Сәулембай
Сәулембай
Күләш Ахметова
- Япыр-ай, әнді осынша әсем шырқап отырған кім? - Әбсадықтың баласы ғой. - Сәулембай ма? - Ол осындай жігіт болып қалды ма? Әкесі дүниеден қайтқанда кішкентай сары бала еді, өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңіші. Еңбекке де жарап қалған шығар? - Е, еңбек етіп жүргеніне 2 жыл болды ғой. Қазір совхоз клубында жұмыс істейді, өнерпез жастарды ұйымдастырып талай мәдени істің ұйытқысы болып жүр емес пе? – деді төменірек жақта отырған аққұба келіншек. - Әкесі марқұм да кезінде сал-сері атанған, ойын-сауықтың сәні болған қадірлі жігіт еді, - деп, орта жастағы қарасұр кісі өзінше ойланып кетті. - Уай, ән тыңдайықшы мына баланың сазды әні кәрі құлаққа да жағып барады, мың болғырдың үнінің жұмсағыншы, - деп кимешек киген етжеңді кемпір төргі үйге құлақ түре, ілгері ентелей отырды. Бұл күнде бір өзеннің арнасымын, Кім адал болса соның жолдасымын. Қуан сен қуана бер, әкежаным, Мен сенің өміріңнің жалғасымын. Ән баяу аяқтала берді, аз үнсіздіктен кейін бір кекселеу әйел көңілі босап, көзіне жас алып қалды. Бір түрлі жүрегі шымырлағандай болды, ет бауыры елжірей орнынан тұра бере: - Тоба, тоба, ботам әшейін, - деді. Бұл Сәулембайдың анасы – Қанткүл жеңгей еді. Ауылдағы бір жігіттің әскери борышын өтеп келуіне арналған кеш ұзаққа созылды, ұйымдастырып жүрген Сәулембай. Кеш қызып жатқа кезде сыртқа шықты. Ай астында ауылдың түнгі бейнесі әсемденіп, мұнарға бағынған. Іштен ән естіледі. Сыртта жатқан үй иесі жөтеліп қояды. Ауыл сыртында иттер үріп жатыр. Сәулембай есік алдында тұрған арбаның үстіне шығып отырып ойға шомды. Жаңа «Әке туралы» әнді айтқанда кеудесінде өкініштің мұңы бір толқыны дір етіп еді. Ол кезде бұл 12-13-тегі бала еді. Интернатта оқитын. Әлі есінде, сол жылы қысқы каникулға барғанында, әкесі аса жүдеп қалған екен. Бала жастан мал бағумен айналысып келген Әбсадық қария: «Биыл қойды өткізбесем болмас» деген шешімге келген-ді. Сол жолы баласын шақырып алып ауырлау бір әңгімені бастаған. - Ұлым, менен кейінгі осы үйдің шаңырақ иесі болар азаматы сенсің. Әкпең Қымбат қыз бала ғой, оның нәзік жаны өмір тауқыметін көтере алмас. «Айналдырған ауру алмай тынбайды» деуші еді, жасым жетіп отырмаса да меңдеген сырқат дендетіп барады, бір күні мына қызық дәурен сырт айналады-ау деймін. Бір ғана өкінішім бар. Әкеміз баяғыда «Ат тапсам жіп таппадым жетелеуге, үй тапсам кірер ме едім кепелерге» деп отырушы еді. Сол айтқанды ойланып қарасам, сені жеткізе алмағаныма қиналамын. Өнер, білімге бейім едің, бірақ жасыма, еңбектен қашпа, адал адам бол балам. Мен жетпеген арманға, сендер жетіңдер, -деп таусыла сөйлегенде есейіп қалған әкпесі Қымбат көзінің жасы мөлдіреп әкесі мен інісінің бетіне қарай бергені сол еді ұзамай-ақ мәңгілік сапарына аттанып кетті. Бір шаңырақ ойсырап қалды, екі-үш жанның сүйеніш бәйтерегі құлап түсті. Қымбат 8-класты бітіріп, еңбекке араласты. Ауыл-ағайынның алғыс-құрметіне бөленді. 