- Advertisement -

Әлем чемпионатындағы әлеуетіміз әзірге жақсы

37

- Advertisement -

Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты қыза түсті. Жарыстың кезекті күнінде 63 килограмм салмақ дәрежесіндегі саңлақтар шаршы алаңға көтерілді. Бұл салмақта ел намысын Зәкір Сафиуллин қорғайтыны баршаға мәлім. Ол әлем біріншілігіндегі алғашқы кездесуінде әзірбайжандық Бахтияр Газибаевпен қолғап түйістірді.
Қандай қарсыласпен жұдырықтасса да бірінші нөмірмен жұмыс істейтін Зәкір бұл жолы да білгенінен жаңылған жоқ. Гонг үні естіле салысымен шабуылға көшкен отандасымыздың аяқ алысы жанкүйерлерді қуантқаны анық. Әрбір комбинациясын джеб соққысы арқылы бастаған ол қапталдан жұмсаған жойқын соққыларын да дөп тигізіп жатты. Газибаев екінші үш минуттықтың алғашқы жартысында белсенділік таныта бастағаны сол екен, қазақстандық боксшы бауыр тұсына бірнеше соққысын дарытып, әзірбайжандықтың қарқынын баяулатып тастады. Раунд соңында Зәкірдің басымдығы қайтадан байқалды.
Жекпе-жектің шешуші үшінші раундында Зәкір Сафиуллин бар білгенін көрсетті. Оның сериялық соққылары қарсыласты кәдімгідей састырып тастады. Газибаевтың бауыр тұсынан бірнеше соққысын өткізе білді. Әзірбайжандық спортшы қазақ оғланының ауыр соққыларынан ес жимақ ниетпен отандасымызды құшақтай жөнелді. Дегенмен Зәкір жақын қашықтықта тұрып қалмай, тағы да бірнеше соққысын дәл тигізді. Бұл раундта дамылсыз жұмыс істеген Зәкір Сафиуллиннің айқын басымдылығы көзге айқын аңғарылып тұрды. Алғашқы секундтан соңғы секундқа дейін қарсыласына бас көтертпеген Сафиуллиннің жеңісіне ешкім күмән келтірген жоқ. Кездесу аяқталған соң төрешілердің барлығы қазақстандықтың жеңісін мойындады. Тіпті қапталдағы екі төреші соңғы раундтағы Зәкірдің айқын басымдылығын ескеріп, 10:8 есебін тіркегенін де көз көрді.
Алғашқы шайқасында қарсыласынан басым түскен Зәкір Сафиуллин екінші кезеңде канадалық Томас Блюменфильдпен қолғап түйістіреді. Екі боксшы арасындағы жекпе-жек бүгін өтеді. Сондай-ақ бүгін 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі үкілі үмітіміз Сәкен Бибосынов та шаршы алаңға шығады. Ол моңғолиялық Харху Энхимандахпен қолғап түйістіреді.
Әлем чемпионатындағы бірінші кездесуінде жеңіске жеткен Зәкірдің алға қойған нақты мақсаты бар. «Қай жарыста болсын, бірінші шайқас қиын болады. Дегенмен мен қарсыласымның мүмкіндігін жақсы сезіндім. Сондықтан жекпе-жекті өз қалауымша өткізгім келді. Менің ойымша жекпе-жек жақсы өтті. Кездесуде оңай жеңіп жатқанымды сезіп, өзімнің бар мүмкіндігімді көрсеткен жоқпын. Соққыларымды еркін жұмсап, дөп тигізуді ғана мақсат тұттым. Әлем чемпионатында алдыма нақты мақсат қойдым. Тек қана чемпион болуым керек. Сол мақсатыма қол жеткізу үшін бар күшімді сарқа жұмсауға әзірмін», – дейді қазақ оғланы.
Зәкірдің мақсатына жетуіне мүмкіндігі мол. Тек қорғанысын реттесе екен деген тілегіміз бар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support