Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – біртұтас ұлттың бәтуәлі сөзін сөйлейді
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – біртұтас ұлттың бәтуәлі сөзін сөйлейді
Билік пен халық арасында әрқашан ашықтық сақталуы тиіс. Мемлекеттік саясат жариялы түрде ғана жүрсе, көпшіліктің көңілінде күмән қалмайды. Елдің ертеңге деген сенімі нығаяды. Кері байланыс болса, жұрт өзіндік пікір-ұсынысын жеткізудің басқа жолын іздемейді. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қазақстандықтар күткен ашық диалог алаңына айналады деген сенім бар. Біртұтас ұлттың тілегі де – осы. Жуырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Бірінші басқосудың өзінде көпшілік күткендегідей, қоғамды алаңдатқан күрделі мәселелер сөз болды. Ә дегендегі аяқ алысы жақсы. Алайда бұл алаң шын мәнісінде халықтың озық идеялары мен ұсыныстарын бір арнаға тоғыстыра ала ма? Алдағы жиындарда қоғамдағы қордаланған қандай түйткілдердің шешімі талқыланады? Аталған ұлттық кеңестің мүшесі, экономист, «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы, жерлесіміз Азаматхан Әміртайдан осыны сұрап, әңгімелескен едік.
– Азаматхан Сайлауұлы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Осы жиынның өзінен кеңестің болашағы қандай болары аңғарылған шығар. Ол көпшілік күткен, «үнімізді жеткізеді» деп үміт артқан, бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманның сұранысына сай келетін азаматтық ұйымға айнала ала ма? – Әрине, себебі мұнда қоғам белсенділері топтасқан. Кеңес мүшелері – әр саланың өкілдері, азаматтық ұйымдардың жетекшілері, саясаттанушылар, ІТ саласының мамандары, экологтар мен экономистер, әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтар, өзіндік көзқарастары мен ұстанымдары арқылы танылған тұлғалар. Ал олардың әрқайсысының артында оның көзқарасын қолдаушылар, тілек-пікірі бір топтар бар. Міне, тура сондай азаматтардың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болғаны – осы ұйымның халық пен биліктің арасында алтын көпірге айналатынын көрсетсе керек. Кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып отыр. Әрі қарай да азаматтық институтқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, жұмыс та нәтижесін береріне сенемін. – Сіз, үнемі жұрттың назарын экологиялық проблемаларға аударып жүресіз. Қоғамдағы түйткілді жайттарға да немқұрайлы қарамайсыз. Белсендісіз. Кеңеске мүше болуыңыздың, сізді таңдаудың себебі де осы шығар? – Өзім де солай ойлаймын. Қоғамдағы қордаланған, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, әртүрлі толғандырар тақырыптарға қатысты өз ойымды ашық айтып жүргеннен кейін мені осы кеңеске ұсынғаны анық. Одан бөлек түрлі бастамаларға қатысты экономикалық стратегиялар, идеологиялық, экологиялық, табиғат қорғау мәселелерін көтеріп, өз ұсынысымды айтып жүремін. Біздің табиғат қорғаудағы белсенділігіміз өте төмен. Біз экологиялық ахуалды жақсартуымыз керек. «Байтақ болашақ» экоальянсы – республикалық ұйым. Әр өңірде филиалдарымыз бар, нақты жоспар түзіп, солармен бірлесіп, әр аймақтың табиғи ерекшеліктеріне қарай, жұмыс жүргіземіз. – Өзіңіз айтып өткендей, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері – әр саланың өкілдері. Соған қарай енді қазақстандық қоғамның барлық түйткілді мәселесі назардан тыс қалмайтын болар? – Әрине, әсіресе, қоғамдық ұйымдардың өкілдері көпшілікті алаңдатқан мәселелерді алға тартады деп ойлаймын. Кез