3 жылдан соң Сәулембай да орта мектепті бітірді. Совхоз дирекциясынан жұмыс сұрады. Содан бері бір үйдің ыстық-суығын сезініп келеді, әсіресе есінде қалған бір оқиға Қымбаттың тұрмыс құруы еді. Бір күні жұмысқа кеткелі жатқанда анасы жанына келіп: - Сәулеш, Қымбат әкпең ұядан қияға ұшыпты, әлгі келгіштей беретін шофер баламен кетіпті. Сөздері бар деп естуші ем, шынға айналғаны ғой – дейді. Сәулембай біртүрлі жалғызсарап қалғандай болды. Көкірегіне қимастық ыстық сезім ұялап, анасы ұсынған айранды да іше алмай жұмысқа кеткен. Үйден шыққан қыздардың біреуі: - Ой, кәні, ақын болатын жігіт айлы түнді – тамашалап далада отыр ғой, - деп еді рахаттана күлді. Жиырмаға жаңа толған жігіттің еңбек жолы ерте басталған еді. Ол қазір сохвоз клубында көркемөнерпаздар ұйымдастырушысы. Жастар С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» атты пьесасын сахнаға әзірлеу үстінде. Жуық күндері олар шабындықтағы дала қосында концерт қоймақшы. Жақында жастар Сәулембайдың үлкен бір қуанышына ортақ болды. Цехтық комсомол ұйымының секретары болған, еңбекте абыройлы, талапты жігітті аудандық комсомол комитеті партия қатарына кандидаттыққа ұсынған. Ол аудандық партия комитетінің бюросынан КПСС мүшелігіне кандидат болып қайтты. Бұл күні Сәулембайдың да, Қанткүл апайдың да қуанышында шек болған жоқ. Сәулембай осы күзде Қазақ мемлекеттік университетінің сырттай оқытатын бөліміне емтихан тапсырмақшы. Оның бұл оң қадамына бүкіл ауыл, дос-құрбылары тілектес.
«Талас» совхозы, Талас ауданы. (Облыстық «Еңбек Туы» газетінің 1969 жылғы 29 тамыз күнгі санында жарияланған мақала).
БІЗДІҢ СӘУКЕҢ
Көсемәлі Сәттібайұлы
Жақсылықты ұмыту жақсы қасиет емес. Біреу саған бір кездері мысқалдай болса да жақсылық жасады екен, ендеше соны еске алып, елмен бөліс, ұрпаққа үлгі ет. Сәулембай ағамен ең алғаш рет Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде таныстым. Газеттің сол кездегі бас редакторы Оразбек Баймұратов құрылысшы боп жүрген жерімнен аудандық басылымға қызметке шақырды. Оған апта сайын жарияланып жатқан мақалаларым себеп болса керек. Ал себептің салдарсыз болмайтыны рас болса, «осы баланың жазуы тәуір, редакцияға жұмысқа шақырайық» деп жүрген Сәулембай ағаның дәл өзі деп ойлаймын. Өйткені менің «кейіпкерлерім» шетінен жұмысшы, құрылысшы, сушы, жүгеріші, тракторшы, жүргізуші, қойшы, қошқаршы, сиыршы болып келетін. Ал осы еңбекторылары жайлы мақалалардың бәрі Сәулембай ағаның қолынан өтетін. Аудандық газеттегі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәукеңе керегі де «қара жұмысшылардың» қайнаған қазанынан шыққан адам екен. Тілшілікке кіріскен алғашқы айлардың бірінде бастығым «ерулікке» шақырды. «Ерулік» деп «құтыртып» отырған мен, әйтпесе, сол кездегі қызметкерлер түскі асты бір-бірінің үйінен іше беретін. Сәкеңнің шаңырағы Ақкөлдің бір қиырындағы кішкентай тоқал там екен, соның өзін бір қожайыннан жалға алып, жамбаспұл төлеп отырған жайы бар. Келсек үйінде ешкім жоқ. Бірақ бастығым саспады, иегін бір сипап қойып, кешкі астан қалған дайын вермишельді жылытып, алдымызға әкеп қойды. Ішетін бірдеңесі тағы бар. Содан жақсылап тұрып «корольдерше» тойып алдық. Енді редакцияға қайтуымыз керек. Ол кезде Ақкөлде автобус жүрмейтін. Есіктен шыға бергеніміз сол Сәкең «мынаны жеңешеңе ала кетейік» деп, әдетте асханалардың пештерінің үстінде тұратын үлкен ақ кәстірөлді көрсетті. Біртүрлі боп қалдым. Өйткені редакциямызға апаратын жол Ақкөлдің тура ортасымен өтеді. Ал орталықта өзім құралпы жастар, әсіресе қыздар көп жүреді. Он тоғыздағы жасқа сол сән-салтанатты жермен ақ кәстірөлді көтеріп жүру ұяттау көрінді. Бірақ Сәукең шын ниетімен өтініп тұрған