Экономика

«Бәйтеректегі» балабақша

«Бәйтеректегі» балабақша

Құрылысын мерзімінен бұрын бітіреміз

«Балапан» бағдарламасы аясында елімізде, оның ішінде облысымызда көптеген балабақшалар салынып, бүлдіршіндер игілігіне берілуде. Солардың бірі – Тараздағы «Бәйтерек» шағын ауданындағы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға құрылысы жүргізіліп жатқан 280 орындық балабақша. Нысанның жобалық-сметалық құны – 457 миллион теңге. Ол келесі жылдың қыркүйек айында іске қосылуы тиіс. Үстіміздегі жылға 180 миллион теңге бөлінген. Құрылысты Арман Еділбаев басқаратын облыстағы әлеуетті әрі ірі «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Әлеуметтік нысандар салуға маманданған құрылысшыларымыз қазірге дейін 130 миллион теңгенің құрылыс құрастыру жұмысын игерді. Осы мерзімде ғимараттың іргетасы қаланып, екінші қабатының қабырғасы көтерілді. Біз биыл нысанның шатырын жабамыз. Өз қаржымызға сылақ жүргізіп, есік-терезесін орнатамыз. Нысанды келесі жылы мерзімінен бір ай бұрын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Құрылыс алаңында 60 адам таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін бел шешпей еңбек етуде. Қуатты 12 техника қол жұмысын жеңілдетіп, кестеден оза жұмыс істеуге мүмкіндік беруде. Ғимарат салуға қажетті материалдың 30 пайызы – есік-терезе, олардың жақтауларына қажетті бетон блоктарды, бордюр және поребриктер өзімізде жасалады. Асфальт пен бетон кәсіпорын ауласында өндіріледі. Мұның өзі құрылысқа жұмсалатын шығынды азайтуға, табыспен жұмыс істеуге игі ықпалын тигізуде. Қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. Құрылысшылардың барлығы – жергілікті азаматтар. Орташа айлық жалақы 80 мың теңге. Нысан басында асхана жұмыс істейді. Құрылысшылар күнделікті түсте кәсіпорын есебінен тегін тамақтанады. Олар арнайы жұмыс киімімен қамтылған. Техникалық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Авторлық және техникалық қадағалаулардың тұрақты жүргізілуіне байланысты ақауларға жол берілмеуде.

Алдияр Балмағанбетов, «Арайстроймаркет» ЖШС бас инженері.

Тараз қаласы.