Саясат

Туризм – қомақты табыс көзі

Туризм – қомақты табыс көзі

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ішкі туризмді дамытуды тапсырды.

Облысымызда туризмді дамытуға қолайлы алғышарттар қалыптасқан. Соның ішінде өңірдегі тарихи нысандардың көптігін әрі табиғатының көркемдігін айтсақ та жеткілікті. Десек те, аймаққа шетел туристерін тарту былай тұрсын, ішкі туризмді дамыту ісі дұрыс жолға қойылмай келеді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде осы мәселе және өңіріміздегі көші-қон ахуалы қаралды.

Ішкі туризм – патриоттық тәрбие бастауы

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаевтың айтуынша, есепті кезеңде Жамбыл жеріне резидент емес келушілердің саны 87,5 пайызға, резидент келушілердің саны 10,7 пайызға өскен. Аймақта туристерге ұсынылатын бағдарламалардың спектрлерін кеңейту мақсатында туризм нысандарын мониторингілеу жұмыстары жүргізіліп, 20-дан астам жаңа маршруттар әзірленіп, іске қосу үшін туристік серіктестіктерге ұсынымдар беріліпті. Әйткенмен, бұл ішкі туризмді дамытуға серпін бере алмай отырған сыңайлы. Туристік фирмалар өкілдері мұның себебін жергілікті тұрғындардың аз құлақтандырылуымен байланыстырады. Осыған байланысты көпшілікке Әулиеата өңірінің ерекшеліктерін таныстыру, өлкетану туризмінің танымдылығын арттыру мақсатында аталмыш басқарма бастама көтеріп, көптеген іс-шаралар өткізген екен. «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициясы, «Живая струна» фестивалі, «Астана – Менің Отанымның ел ордасы» екі күндік тур, «Алтын Керуен» серіктестерімен бірге саяхат, «Ақыртас жұмбағы» байқауын ұйымдастырыпты. Сонымен қатар, келушілерді облыстың көрікті де көрнекті мекендері туралы алты тілде ақпараттандырып отыратын интернет портал ашу жұмыстары да қолға алынған екен.

Басқарма басшысы облысымыздың әрбір ауданында табиғаты ерекше, тарихи тағылымы мол нысандар көп екенін айтады. Таразда орналасқан Орта Азиядағы ең көне мешіт, Жамбыл ауданындағы Ботамойнақ аңғары, Меркі мен Жуалыдағы тау шатқалдары, Таластың құмды даласы аймақтағы ішкі туризмді дамытуға бірден-бір қолайлы мекендер екенін, олардың дүниежүзіне әйгілі үңгірлерден кем еместігін сөз етті. Туризм саласын алға бастыру үшін басқарма ашу туралы мәселе көтерді. Бәрі дұрыс-ақ, бірақ Д. Рымтаев облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ескерткендей, аталған нысандарға туристерді тарту үшін нақты жоспар ұсынған жоқ.

«Шетел туристерін тартуды айтпас бұрын, алдымен ішкі туризмді дамытып алайық. Патриоттық тәрбиенің бастауы осы – өлке туризмі. Ал алға бастырамыз десек, басқармалар өзара бірігіп жоспар жасап, бірлесе жұмыс істеуі керек. Ұсыныс айту оңай, ал оны кім жүзеге асырады? Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында Елбасы министрліктер санын қысқартып жатқанда біз қалай басқарма ашамыз?», – деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы. Аймақ басшысы туризм саласы тұралап қалмауы үшін облыста қолға алынған жұмыстарды да айтып өтті. Көне Тараз шаһарының орнында 4 компания қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанын, жұмыс ауқымын кеңейту бағытында шетел ғалымдарын шақырып, келісімдер жасалғанын тілге тиек етті. Досан Рымтаев аппарат кеңесінде «ішкі туризмнің қанатын кең жаюына кедергі болып отырған мәселелердің бірі – туристік және тарихи нысандардағы инфрақұрылымдардың жоқтығы» деп атап көрсетті. «Мысалы, облыстық бюджеттен «Ақыртас» және «Таусамалына» баратын жолдардың техникалық-экономикалық негіздемелерін, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 22,3 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Бірақ, құрылыс мәселесі әлі қолға алынған жоқ», – дейді ол. Облыс әкімі туристік индустрияны өркендетудің бірден-бір жолы – ішкі туризмді дамыту екенін айтады. «Жамбылдықтардың бәрі бірдей сонау Қордай, Байзақ, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарындағы, Мойынқұм даласындағы тарихи ескерткіштерді аралап көрді ме? Жастарымыз өлке тарихын, Жамбыл жерінде қандай ғажап мекендердің, өзен-көлдердің барын біле ме? Бұл салаға серпін беру үшін алдымен мектеп туризмін қалыптастыру қажет. Облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, мектеп оқушыларын, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерін туристік экспедицияларға тарту керек», – деді Кәрім Нәсбекұлы.

Көші-қон транзиттік «коридоры»

Жамбыл жері заңсыз көші-қон транзиттік «коридоры» жолында орналасқан. Облысымыздың бес бірдей ауданы көрші қырғыз елімен шекаралас болуы – соған дәлел. Мемлекеттік шекараның ұзындығы 729 шақырымды құрайды. Облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының басшысы Мұхтар Салжановтың айтуынша, 1 тамызға дейінгі мәлімет бойынша Әулиеата өңірінде 32295 шетел азаматы тіркелген. 376 шетелдіктің азаматтығы жоқ, оның 23-і – шалғай шетелдің, 353-і ТМД азаматтары көрінеді. Жеті айдың ішінде 2264 адам Қазақстан азаматтығын қабылдапты. Келушілердің барлығы көші-қон заңнамасын сақтай бермейтіні белгілі. Ағымдағы жылдың жеті айында 1800 шетелдік азамат заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында заңбұзушылықтың салдарынан өз еліне қайтуға мәжбүр болғандары да бар. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін 220 азамат ел аумағынан аластатылыпты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өткен жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда заңбұзушылықтардың кемудің орнына өскенін сынға алды. Мұның себебі басқарма тарапынан алдын алу шаралары жүргізілмеуінен деп атап көрсетті. «Иранға баратын болсаңыз, сол мемлекеттің елшілігі шақырып алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сингапурға баратындар үшін ұшақта есірткі тасымалдаушының өлім жазасына кесілетіні жазылып қойылған. Заңбұзушылықтардың алдын алу үшін облыс аумағына келушілерді еліміздегі қолданыстағы Заңдардың талаптары бойынша ақпараттандыру керек шығар», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Жиында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков өңірімізге көшіп келген оралмандарды жұмыспен қамту мәселесі туралы баяндады. Қордай, Байзақ аудандарының әкімдері де осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлімдеме жасады.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».