Әлеумет

Ауылдың бал қымызы-ай!

Ауылдың бал қымызы-ай!

Ауданда Абай атты ауыл бар. Төле биден қозыкөш жерде орналасқан бұл ауылды шулықтар қымызды ауыл деп атайды. Олай дейтіні бұл ауылда ала жаздай бие сауып, қымыз дайындайтындардың қатары артып келеді. Қазіргідей аптап ыстықта бал татыған сары қымызды сіміріп алып, алаңсыз демалғанға не жетсін?! Атамыздың асы болған қымызға жетер сусын бар ма? Осы ауылдың тұрғыны Шыңғыс Тілепберген де үйірлі жылқы бағып, қымыз дайындауды кәсіп етіп келеді. Ауыл төріндегі ауласы атшаптырым үйде сөре толы құрт та бұл үйдің берекесін арттырып тұрғандай. Ауылда тұрған әр қазақ осылай жылқы сауып, құрт-майын өзі дайынап отырса, береке емес пе? Бал қымыздан дәм тата отырып, отағасынан шаруаның мән-жайын сұрастырдық. – Бұл күнде қымыз көп қой. Бірақ, оны баптап дайындаудың оңай еңбек емес екенін білсе ғой. Таңның атысынан, күннің батысына дейін бір тынбайтын бұл тірліктің салмағы үйдегі жеңгеңе түседі. Күніне 40-50 литр қымыз дайындаймыз. Бір адамға аз шаруа емес. Ата кәсіпті қолға алған соң, оған немқұрайды қарауға болмайды. Қымыздың қадірін білетін үлкен ата-апаларымыз ауылда бар. Бағасын сол кісілер беріп жатады. Егер қымызың көк шалап болса, оны іздеп келіп ішпес еді. Құдайға шүкір, менің қымызымды нашар дегенді әл-әзір естігенім жоқ, – деді Шыңғыс аға ағынан жарылып. Өсіп-өнген шаңырақ қымызға қарық. Артығын той-думан өткізетін ауылдастары сатып алады. Бұл ауылға шипалы сусынға күні бұрын тапсырыс беріп, арысы Тараз, берісі Шудан келетіндердің қатары мол-ақ. Мұны абайлықтар мақтаныш көреді. Жөн-ақ қой. Ауылдың аты осындай игі істермен шығып жатса, қане!

Жәмила Ақберген, тілші.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.