Қоғам

Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа...

Қарашада қара үй тұр, қарайлай жүр артыңа...

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="108201,108200,108199,108198"]

Жол бойынан ары-бері өткен адам бұл үйдің сыртынан қарап, онда адам тұрады деп ойламасы анық. Темір жол ағаштары – шпалдармен тұрғызылса да сыланбаған, тіпті, төбесі де толық жабылмаған, құрылысы енді басталған үйге ұқсайтын баспана расында тұруға жарамсыз. Бірақ мұнда көздері жәудіреген қазақтың қарадомалақтары ала жаздай күнелтіп, енді мына күздің қара суығында осы үйден мектепке қатынап оқып жүр. Көрген көзге жас үйіріліп, жүректі сыздатар жағдайға тап болған отбасы осы күнге дейін жалдамалы пәтерді жағалап келген. Жағдайдың қиындай түсуі пәтерге төленетін ай сайынғы ақыға жетпей, бар жиған-терген құрылыс заттарымен осы үйді тұрғызып, сонда қоныс тебуге мәжбүр болған. Отағасы Бақыт Бердібеков пен жұбайы Дина Жарқымбекованың шаңырағында төрт бала бар. Үлкендері 18 жаста болса, ең кішісі – 7 жаста. Үй орналасқан маңдағы №11 мектепте оқитын үш баласының мектеп формасы мен оқу-құралдарын мектеп әкімшілігі алып берген. Әр бала үшін алатын атаулы әлеуметтік көмектің қаржысын осы үйдің «жыртығын жамауға» жұмсаса, дәмханадан нәпақасын айырып отырған Дина мен отағасының әр жерде құрылыс жұмыстарын істеп тапқан қаржысы ішіп-жемнен еш артылмайды. – Жұрттан көмек сұрауға басында намысымыз жібермеді. Күн суытқанша үйдің құрылысын аяқтап, жылуын кіргізіп алсақ, одан ары амалдармыз деп ойлап жүрдік. Алайда ақшамыз жетер емес. Өткенде күздің қара суығы түсіп, жауын жауғанда, түн жарымда көрпеге оранып жатқан балаларымыз малмандай су болып оянып, әбден жаурағанда амалымыздың таусылғанын түсіндік. Ұят та болса, жұрттан көмек сұрамасақ, балалардың обалына қаларымызды ұқтық. Ағайын-туысы қайда дерсіздер? Жолдасым тұл жетім. Балалар үйінде өскен. Өзімнің анам ерте жаста қайтыс болған. Әкем қолынан келгенше көмектесіп тұрады. Жер телімін әперген де сол кісі. Үйленген соң біраз жыл әкемнің үйінде тұрдық. Балалар көбейген соң онда қашанғы сыямыз?! Төрт жыл бұрын пәтер жалдап, бөлек шықтық. Оның да пәтер деген аты, әйтпесе қазіргі үйімізден еш артықшылығы жоқ. Мамыр айында қожайыны пәтерді сататын болған соң шықтық, ал басқасын жалдауға ақша жетпеді. Мына үйді үлкен балам мен жолдасым екеулеп жүріп тұрғызды. Балам кәсіптік колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алады. Ол да енді-енді жұмысқа жарап, қолғабыс ете бастады. Оған да шүкір! Балалар қазір көрші-қолаң мен әкемнің үйінде қонып жүр. Әйтпесе, қорғаншылық мекеме оларды интернатқа өткізуге мәжбүр екен. Осылайша айдың-күннің аманында балаларымнан ажырап қалардай күй кешіп, біресе олардың бетіне, біресе суытып кетпесе екен деп күннің көзіне қарап күнелтіп жатырмыз, – дейді Дина. Құрылыс жұмыстарын аяқтаған соң газ, су жүйесін, электр жарығын кіргізуге жергілікті әкімдік тарапынан көмек болса деп сұрайды. Сондай-ақ Президенттің Жарлығымен көптеген азаматтардың несие қарызы кешіріліп жатқанда, көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын, жағдайы шын мүшкіл осы отбасының несиесі кешірілмегені тағы түсініксіз. Сұрастыра келе, арнайы тізімде жоқ екенін анықтаған. Ол тізімге қалайша ілікпей қалғаны тағы да түсініксіз. Қыркүйектің соңына дейін бұл мәселенің оң шешімі болып қалар деп үміттеніп отыр. Қашаннан бері қайырымды істе қарап қалмайтын жұртымыз осы отбасына жанашырлық танытып, көмек қолын созса дейміз. Жұрт болып жұмылып, қазақтың бір отбасын аяққа тұрғызып жіберсек, қандай тамаша болар еді! Көмек көрсетем деушілер болса, отбасының мекен-жайы: Тараз қаласы, Тынышбаев көшесі, 59 үй (темір жолдың арғы беті). Байланыс нөмірі: 87477351686 (Дина). Kaspi Gold карточкасының нөмірі: 5169497135086795 (Bekzhan Amanov). Ұл балалар 18, 9, 7 жаста және 14 жасар қыз бала бар. Отбасы кез келген әлеуметтік көмекті алуға әзір.

 

Маржан РАҚАЙ

Тараз қаласы.