Облыс тұрғындарының тұрмысын жақсартып, табысын арттыруға арналған жоба – шын мәнінде, халықтың әл-ауқатын көтерудің таптырмас тетігі. Өйткені бірегей бастама арқылы ерінбей еңбек еткендер тұрмысын тіктеп, жай-күйін жақсартпақ. Содан болар, жобаның жүзеге асуына жергілікті тұрғындар да ынталы. Қазір әу бастағы күдіктері сейіліп, сенімдері нығайған. Бастамаға байланысты оң түсінік қалыптасып, ойлаған жоба-жоспарларын орындауға асық. Оған облыс әкімінің Байзақ ауданына жасаған жұмыс сапары барысында көз жеткіздік.
Асқар Мырзахметовтің ауданға жұмыс сапары Қостөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден басталды. Қостөбе – облыс тұрғындарының тұрмыс табысын арттыруға арналған жобаға енген пилоттық 10 ауылдық округтің бірі. Ауылдық округке үш елді мекен қарайды. Ондағы 1222 аулада барлығы 6710 тұрғын тұрады.
Аталған ауқымды жоба бойынша қостөбеліктер шаруасын шалқытып, тұрмысын тіктеуге дайын. Бүгінде жобаның бірінші бағыты – жеке қосалқы шаруашылықты дамыту бойынша 832 азамат тиімді несиеге қол жеткізуге ниет білдірген. Олардың өз аулаларындағы жалпы жер көлемі 85,7 гектарды құрайды. Қазіргі таңда қажетті құжаттар барысы жинақталып, өтінімдер түсуде. Қалғандарының басым бөлігі – бұған дейін де үй іргесіндегі жерлерін ұтымды ұқсатып, бау-бақша ретінде табыс көзіне айналдырып отырғандар.
Қостөбеліктер жоба шарты бойынша аулаларына екі айналым бойынша өнім алудың бар мүмкіндігін қарастыруды көздеп отыр. Олар негізінен қияр мен қызанақ егуді жоспарлауда. Сондай-ақ ауылдағы төрт аула жылыжай арқылы өнім көлемін еселеп арттыруды ойластырып қойыпты.
Ол ғана емес, екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша ауылдан жобаға 137 қатысушы анықталып, құжаттары түгенделуде. Жоба аясында округте барлық саланы қамту бағытында «Қостөбе-2019» кооперативі құрылған. Құрылым бүгінде ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, жемшөп дайындау, техникамен қамту бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуде.
Кездесуде ауыл тұрғындары көкейдегі көп сауалдарын жолдап, жоспарларымен бөлісті. Аймақ басшысы сұрақтарға нақты жауап беріп, жобаның маңыздылығы туралы айтып өтті.
Тұрғындармен кездесуден кейін облыс әкімі Қостөбе орта мектебіне барып, онда қосымша ғимарат салу секілді өзекті мәселелер барысымен танысты.
Айта кетейік, 450-ден аса оқушысы бар Қостөбе орта мектебіне жанама спорт, акт залдары асхана және 3 оқу бөлмесі, газбен жанатын қазандық ғимаратын салу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оған жергілікті бюджеттен 8,1 миллион теңгеге «Күмбез Тас» ЖШС арқылы жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Бастапқыда жоба құны 601,2 миллион теңгені құраса, қазіргі таңда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан жоба құны 388,6 миллион теңгеге ықшамдалып, облыстық басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылған. Асқар Исабекұлы мәселенің өзектілігіне назар аударып, құрылыс шараларын уақытты созбай, ерте бастауды тапсырды.
Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Сарыкемер ауылдық округіндегі жеке тұрғын үй құрылысына жоспарланған суармалы жер алқабымен танысты. Ауылдық округте бүгінгі таңда халық санының қарқынды өсуіне байланысты қосымша жер керек. Елді мекен шегін кеңейтуге қажетті алқап көлемі 150 гектарды құрайды.
Бүгінде Сарыкемер елді мекенінің бас жоспарына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алынатын 15 шаруа қожалығына қарасты 67 гектар жерді мемлекет мұқтажына алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілген. Өңір басшысы аталған алқаптың суармалы екенін ескеріп, бұл мәселенің қайта жан-жақты қаралатынын жеткізді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Байзақ ауданы.