Саланы субсидиялау автомат тандырылған жүйеге көшірілді
Саланы субсидиялау автомат тандырылған жүйеге көшірілді
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бергі жылдар ішінде қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер орын алуда. Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы түзіліп, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игілікті істер жүзеге асырылу үстінде. «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» – деп көрсетілгені белгілі. Осыған байланысты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударылып отыр. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Елбасы 2018 жылғы халыққа арнаған Жолдауында ең әуелі рұқсат беру құжаттарының тізбесін қысқарту керектігіне назар аударып, электронды үкіметті дамыту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде қадау-қадау тапсырмалар жүктеген-ді. Мұның еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жемқорлық көріністері мен үстем билік тосқауылдарының азаюына негіз болатыны хақ. Бұл міндеттердің мүлткісіз орындалуы – басты назарымызда. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткішіне айналатын болады. Елбасының тапсырма, міндеттеріне сәйкес, 2013 жылдың 15 сәуір күні «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданған-ды. Осы Заң талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы азаматтардың құқықтары мен мүдделері қорғалуына бағытталған. Осы орайда, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 11 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 84-тармағына сәйкес, яғни мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 2019 жылы 80 пайызға дейін, ал 2020 жылы 90 пайызға дейін электрондық форматқа көшіру аясында тиісті жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Осы мақсатта «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялаумен байланысты көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі» жол картасының аясында 2019 жылдан бастап басқармада субсидиялауға қатысты көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері электрондық түрге көшірілді. Аталған жол картасының аясында qoldau.kz ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Басқарма тарапынан 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрінің жалпы саны – 26 бірлікті құрайды. Оның ішінде, 5-еуі қағаз, 21-і электрондық түрде көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 8 айында – 3514 мемлекеттік қызмет (олардың қағаз түріндегісі – 410, электрондық түрдегісі – 3104) көрсетілді. Жалпы, басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрінің 6-ауы заңды тұлғаларға, 1-еуі жеке тұлғаларға, 19-ы жеке және заңды тұлғаларға арналған. Мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің 5-еуі ақылы, 21-і тегін түрде жүзеге асырылады. Басқармада жеке және заңды тұлғаларды қабылдау да кедергісіз және жайлы орын үшін бірінші қабатта бейнебақылау қондырғысымен қамтылған ашық кабинет қарастырылған. Сенім телефондары (45-42-30, 45-55-32) жұмыс істейді. Сондай-ақ басқарма ғимаратында жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне арналған арнайы жәшік орнатылған. Азаматтарды жеке қабылдау бойынша басшының және оның орынбасарларының кестесі бекітілген, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді сапалы көрсету мақсатында ғимараттың ішінде көрнекі ақпараттар орналастырылған. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттерінің дұрыстығын қамтамасыз ету үшін басқарманың ресми сайтында барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттері мен стандарттарына байланысты Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесіне (adilet.zan.kz) сілтеме жасалынған. Басқарма қоғаммен байланыс орнату мақсатында «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде парақшаларын ашып, өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты тұрғындардан түскен сұрақтарға дер кезінде жауаптар қайтаруда. Мемлекеттік қызметтер көрсету барысында негізсіз бас тартулар, арыз-шағымдардың мерзімін бұзу және ақпараттық жүйелерге қате енгізу деректеріне жол берілмеуі жөнінде тиісті міндеттер жүктелген қызметкерлерге басшылық тарапынан қатаң ескертіліп отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттарда да өз жалғасын табатын болады.
Даниярхан МАХАМБЕТОВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мониторингі және цифрландыру бөлімінің бас маманы.