күтіп ұстау, суару жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Эко сағат» акциясы аясында да тал-дарақтар отырғызылып, Тараздың ауасы тазара түсіп, келбеті көкжелекпен көмкеріле бермек.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.