Оны жүзеге асырудың алғашқы қадамдары басталды
Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің облыс тұрғындарының табысын арттыру жобасы Үкіметте қолдау тауып, бүгінде оны жүзеге асыру шаралары қызу жүргізілуде. Бұл бойынша облыстың әр ауданынан бір-бір ауылдық округ таңдалып алынып, аталмыш қанатқақты жоба жүзеге асырылмақ. Осыған орай облыс әкімі өзі бастаған тың жобаның барысын тағы бір пысықтап алу үшін аудандарға жұмыс сапарымен шығуды бастады. Осылайша жобаға енген он ауылдық округті аралап көрмек ниетте. Мұндағы мақсат – тұрғындармен тікелей жүздесіп, атқарылғалы жатқан істің барысын барлау.Аймақ басшысы алғашқы сапарын кеше Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылдық округінен бастап, ауыл тұрғындармен кездесті. Еркін форматта өткен жиында ауылдықтар өз жоспарларымен бөлісті.
Ашығын айту керек, бүгінде ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылық жер телімдерін ұтымды пайдалану мен ұқсатып ұстау ойдағыдай болмай тұр. Оны тиімді табыс көзіне айналдыру – тұрғындардың тікелей өзіне байланысты. Ал жоба аясында халыққа 2,5 пайызбен несие беру көзделген. Кездесуде Асқар Исабекұлы осыны айтып, тұрғындардың қойған сұрақтарына жауап беріп, түйткілді жайттардың түйінін тарқатты.
Бесағаш ауылдық округіне Бесағаш және Түрксіб елді мекендері қарайды. Онда барлығы 1 336 аула, 10 көп қабатты тұрғын үй бар. Жалпы халық саны – 6 820 адамды құрайды. Округтегі 1176 аулада жеке қосалқы шаруашылық бар десек, ондағы үй іргесіндегі жер көлемі 154,9 гектарды құрайды. Оның сумен қамтылғаны 771 (104,5 га), пайдаланбай жатқаны 405 аула (50,4 га).
Бүгінге дейін жобаның бірінші бағыты бойынша округтен 1176 аула өтінім берген. Ал мал шаруашылығы бойынша 128 аула иелерінен несие алуға сұраныс түскен. Басқа да бағыттар аясында жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласынан басқа, пилоттық округте жалпы шағын кәсіп бойынша 30 миллионнан астам теңгенің 14 жобасы ұсынылып отыр. Оның ішінде: шаштараз, монша, тігін цехы және тағы басқа да жобалар бар. Ал тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған 131 жобаға сұраныс білдірілген.
Өңір басшысы жиыннан соң Мұрат Баянбаевтың жылыжайының жұмысымен танысты. Аумағы 0,7 гектарды құрайтын жылыжайдан жылына екі рет өнім алынса, таза табысы 300 мың теңгеден айналады екен. Асқар Исабекұлы жоба аясында жылыжайдың жұмысын жандандырып, өнім көлемін арттыру керектігін айтты. Сондай-ақ үй іргесіндегі жер телімін тиімді игеріп отырған жылыжай иесін өзгелерге үлгі ретінде ұсынудың маңыздылығына тоқталды.
Өңір басшысы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Бесағаш ауылдық округінде орналасқан «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның облыстық филиалына атбасын бұрды. Онда дәндік жүгері егілген алқаппен танысты. Жалпы, алқаптағы егістік көлемі 650 гектарды құраса, оның 200 гектарына жүгері егіліпті. Ол туралы филиал басшысы Сәкен Сайфулла айтып берді. Бүгінде серіктестік жүгерінің гибридті сұрыптары, атап айтсақ: Тұлпар 539, КазЗП 509, КазЛК 599, КазЗП 650, Сұңқар 779, Скиф 619, КазЛК 780, ЗПСК 704, КазЗП, Алтын 739 секілді түрлерін өсіруде.
Жамбыл ауданындағы Атлах шайқасы өткен орынға арнайы барған аймақ басшысы Асқар Исабекұлы тарихи шайқастың маңыздылығын тілге тиек етті. Оны насихаттау мен таныту жұмыстарына дұрыс көңіл бөліп, осы бағытта нақты шараларды қолға алу керектігін айтты. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға Атлах қалашығы орнында қазба жұмыстарын жүргізу үшін кешенді археологиялық ғылыми-зерттеу мен барлау-қазба шараларын ұйымдастыруды тапсырды.
Тарихи орын туралы айтар болсақ, белгілі тарихшы-ғалым Махмуд Қашқаридың айтуынша, «Атлах – Тараздың маңындағы қаланың аты». Ал А.Бернштамның пікірінше, «Атлахтың қалдығы – Жуантөбе. Қазір ол құлаған. Қамал мен қаланың қалдығынан төбеге айналып, 280-140 метр жерді алып жатыр.Төңірегінде қорғаны, оның сыртында егін алқабы болған» – деген дерек кездеседі. Атлах шайқасы – біздің жыл санауымыздың 751 жылы Тараздан 25 шақырым жерде Араб және Қытай әскерлері арасында орын алған.
Сондай-ақ Асқар Исабекұлы Түрксіб ауылындағы 300 орындық орта мектеп құрылысымен де танысты. Жобаның құны – 1 286,8 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Таразқұрылыс Дизайн» ЖШС жүргізуде. Тамыз айында басталған мектеп құрылысы сараптама қорытындысы бойынша 7 айда аяқталуы тиіс. Өңір басшысы жұмыстар сапалы жүргізіліп, уақтылы тапсырылуы керектігін ескертті.
Облыс әкімдігінің
баспасөз қызметі.
Жамбыл ауданы.