Экономика

Суармалы жерлердің жай-күйі қандай?

Суармалы жерлердің жай-күйі қандай?

Бүгінгі күні жалпы егіншіліктің, әсіресе, суармалы алқаптардың тиімділігін арттыру мәселесі өте өзекті. Мұндай жерлер елімізде өткен ғасырдың соңында, яғни 90-шы жылдары 2,3 миллион гектар көлемінде болды. Ал одан кейінгі дағдарыс кезеңінде оның аумағы 1,3 миллион гектарға дейін кемігені белгілі.

Сол тұста жыл сайынғы мелиоративтік шаралардың дәйектілікпен жүзеге асырылмауынан дақылдардан алынатын өнім де екі есе төмендеп кеткені жасырын емес. Қазір де осы жағдай. Әсіресе, ауыл шаруашылығы құрылымдарының бөлшектеніп, ұсақталуы, ауыспалы егістің жойылуы, егіске пайдалану жоспары бойынша ағын су берудің мүмкін болмауы – саланың дамуына айтарлықтай тежеу. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылуда. Олардың қатарында егін шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдарға жанар-жағар майдың, минералды тыңайтқыштардың жеңілдікпен берілуі, суару жүйелерінің жөнделуі секілді игілікті шаралар бар. Біздің мекемеміз Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары аясында су ресурстарын тиімді басқару, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалап, мониторингін жұмыстарын жүргізуде. Биыл да өңіріміздің Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу және Талас аудандарының суармалы жерлерінің жерасты суы деңгейіне, судың, топырақтың тұздылығына, суару және қашыртқы жүйелерінің жай-күйіне бақылау жұмыстарын жүргізді. Арнайы орналастырылған 80 бақылау құдығының көмегі мен ағын суларды зертханалық талдау арқылы олардың төмендегідей жағдайда екендігі анықталды. 2019 жылғы суару кезеңі алдындағы жерасты суы деңгейі мен тұздылығының тәртібін бақылау нәтижесі Байзақ ауданы суармалы жерлерінің жерасты суы деңгейі өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда төмендегенін көрсетті, жалпы, 32604 гектардың 1950 гектары шектеулі деңгейден жоғары, өткен жылы мұндай жер 2864 гектар болған. Жерасты суының тұздылығы 0-1г/л болатын жер көлемі 22504 гектар, өткен жылғыдан 196 гектарға кем. 7700 гектары (24 пайызы) 1-3г/л, 1750 (5 пайызы) гектарының тұздылығы 3-5г/л аралығында, ал қалған 650 гектарында (2 пайызында) 5г/л жоғары. Бұл ауданда жерасты суының тұздылығы оңтүстіктен солтүстікке қарай өсіп отырады, ал химиялық құрамы бойынша гидрокарбонатты сульфатты-магнийлісі басымырақ. Жамбыл ауданында да жерасты суының деңгейі түскен, 44399 гектар суармалы жердің 9850 гектарының жерасты суы деңгейі 0-2,0 метр аралығында, яғни шектеулі деңгейден жоғары. Былтыр 11140 гектар болған. Аудандағы суармалы жерлердің 33099 гектары (75 пайызы) жерасты суының тұздылығы 0-1г/л шамасында. 1-3г/л аралықтағысы 9900 гектар (23 пайыз), ал 1000 гектары (2,0 пайыз) 3-5г/л аралығында. Бұл ауданда да жерасты суы тұзының мөлшері оңтүстіктен солтүстікке қарай артып отырады. Суларының химиялық құрамының натрийлі және гидрокарбонатты сульфатты кальцийлі түрлер басымдау. Жуалы және Сарысу аудандары суармалы жерлерінің жерасты суы шектеулі деңгейден төмен. Аталған аудандардағы жерасты сулары жердің мелиоративтік жай-күйіне қауіпті емес. Жуалы ауданында жерасты суларының тұздылығы да өте төменгі деңгейде. Жалпы, суармалы жердің 92 пайызында жерасты суының тұздылығы 0-1 г/л құрайды. Химиялық құрамы гидрокарбонатты-сульфатты кальцилі, гидрокарбонатты-сульфатты магнийлі. Талас ауданындағы суармалы жерлердің 919 гектары шектеулі деңгейден жоғары, қалған 12700 гектарында жерасты суы деңгейі екі метрден төмен орналасқан. Ал осы аудандағы бақылау құдықтарынан алынған сынаманың нәтижесі жерасты суының тұздылығы 2100 гектар аумақта 5 г/л-ден артық екенін көрсетті. Қалған 11519 гектар жердің тұздылығы одан төмен. Химиялық құрамында сульфатты натрийлі-калийлі және гидрокарбонатты сульфатты натрийлі-калийлі түрлері басымырақ. Облыстың 5 ауданындағы суармалы жерлердің суару кезеңі алдындағы бақылау нәтижесі 2018 жылмен салыстырғанда жерасты суы деңгейі аздап түскенін, жалпы суармалы жер көлемінің 85 пайызы немесе 89929 гектары шектеулі деңгейден төмен орналасқандығын, ал оның тұздылығының 0-1 г/л құрайтын бөлігі 69 пайызды немесе 72483 гектарды құрайтынын көрсетеді. Суармалы сулардың сапасы қалыпқа сай, яғни тұздылықтары 1 г/л төмен. Химиялық құрамы гидрокарбонатты–сульфатты кальцийлі. Жалпы, жерасты суының деңгейлері 5 аудан бойынша өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда шектеулі деңгейден жоғары орналасқан суармалы жер көлемі 2 пайызға немесе 2174 гектарға кеміген, яғни деңгейлері аздап түскен, ал тұздылықтары 5 г/л жоғары болатын жер көлемі 2750 гектар немесе 3 пайыз, оның барлығы дерлік Талас ауданында (2100 гектар), қалған 650 гектары Байзақ ауданына тиесілі. Аталған аудандардың суармалы жерлерінің суару кезеңіндегі жерасты суы деңгейін бақылау нәтижесі қауіпті, шекті деңгейден жоғарысы (0-2м) 31595 гектар екендігін (өткен жылғыдан 410 гектарға кем), ал оның тұздылық мөлшері аймақтың суармалы жерлерінің 69 пайызы немесе 73381 гектары 0-1г/л болса, 23336 гектары 1-3г/л және 6863 гектары 3-5 г/л, тек 2 пайызында немесе 2009 гектарында 5г/л-ден жоғары, оның 1360 гектары Талас ауданында, 649 гектары Байзақ ауданында екендігін анықтап берді. 5г/л минералды суармалы жер көлемі артқан жағдайда коллекторлы-қашыртқы желісін салу шарасы қарастырылуы керек. Жалпы, жерасты суының тұздылығында өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай күрделі өзгеріс жоқ.

Қажымұқан ҚОЖАНОВ, Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы РММ Жамбыл бөлімінің жетекшісі.