соң әлгінің бір «құлағынан» ұстауға тура келді. Екінші «құлағынан», әрине, бастығымның өзі қармады. Содан не керек, Ақкөлдің тура ортасындағы асханада аспаз боп істейтін Сәукеңнің үйіндегі жеңгемізге жеткенше қара терге түстім. Бірақ сыр бергенім жоқ. Кәстірөлді құтты орнына қондырып, құтылған кезде ғана арқамнан бір ауыр жүк түскендей болдым сонда. Осы оқиғаны кейін Сәукеңе күліп отырып айтып берсем, «өй, сол кезде айтпадың ба?» дейді ыңғайсызданып. Мен де ағамды қызартпайын деп «Сіздің кәстірөл бер жағы ғой, Сәбет деген милиция көкем бозбала боп қалғаныма қарамастан автобуспен тауық тасытқан әуелі» деп, жуып-шайып жібердім. Бәрібір бұл менің аудан орталығы саналатын Ақкөл деген қала тектес үлкен ауылдағы ең беделді мекемелердің біріндегі ең бақытты күндерім еді. Тапсырманы Сәкең береді. Мен жазамын. «Қара жұмысшылардың» қақ ортасынан келгеннен соң ба, редакция өмірі мен үшін жұмақ-сынды. Бес күн жұмыс істеп, сенбі, жексенбі күндері демалатындарына, әр он бес күн сайын біресе «аванс» деп, біресе «айлық» деп ақша алатындарына таң-тамаша боп жүрем. Ауылда шөпте жұмыс істеп жүргенде түскі шәймен «жұбанатын» қарыным, мұнда келгелі түскі асқа «бірінші» мен «екіншіні» ішіп-жеп, тіпті, тыңқиып, «тоқмейілси» бастады. Айт, айтпа, керемет өмір енді! Бір күні Сәукең өңкей цифрлардан тұратын құжатты қолыма ұстатып, «осы бойынша аудандағы қой басының өсімі туралы мақала жаз» деді. Бес жылдың қорытындысы екен, сондықтан «Бесжылдық баспалдақтары» деп тақырып қойдым да, шүпірлеген цифрларды «сөйлетіп» кеп жібердім. Сәукең бір қарады да қол қойып, редактроға жіберді. Одан өндіріске кетті. Мақала газетке жарияланғаннан кейін редакторымыз Оразбек Баймұратов шақырып алып, «мына жазған шолуыңды аудандық партия комитетіндегі жігіттер мақтап жатыр, жарайсың» деді. Міне, мен осылай да осылай Оразбек (марқұм) пен Сәулембай ағаларымның арқасында журналист боп шыға келдім. Бұл жақсылықты қалайша ұмытарсың. Бірақ... Ауылдағы еркіндікке үйреніп қалған мені редакцияның сағатпен өлшенетін өмірі «тордағы бұлбұлдың» мүшкіл халіндей зеріктіре бастады. Жиналыстан жиналыс, командировкадан командировка, күн сайын қағазға шұқшиып мақала жазу, одан қалса өзің білмейтін бір қойшының, жылқышының, құрылысшының атынан тәжірибеңді бөлісіп, «сөйлеу» (мақала жазу) таза азап еді енді. Сөйтіп жүргенде әскерге шақырту қағазы келе қалды. «Құдай берді» дедім де, әскери комиссариатқа барып комиссиясынан өтіп, шашымды да алдырып, тақыр бас боп редакцияға қайта келдім. Қайта келдім де Сәукеңе «Армияға кететін болдым» дедім. Ол туған бауырын қимағандай қинала шығарып салды. Шығарып салып тұрып «Армиядан соң тура осында кел, орныңды ешкімге бермеймін» деді. Міне қызық, әскерден келген соң бір аптадан кейін ұшқан ұям – редакцияға соқтым. О, Құдайдың құдіреті, есіктен кіре бергенім сол залда келе жатқан Сәулембай ағамен «соғысып» қала жаздадым. Мені екі жыл бойы күтіп сол баяғы өзі шығарып салған залда ары-бері адымдап жүрген сияқты тура. Қарасам бұрынғы қалпы, құшағын жая ұмтылды. Сосын қолы иегіне бара беріп «баяғы орның бос тұр, тез жұмысқа кел» деді. «Аға, әскерден келгеніме бір-ақ апта болды, ең болмаса енді бір апта демалуға рұқсат беріңіз» дедім. Сөйтіп өз орныма қайта орналастым. Бәрі Сәукеңнің арқасы. Әрине, басшыларға айтып, мені