Саясат

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық

Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік саясат, мемлекеттік институттарды нығайту, азаматтардың құқығы мен тәуелсіздігін қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері айрықша көрсетілген. Жолдаудың әлеуметтік аспектілерін, соның ішінде жаңа жұмыс орындарын құру, білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мәселелері кәсіподақтардың басты назарында болады. Кәсіподақ ұйымдары Жолдауда көрсетілген міндеттер аясында бірігуге және жүзеге асыру мақсатында нақты іс-шаралар дайындады. Үшжақты комиссияның кезекті отырысында әр салада, әсіресе шағын және орта бизнесте ең төменгі еңбекақы деңгейін белгілеу арқылы Еңбек адамының өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемдесетін еңбекақыны реттеуді қарастыратын 2018-2020 жылдарға арналған облыстық келісімге өзгерістер енгізу туралы келісім жобасын дайындау бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің санасына жаңа серпіліс, өміріне өзгеріс әкелері анық. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халықаралық аренада абыройлы, беделді, сындарлы саясаты, тұрақты дамыған экономикасы бар орнықты мемлекетке айналды. Қоғамдық тұрақтылық, халықтың бірлігі тәуелсіздігімізді нығайтты, экономикамыз дамып, әлеуметтік ахуалымыз жақсаруда. Президент бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды деп көрегендікпен баға бере отырып, ел саясатының сабақтастығы мен жүйелі реформалар арқылы дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығуға толық негіз бар екендігін атап көрсетті. Ел тарихында жаңа маңызды кезеңнің көкжиегі көрініп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қоғамдық саяси өміріне модернизация жасамай экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін еместігіне тоқталды. Елдің саяси жүйесінің формуласы Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет болғанда ғана мемлекетіміздің тұрақтылығы нығайып, қарқындап дамитынын айтты. Жолдауда Президент Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін, қажеттілігін арттыру керектігіне тоқталды. Мұның өзі кәсіподақтарға үлкен міндет жүктеп отыр. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кәсіподақтар қоғамда қозғаушы күш болған және солай болып қала береді. Кәсіподақтар қозғалысы өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық үйлесімді қамтамасыз етуге ықпал ететін сындарлы күш. Кәсіподақ – жұмыс істейтін халықтың негізгі құқық қорғаушысы, жұмысшылардың құқықтарын жүзеге асыруға, олардың жұмыс жағдайын жақсартуға және жалақының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге жәрдемдесетін республикадағы ең үлкен қоғамдық ұйым. 2018 жылдың екінші жартысында Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының бастамасымен республикада «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы құрылып, жұмыс жасап жатыр. Кәсіподақтар қозғалысын жаңғыртуда Кәсіподақтар федерациясымен 2018-2019 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Онда уақыт талабына сай, кәсіподақтар бірлігін нығайту, еңбек қатынастарын реттеудегі міндеттерді орындау, кәсіподақ көшбасшыларының жауапкершілігін арттыру бағыттары басшылыққа алынған. Кәсіподақтар қызметін реформалаудың және жаңғыртудың түпкілікті идеясының бірі – әлеуметтік әріптестікті жетілдіру. Елімізде жиырма жылдан аса әрекет етіп келе жатқан қызметкерлер, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың арасындағы әлеуметтік әріптестік институты дамып келеді. 2016 жылғы жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастарын ұжымдық-келісімдік қағидатқа айналдыра алмай отыр. Сондықтан жұмыскерлерді кәсіподақ қатарына тарта отырып өзекті әлеуметтік мәселелерді ұжымдық шарт арқылы шешуді қолға алып отырмыз. Қазіргі уақытта кәсіподақ-тардың беделі әлсіздеу сияқты көрінеді. Осы бағытта олардың беделін шағын және орта бизнес саласында көтеруге күш салынуда. Еңбек адамының құқығы осы салада көп бұзылады. Басты себеп – заң талабының сақталмауы мен еңбек шартының түзілмеуінде. Кәсіподақтар федерациясы негізгі міндеті ретінде бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп келеді. Іс-тәжірибелік мәселелерге орай федерация Кәсіптік одақтар туралы заңға, Еңбек кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ұсыныстар жасады. Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» ұраны қабылданды. Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы. Оны сақтаудағы кәсіподақтардың негізгі құқықтық құралы – ұжымдық шарт. Ол кез келген мекеме мен кәсіпорындарда болуы тиіс дегенімізбен, заңда міндетті деген сөз айтылмайды. Кәсіподақтардың тығырыққа тірелетін жері де – осы. Ұжымдық шарт – негізінен мекеме басшысы мен кәсіподақ мүшелері арасында екі-үш жылдық мерзімге жасалатын келісім. Еңбек адамының еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғалуы, еңбек қауіпсіздігі тұрғысындағы заңнамаларда бар нормалармен қоса, жоғарылатылған, мүдделі бағыттар ұжымдық шарттарда орын алады. Президент шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін нақтылап, экономиканың осы саласын дамытуды міндеттеп отыр. Шағын, әсіресе микробизнес өңірлердің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынына баса назар аударылды. Атап айсақ, ол – ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға шақырды. Мемлекет тарапынан алдағы уақытта бизнеске қолдау көрсетілетінін, бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінетінін айтты. Бұл қолдау шағын және орта бизнестің қарыштап дамуына өз ықпалын тигізетіні анық. Президент қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар көріп отырғанын да жасырмай айтты. Жергілікті әкімдердің ұйымдастыру жұмыстары талапқа сай еместігін ескертті. Кәсіпкерлікті дамытуда үлгі боларлық мысалдар жеткілікті екендігін, шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек деп ерекше қадап айтты. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Заңнамаға тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енеді деп күтілуде. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімі күшіне енеді. Осымен бірге бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенім артып отыр. Бизнес өкілдеріне тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы міндеттелді. Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыруды кәсіподақтар өз міндеттерінің бірі деп санайды және бұл бағытта жұмыс қарқынды жүргізіледі. Нәтижесінде, шағын бизнеске түсетін ауыртпалық азаятын болады. Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауапкершілікке тартылатын болады. Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылатынын да Президент атап айтты. Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесі жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құрылатын болды, Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Жолдау – ортақ құжат. Қазақстанның дамуына бағытталған маңызды құжат. Әрқайсысымыз елдің татулығы мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосуымыз керек. «Береке мен бірлік, ақыл мен парасатты» ұстансақ, «бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық» болып мемлекетіміз зор жетістікке жететіні сөзсіз. Шамсат ИСАБЕКОВ, «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.