- Advertisement -

Аулаларды түгел қамтудың маңызы зор

40

- Advertisement -

Шу ауданындағы Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғындарының үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеруге деген талпыныстары жоғары. Олар облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасына енгендерін өздеріне берілген үлкен мүмкіндік деп санайды. Жаңақоғамдықтар 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, жобаның басқа да бағыттарын пайдаланып, еңселерін тіктеп, тұрмыстарын түзеуге білек түре кіріспек. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің ауылдықтармен кездесуінде жан-жақты айтылды.

Басқосу барысында аталмыш жоба аясында ауылда атқарылатын жұмыстар реті баяндалды. Округ әкімі Нәйла Қондыбаева жобаны жүзеге асырудың жүйесін нақтылау үшін әрбір аулаға түсіндіру, есеп-қисап шаралары және сауалнама жүргізілгенін жеткізді. Округ бойынша жалпы 493 аула болса, онда барлығы 2 889 халық тұрады. Жалпы, ауылдағы 493 ауланың үй іргесіндегі жер көлемі 98,6 гектарды құрайды. Бұл аулаларды сусорғыштар арқылы толығымен сумен қамту жоспарлануда.
Бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша округтегі барлық отбасы қамтылмақ. Жаңақоғамдықтар негізінен қырыққабат, қияр, қызанақ егіп, екі айналымда өнім алуға ынталы. Екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша санақ жүргізіліп, 179 аулада мал жоқ екендігі анықталған. Жоба аясында 3 950 бас мал сатып алынуы жоспарлануда. Асқар Исабекұлы жобаның бағыттары бойынша аулаларды түгел қамтудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Ол үшін несие беру шарттарын да тұғындар тарапына қарай жеңілдетудің жолдарын қарастыру керектігіне көңіл бөлді.

Аулалардағы жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру мақсатында Жаңақоғам ауылында ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтитын «Омар-Шу» кооперативі құрылған. Құрылым сапалы тұқым, техника тапшылығы, тыңайтқыштармен қамту, өнімдерді өткеру, агроном маман ұстау секілді өзекті мәселелерді шешумен айналыспақ.
Аталмыш кездесуде ауыл тұрғындары пилоттық жобаның бірқатар механизмдеріне қатысты сауалдарын жолдап, нақты жауаптар ала білді. Асқар Исабекұлы пилоттық жобаның тиісті қаражатын бөлуге қатысты ҚР Үкіметінің нақты шешімі шыққанын тілге тиек етіп, баянды бастамаға барынша жұмыла кіріскенде ғана жемісті нәтижеге қол жеткізуге болатынын баса айтты.
Аудандағы жұмыс сапары барысында аймақ басшысы бірқатар нысандарға бас сұқты. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов Шу ауданындағы жұмыс сапары аясында «M-Kat Green» ЖШС күн электр стансасы «ШУ-100 МВт» жобасының құрылысын көрді. Күн электр стансасының құрылыс жұмыстарына 500 гектар жер телімі берілген. Жобаны желтоқсан айында өтетін республикалық телекөпір арқылы тікелей эфирден көрсету жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 45 пайызы аяқталып, қажетті жабдықтардың 70 пайыздан астамы жеткізілген. Жобаның операторы «KEGOK» АҚ болғандықтан, өндірілген қуаттың барлығы аталған операторға сатылатын болады.
Аудандағы жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында жоба жүргізуге ниетті кәсіпкерлермен кездесті. Басқосу барысында аймақта салынатын «Қызылша» ЖШС-ның Қант зауыты және «Farm Frites» ЖШС-ның «фри картофелі өндірісінің» жоспарлы жұмыстары баяндалды. Өндірістердің құрылыстарын бастауға тұсау болып отырған мәселелер айтылды. Жер мәселесінің шешілуіне ықпал ететінін айтқан аймақ басшысы қант зауытының құрылысын уақыт созбай бастауды тапсырды. Өз кезегінде жоба иелері зауыттың іргетасын қалауға осы жылдың қазан айынан кірісетіндеріне сендірді. Тәулігіне 8 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы кәсіпорын 2022 жылы толығымен іске қосылады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам тартылмақ.
Жиында облыс әкімі арнайы экономикалық аймақта жоспарланған жобалардың тезірек жүзеге асуына, инвесторларды тартуға жергілікті билік мүдделі екендігін айтып, туындап отырған кедергілердің оңынан шешілуіне жауапты тұлғалар барынша атсалысу керектігін ескертті.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support