жұмысқа тұруымды ұйымдастырып жүрген де өзі. Бірақ... Бірақ алғаш естіген жаңалығым аса қуанышты бола қоймады. Редакторымыз Оразбек Баймұратовтың басына «қара бұлт» үйіріліпті. КППС-тің Бас хатшысы Леонид Брежневтің көп қызметінің бірі дұрыс жазылмай кеткендіктен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қырына алыпты. О кісінікі де дұрыс шығар, егер шара қолданбаса, онда оның өзіне де сөгіс беріп, облыстық бюрода қарауы мүмкін. Бір айдан кейін Оразбек аға аудандық кинофикация бөліміне басшы болып кетті де, орнына Кеңес совхозындағы партия ұйымына жетекшілік етіп жүрген Әбдірахман аға Әбдірәсілов келді. Әбекең жаңашыл адам болып шықты. Әдебиетке жаны жақын, болашақта жазушы, ақын болам деген жас журналистерге бүйрегі де бұрып тұратын. Сол қамқорлықтың арқасында көптеген жас ақын, жазушылардың «екінші тынысы» ашылды. Мен әлі сол баяғы ауыл шаруашылығы бөліміндемін. Оқырманды жазғаныңа қызықтыру үшін түрлі формаларға бару керек. Сәулембай ағаның бір жақсы жері, еркін жазған дүниеңді жатырқамайды. Сол күйі жібереді. Бұл да маған шығармашылық шабыт берді. Сәукеңді редакторымыз да қолдайды. Бір күні мақаламды оқып отырып бастығым күліп жіберді. Бір кабинеттеміз ғой, мен елең ете қалдым. Сөйтсем, Қаратау совхозының аға шопаны, ол кезде қойшыны неге екенін қайдам шопан деп жазатынбыз, күрді ұлтының өкілі Мұса Сүлейменов деген қойшының елден ерек мінезін суреттеген сөздеріме күліп отыр екен. Мұсаны ауылдастары бар, басқалары бар, бәрі «Бақырауық Мұса» дегендіктен дәл осы лақап атын тақырыпқа шығарғам. Онымен қоймай, неше түрі күлкілі әрекеттерін де сөз еткем. Өйткені оның қоғамға, мемлекетке болсын деген іс-әрекеттері мен айқайларының бәрі күлкі шақырып тұратын. Сәукең соған күліпті, сөйтті де риза болғандағы кейпімен иегін бір сипады да, жылдам басып «Бақырауық Мұсаны» қолына шымши ұстап редакторға алып кетті. Редактор да риза болыпты, бірақ партия комитеті бірдеңе деп жүрер деген оймен ақылдаса келе «Бақырауықты» «Сүлейменов» деп өзгертіпті. Бірақ мақала ішіндегі ойнақы сөздерге тиіспеген. Бұл дүние де аудандық партия комитеті тарапынан басшымызға жақсы пікір естуге ықпал етті. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Өйткені осындай абзал ағалардың қамқорлығының арқасында мен, кейбір еркеліктеріме қарамастан, шығармашылық тұрғыдан өсіп келе жаттым. Осы күні қайран қалам, қанша еркелік жасасам да, аудандық газетте өткен бақандай бес жыл өмірімде Сәулембай ағамен бір кабинетте отырып бір рет «шәй» деспеппін. Тапсырмасынан бас тартып, қарсы да келмеппін. Бұл, сірә, менің мықтылығымнан емес, Сәукеңнің «конфликтіден» әрдайым іргесін аулақ салып, істі бейбіт шешкісі келетін мәмілегерлік мінезінен болуы керек. Әйтпесе, бөлімнің бар жұмысын бастығымның бір өзіне тастай салып, жастық желікпен Жамбыл қаласына екі-үш күнге сұранып кете беретін кездерім көп болатын. Тікелей басшым босатқан соң редактор да үндемейді. Өзі о бастан көп сөйлемейтін кісі еді ғой, жарықтық. Жақында бір таңғаларлық жаңалық естідім. Сөйтсем, мен өмір бойы риза болып, жақсылығын ұмытпай айтып жүретін Сәулембай аға Әбсадықов туралы сонау 1969 жылы ең алғаш мақала жазған бүгінде Алашқа танымал талантты ақын апамыз Күләш Ахметова екен. Соған қарағанда журналистикадағы алғашқы ұстаздан жолым болған секілді.
