Саясат

Жергілікті тұрғындарды даярлау керек

Жергілікті тұрғындарды даярлау керек

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «ЕвроХим-Каратау» ЖШС-ның өкілдерімен кездесті. Онда бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілді. «ЕвроХим-Каратау» ЖШС-ның бас директоры Дмитрий Валышев өздеріне қажетті кәсіби мамандарды даярлау үшін Ресейдегі жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отырғандарын жеткізді. Ол үшін арнайы жылжымалы комиссия ұйымдастырылғанын, олар бүгінге дейін Жаңатас қаласынан 12 адамды қабылдап, оқуға жіберіп үлгергенін айтты. Сондай-ақ жаңа оқу бағдарламасымен өз тараптарынан тағы да белсенді мамандарды оқытуға әзір екендіктерін жеткізді. Асқар Исабекұлы қажетті кадрларды жергілікті тұрғындардан даярлаудың маңыздылығына назар аудартып, оған әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Грант бөлу ережелері мемлекеттік деңгейде бекітілетінін тілге тиек етіп, жастарды Ресей және басқа да елдерге оқытуға ықпал ету керектігін айтты. Серіктестіктің бас директоры өңір басшысының керекті кадрларды жергілікті жастардан тарту ұсынысын құптап, сол бағытта шаралар қабылдап отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ облыс әкімі мамандарды тұрғын үймен қамту мәселесін көтеріп, жобалық-сметалық құжаттарды бюджет есебінен әзірлеуге біршама уақыт кететініне көңіл бөлді. Ал инвесторлар мен кәсіпкерлер ЖСҚ-ны дайындауды өз тараптарынан жүзеге асырса, жергілікті билік тарапынан барлық қолдау мен қолжетімділіктер жасалынатынынан хабардар етті. Сонымен қатар Жаңатас қаласындағы дайын, бос тұрған тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірлеу тіпті тиімді екенін айрықша атап өтті. «Еврохим» өкілі аймақ басшысы көтерген тұрғын үй мәселесін тиімді шешу жолдарына барынша ден қоюға тырысатындарын білдірді.