келген қоғамда түйткілдер болуы мүмкін. Оны дер кезінде аңғарып, шешімін табуға ұмтылу керек. Қазір бізде білім, денсаулық, экономика, құрылыс тағы басқа да салаларда ақсап тұрған тұстар көп. Оған негізгі себеп – сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер екені де жасырын емес. Азаматтық ұстанымы айқын белсенділерді бір топқа жинап, бұл проблеманы бірлесе шешу қажеттілігі де осыдан туындап отыр. 30 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында бірінші рет рұқсат етілген наразылар митингісін өткіздік. Сол жерде өз үнін билікке жеткізгісі келгендер жиналып, өз ойын ашық айтты. Қоғамдағы қордаланған проблемаларды шешу үшін халыққа жақындау керек. Жұрттың пікірін тыңдап, әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлу қажет. Көп балалы аналардың тұрмыс ахуалы назардан тыс қалмауы тиіс. Біз «Байтақ болашақ» экоальянсының мүшелері жылына екі рет барлық өңірді аралап шығамыз. Жақында өзімнің туған жерім Жамбыл өңірін екі айдай аралап, ауыл тұрғындарымен сөйлестім. Сонда қарапайым шаруалардың ауыл шаруашылығын әртараптандыруға ынталы екенін, көпшілік қайтадан қант қызылшасын өсіре бастағанын көрдім. Бірақ осы жерде тағы бір түйткіл бар екен. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданындағы тәтті түбір еккен фермерлер 2017 жылға мемлекет тарапынан берілген қолдау-қаржыны әлі күнге дейін ала алмай отыр. Сөйтіп шаруалар қарызға батып қалған. Оның басты себебі – бастапқыда құжаттарды дұрыс толтырмағаны, рәсімдемегені. Ал алдыңғы жылдардағы субсидияны алу үшін жоғары жақтағы тиісті министрліктер рұқсат қағаздарын толтыруы тиіс. Мен қазір осы мәселемен айналысып жатырмын. Сонымен қатар бүгінде өнімнің бағасы да өзекті болып отыр. Ауылдағы шаруалар ала жаздай дамыл таппай, еңбек етіп өсірген қант қызылшасын зауытқа көрші Қырғыз елімен салыстырғанда төмен бағада өткереді. Бұл шаруа қожалық басшылары үшін өте ренішті жағдай. Сондықтан мен осы проблеманы ұлттық кеңес деңгейінде көтеріп, шешімін табуға ықпал ететін боламын. – Жұрт Ұлттық кеңес – қоғамның ашық диалог алаңына айналады деп сенеді. Кеңестің алғашқы отырысында көтерілген мәселелерге байланысты сіздің көзқарасыңыз қандай? – Меніңше, Ұлттық кеңес шын мәнісінде, қоғамның ашық диалог алаңына айналады. Себебі кеңес мүшелерінің әрқайсысы әлеуметтік желіде белсенді. Олар жиында көтерілген мәселелерді желі қолданушыларының талқысына салып, кері байланыс орнатады. Кеңес мүшелері тек «онлайн» жүйеде ғана емес, өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесіп, айтарына құлақ түре білетін азаматтар. Билікке де өз ойын ашық жеткізетін патриоттар. Сондықтан бұл ұйым халықтың мінберіне айналып, диалог боларына сенемін. Алғашқы отырыста Ұлттық кеңес мүшелері 3 жұмыс тобына бөлінді. Біріншісі – саяси модернизация, екіншісі – экономикалық, үшіншісі – әлеуметтік. Өзім экономист болғандықтан, екінші топқа өттім. Осы салада алған білімім, жинаған тәжірибем көп. Бұл топты бұрын көптеген қызметтер атқарған, білікті экономист Ораз Жандосов, бірінші топта белгілі саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам деген ағамыз, әлеуметтік жұмыс тобында мықты құқық қорғаушылар бар. Осы жиынның өзінде біз өз тобымыздан екі адамды ортаға шығарып, ұсыныстарымызды жеткіздік. – Еліміздің жаңа экономикалық саясаты неге негізделуі керек? – Экономикадағы қозғаушы күштің бірі – бизнес. Бізде бизнеске еркіндік жетіспей жатыр. Саясат, экономика, әлеуметтік жағдай дұрысталмайынша, мемлекет дамымайды. Алдымен саяси жүйе жаңғыруы тиіс. Таза, адал, әділ заң баршаға бірдей болғанда, экономика алға басады. Кәсіпкерлікті өркендету үшін азаматтарға жағдай жасалуы қажет. Мысалы, Түркияда қарапайым тұрғын кәсіп ашамын десе, жергілікті билік өкілдері келіп, «сізге не қажет, біз қандай қолдау көрсете аламыз?» деп сұрайды. Бізде осылай істеуіміз керек. – Ал бізде ауыл тұрғындарына не қажет? Жеңілдетілген несие ме, әлеуметтік қолдау пакеті ме? – Ауылдағы тұрғындарға алдымен идеологиялық тұрғыда қолдау қажет. Өмірге деген құлшынысын арттыратын мотивация керек! Адам қай кезде ешнәрсе істегісі келмейді. Тауы шағылғанда, әділетсіздікке тап болғанда. Мәселен, бір отбасы баласын балабақшаға беру үшін таныс іздеуге мәжбүр болса, келінін мектепке жұмысқа орналастыруға пара берсе, оның ертеңге деген сенімі азаяды. Қазір ауылдағы ағайынды қайта серпілтіп, тұрмысты жақсартуға деген ынтасын оятып, сосын қолдау көрсетсек, көп нәрседен ұтарымыз анық. – Табиғат қорғаудағы белсенділігіміз өте төмен деп айтып қалдыңыз, ел азаматтарының экологиялық мәдениетін көтерудің жолы қайсы? – Бабаларымыз бізге кең-байтақ жерді мұра етті. Қазіргі кезде «Жасыл экономика» деген түсінік қалыптасты. Бұл – экологиялық мәдениетті көтерудің бір қадамы. Қазір мамандар табиғатқа зиян келтірмей, экономиканы дамытудың жолын іздеуде. Қазақтың бойында негізі экологиялық мәдениет бар. Біз табиғатқа жанашыр болып өскен ұрпақпыз. Бірақ сол тәрбиені ұмытып кететіндер де жоқ емес. – Құлан жеріндегі Жақсылық ауылында туып-өскеніңізді білеміз... Туған жеріңізге спорт кешенін салып беруді жоспарлап отырған көрінесіз? – Иә, туып-өскен ауылымыздан спорт кешенін ашып берсек деп отырмыз. Бұл менің ғана бастамам емес, сол ауылдан шыққан бірер азамат қолдау көрсетпек. Қай жерден саламыз, соны белгіледік. Өзім 1978 жылы Т.Рысқұлов ауданындағы Жақсылық ауылында дүниеге келгенмін. Сол ауылда 7-класқа дейін оқыдым. Кейін Алматы қаласындағы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектеп-интернатына оқуға қабылдандым. Республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлде алған озат оқушы болдым. Кейін Алматы энергетика және байланыс институтында оқыдым. Сол кезде компьютер технологиясына қызығып, кәсіп аштым. Бизнеспен айналысу маған кедергі келтірген жоқ, оқуды қызыл дипломмен бітірдім. 1990 жылдары пейджингтік байланыс, компьютер сату және жинау, ІТ технологиялық бағдарламалар жасадық. 2004-2005 жылы Қазақстанның бірқатар ІТ компаниялары бірігіп, Қазақстанның софтверлік қауымдастығы құрылды. Соның бір басшысы ретінде Қазақстан темір жолының ІТ технологиясына аудит жасап, қолдау көрсеттік. Екіншіден, мемлекеттің басқару жүйесінде электронды құжат дайындау желілерін енгіздік. «Kaznewtech Ltd» и «Kaz Com Net» серіктестіктерінде директор, 2005-2006 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, ақпараттандыру бойынша бірінші вице-президенттің кеңесшісі, 2007-2008 жылдары осы мекеме президентінің кеңесшісі, 2008-2014 жылдары «Қазақстандық софтверлік компания ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің, 2014-2016 жылдары «Инвесторлер альянсы» жергілікті қоғамдық бірлестігінің президенті қызметтерін атқардым. 2016 жылдан бері «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігін басқарып келемін. – Ашық әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Ардақ ҮСЕЙІНОВА.