Даласы мен данасын жырлаған қаламгер
немесе соқпағынан сөз сәулесі тараған суреткер
Баймаханбет АХМЕТ
Қазіргі қолына қалам ұстап жүрген жамбылдық журналистер арасында өндірте жазып жүргендердің бірі де бірегейі Сәулембай Әбсадықұлы десек еш қателеспейміз. Ол жөнінде бүгінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған, белгілі ақын Күләш Ахметова өзі осыдан 50 жыл бұрын мақала жазуының өзі көп жайды аңғартса керек. Сәкеңнің өмірлік ұстанымы айқын, дүниетанымдық көзқарасы қалыптасқан, болмыс-бітімі де бөлектеу, көңілі ақ жайлау азамат болатынын ақын жүрегі Күреңбай сыншыдай таныды ма екен, әлде? Оның орта мектепті бітіріп еңбекке араласқаны, ауылдық клубта та жұмыс істеп, өнерпаз жастарды ұйымдастырып талай мәдени-көпшілік шараларының ұйытқысы болып, басы-қасында жүргені, сірә осы тұс-ау. Көнекөз, кәрі құлақ қариялар Сәкеңнің әкесі Әбсадық та кезінде сал-сері атанған, ойын-сауықтың сәні болған нағыз жігіттің төресі еді деседі. Оның ұлы тегіне тартпай қойсын ба? Әйтеуір жасынан өнерге, әдебиетке, тарихқа құмар болып өскен кейіпкеріміздің өзі де жасөспірім кезінде-ақ мақала, өлең, әңгімелер жазып, жергілікті жердегі газет-журналдарды жағалай бастапты. 1962 жылы жас тілшілердің республикалық байқауының жеңімпазы, ал 1970 жылы мәдениет қызметкерлерінің республикалық байқауының лауреаты атанған. Бертінде Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтының тарих факультетінде оқыды, аудандық газеттегі қызметтердің барлық баспалдақтарынан өтті, ауданның мәдениет саласында да тер төкті. Облыстық «Aq jol» газетінің Талас және Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Осылайша арада өткен жылдар қабілет-қарымы мен білім-білігін шыңдап, әдебиетке, мәдениетке, тарихқа біркісідей жетік болашақ қарымды қаламгер қалыптасып келе жатты... – Мектепте оқып жүрген кезімде ауылымызға ақын Әбділда Тәжібаев келді, мектепте Мырзатай Жолдасбеков, Дәнеш Рахышевпен кездесу өткізілді. Сынып жетекшіміз Керімби Амантаев еді. Мені Мырзатай ағайға әбден мақтап екі өлең оқытты. Үлкен кісілер сәт сапар тіледі. Бұл қанатымның қатаюына қатты әсер етті. Қысқасы, мені Үшарал елінің, жерінің киесі қолдады. Небір жаны жайсаң ағалар шығармашылығымның өсуіне көмектесті. Өзіме Рахыжан Ерсейітов, Алдаберген Сәрсенбаев, Тамабек Қартабаев, Әбілқайыр Сатыбалдин, Тұрғын Қойшығараев,Әбдірахман Әбдірәсілов сияқты ағалардың қамқорлық, жанашырлық көрсеткенін әсте ұмытпаймын. Ал Арғынбай аға Бекбосынов мені республика журналистерінің VII съезіне делегат етіп ұсынды. Сол жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталдым, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып. Сәкең өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының қақ ортасында аудандық газетке қызметке келді. Тұп-тура жиырма бес жасында. Біз ол кезде мектепті енді бітіріп жатқанбыз. Ағамыздың аудандық газетке күн құрғатпай жарияланып жататын мақалалары мен сықақ әңгіме, өлеңдерін оқып, көңілімізде ол кісіні бір көріп, әңгімелессек деген қызығушылық оянғанының несін жасырайын. Рас, өзіммен қатарлас ақын-жазушылар мұндай арманға ертелеу қол жеткізді де, ал менің газетке келуім тым ұзаңқырап кетті. Еңбек майданында, әскер қатарында ширап, араға 10-12 жыл салып барып, мен де «журналистер ұстаханасы» – аудандық газет редакциясының табалдырығынан аттадым. Алғашқы тәлімгер үйретушім де Сәулембай аға болды. Жазу-сызудың барлық ыстық-суығын бастан өткеріп, әбден төселіп, ысылған «ақ мылтық» журналисіңіз де сол. Біраз уақытқа дейін олпы-солпылау мақалам ол кісінің қалам ұшы сәл тисе-ақ, жұмырланып, әп-әдемі болып шыға келетініне қайран қалумен жүрдім. Сол тұста қазіргі мынау деген проблемалық мақалаңыздың жүгін көтеретін «бас мақала» әр нөмір сайын үзбей жарияланып тұратын. Оны жазудың тәсілін де үйрендік. Үйреткен Сәкең, баяғы. Құдайшылығын айтсам, оның бөлім бастығы, кейіннен бас редактор болған кезінде де қарамағындағыларға қиянат жасаған кезі есімде жоқ. Ең бастысы бізге – журналистерге шығармашылық еркіндік берілген. Бұрынғы бас редакторымыз Әбдірахман Әбдірәсілов бастап берген осы жақсы үрдіс Сәкеңнің басшылығы кезінде де үзілмей жалғасты. Оның қамқорлық, жанашырлығы үлкенге де, кішіге де бірдей болды. Алақандай газетіміздің қатесіз шығуына, дер мезгілінде теріліп, қалыпталуына корректор Сәрсенкүл Аманбекованың, баспахана директоры Сәбен Қойшыбаевтың, қалыптаушы Фатима Райымованың, тағы басқаларының сіңірген еңбектері қаншама десеңізші! Сәкең басқарған сол бір еңбеккеш, тату, ауызбіршілігі мол ұжым әлі де көз алдымда. Журналистер Әрінбек Қожабаев, Қамбар Қойшыбаев, Әскербек Құйқабайұлы, Нарша Қашағанұлы, фототілші Үлгібай Райымов ағаларымыздың тәлім- тәрбиесі де есте. Сәулембай Әбсадықұлының да аупартком басшыларының тапсырмасымен изен өсірілетін Оңтүстік Қазақстан облысының Задарья совхозына барып қайтқаны есімізде. Келе сала көрген-түйгенін төгілте жазып, жайылымды жақсарту жөнінде проблемалық көлемді мақаласын жариялады. Журналист көтерген мәселе басшы, қосшыларға да едәуір қозғау салды. Көп өтпей-ақ, «Ойық», Шәкіров атындағы, «Кеңес» кеңшарлары аумағындағы 2 мың гектардан астам алқапқа изен егіліп, өсіріліп, біраз жер қоршалып та тасталды. Бұл қалам қуаты, журналист көтерген мәселенің жұртшылықты жаңашылдыққа бастауы емей, не? Сәкең кезінде өзінің басқарушылық һәм ұйымдастырушылық қабілетімен де танылды. Бұрынғы «Ленин жолы» газетінің атауы заман талабына лайықталып «Талас тынысы» болып өзгертілуі ісінде де бастамашылдық танытты. Аталмыш газеттің 60 жылдық мерейтойын дүрілдете өткізгені қалай естен шықсын. Нарыққа өтпелі кезеңнің талабына сәйкес әрекет етіп, коммерциялық бағыттағы «Үміт» шағын баспасын ашқаны да бар. Ол біраз жыл табысты жұмыс істеді. Осы баспамыздың алғашқы өнімдерінің бірі – «Үштіктің үкімі» атты кітабы Сәулембай ағамыздың шығармашылығына кең жол ашқан сыңайлы. Одан бергі отыз жыл бедерінде ол түрлі жанрларда өзінің «Сапақ датқа», «Көк бөрінің оралуы немесе Тұлпарлар мен сұңқарлар», «Әбілда би», «Арпалыс», «Жарияланбаған соғыс», «Мұң мен мейірім», «Мәңгілік махаббат», «Әулет тағдыры», «Екі жақсы қосылса...», «Серік – қазақтың батыры», «Шапқан аттай, жаққан оттай, дәурен-ай», «Ой түбінде жатқан сөз», «Үшарал – жерім-ай, сауықшыл сайран, елім-ай» атты кітаптарын шығарып, «Талас», «Талас-Сарысу», «Тарихы тамырлы Талас» ұжымдық жинақтарын құрастырды. Кәрі Қаратаудың бойы – тұнған шежіре. Соңғы жылдары ағамыз сол шежіреге терең бойлап, жер, су атауларының шығу тарихын зерделеу, өлкетану ісін қолға алған. Бұл да – құптарлық. Айтпақшы, осыдан бірер ай бұрын ғаламтор беттерін ақтарыстырып отырып, бірқатар кітаптары республикалық «Nur Оtan» партиясының «Қазақстанның ашық кітапханасы» аталатын жобасы аясында онлай-кітапхананың қорына енгізілгенін оқып қалдым. Мұны өзіне хабарлағанымда, балаша қуанғанын көрсеңіз! Шынында да шығармашылық қуанышына жетер не бар! Көбіне жазу-сызумен ғана болып, көп шаруасына уақыты бірде жетіп, бірде жетпейтін қаламгер қауымының шығармалары қайда жарияланып, кімдерге ұнап жатқанын біле бермейтіні де бар. Міне, осы онлайн- кітапхана арқылы Сәулембай ағаның «Арпалыс» атты тарихи-деректі романымен оқып танысудың да өз-өзінен сәті түсе кетті. Кітапта аты аталатын Саңырық батыр да, Итемген де, оның баласы Қалет те, кіші жүздің батыры Тайлақ та, Сары баласы атақты Ақтамберді жырау да, өзгелері де тарихтан белгілі тұлғалар. Олар туралы ауыздан ауызға тарап, бізге жеткен аңыз-әңгімелерді жиыстырып, тарихи кезеңнің уақытынан шатаспай бір жүйеге түсіріп, қалыңдығы кереқарыс мынадай кітап жазып шығаруға да айрықша тәуекел керек шығар-ау! Автор сол үдеден шыға алған. Жазушының бұл тұрғыдағы жанкешті еңбегі қандай құрметке де лайық. Баһадүрлеріміздің өздері болмағанмен, олардың ұрпақтары арамызда жүр. Ал ерлік – елге ес, ұрпаққа үлгі, бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпағымызды тәрбиелеудің тегеурінді құралдарының да бірі. Әбсадықұлының әдебиетіміз бен тарихымыздағы жастарға әсер ету ықпалы қандай дегенде, осы жайлар тіл ұшына орала береді. Ағамыз атақтан да, марапаттан да кенде емес. Жалпы журналистика саласына сіңірген көпжылдық жемісті еңбегі үшін әр жылдарда Президенттің Алғыс хатымен екі мәрте, облыс әкімі мен мәслихатының Құрмет грамоталарымен, ҚР Констуциясына – 20 жыл төс белгісімен марапатталыпты. Ал 2018 жылы «Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы», 2019 жылы «Ұлт мақтанышы», сондай-ақ Талас ауданының Құрметті азаматы атақтарына ие болған. Мұның барлығы да оның елге, қоғамға сіңірген еңбегінің қыруар, қабілет-қарымының сан қырлы екендігін де көрсетеді емес пе? Зейнеткерлікке шықтым деп, текке қарап жатпай, «Асыл мұра» журналын ашып, жеті жылдан бері үзбей шығарып келе жатқаны да ерлікпен пара-пар іс қой. Бұл басылым бүгінде республика көлеміне тарайтын, өзіндік стилі, қолтаңбасы қалыптасқан, айтары бар басылымға айналып отыр. Осыдан жетпіс жыл бұрын Әбсадық қарияның шаңырағында «шыр» етіп дүниеге келген нәресте бүгінде өзінің мерейжасының биігіне көтеріліп отыр. Ол туған өлкесінің тағылымға толы тарихын тірілтіп, жерін, суын, орман, даласын жырлауға келген екен. Өмірден көрген-түйгендерін шаршамай, талмай мөлдіретіп жазады да жатады. Әлі күнге солай, тұғырынан таймаған, қалам қарымы қайтпаған күйінде. Жазарыңыз көбейе бергей, жақсы аға!