Үлкен міндет тер жүктелді
Үлкен міндет тер жүктелді
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы жастардың алдына үлкен міндеттер қойғаны баршаға мәлім. «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек», – деген мемлекет басшысының жалынды сөздері жастарды жігерлендіргені анық. Шынында да ауылды жерлерде білікті жас педагогтардың тапшылығы байқалатыны белгілі. Президент осы мәселені жедел шешуге кірісу қажеттігін шегелеп тапсырды. Барлық биіктерді терең біліммен ғана бағындыруға болатынын пайымдасақ, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасы нағыз жанашырлық екенін ұғамыз. «Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» – деген Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның тағы бір олқы тұсын тап басып айтты. Шынында да осындай келеңсіздіктер мықты маманның қалыптасуына кедергі болатыны анық қой. Бұл мәселені шешу арқылы біз білімді жастар арасында нағыз бәсекелестікті орната алатынымыз ақиқат. Мемлекет басшысы жастарға, оның ішінде мектеп оқушыларына да айрықша назар аударып отырғаны бізді қуантады. Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы оқулық сапасының сын көтермейтінін де сөз етті. Сапалы оқулықпен қамтамасыз ету тиісті министрліктің жұмысы екеніне де тоқталды. Енді осы мәселе өз деңгейінде шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Қысқасы, Қазақстан Президенті жастарға зор міндеттер қойып отыр. Сол міндеттердің үдесінен шығу үшін жедел іске кіріскен жөн-ақ. Уәлихан БОЛАТБЕК, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы.