Экономика

Мемлекет тік-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті қандай?

Мемлекет тік-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті қандай?

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың жайы қаралды. Жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды. Жыл басында өңір басшысының тапсырмасына сәйкес тиісті тараптарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың бірыңғай базасын құру жүктелген болатын. Осы орайда 238 жобаның тізілімі түзілген. Бүгінде оның 63-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, 42-сі жыл соңына дейін толығымен аяқталады деп күтілуде. Бұлар – әлеуметтік саладағы нысандар. Осы жобалардың 39-ы білім саласына қатысты. Дәлірек айтқанда, мектептердегі асханалардағы қызмет көрсету ісін жетілдіру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ. Басқарма басшысының айтуынша, оның өзіндік тиімділіктері бар. Бұл орайда жыл сайын конкурс жарияланбай-ақ, бір конкурс жеңімпаздарымен 3 жылдан 30 жылға дейінгі аралықта тұрақты келісімшарт жасалатын болады. Жеңімпаз деп танылған мекеме оқушыларды тек ыстық аспен қамтып қана қоймай, асхананың жабдығын жаңалап, ғимаратын жөндеп отыруды да өз міндетіне алмақ. Айта кетейік, бұл орайда алдымен облыстағы барлық мектеп асханаларына талдау жасалынып, жабдығы тозған, жөндеуді қажет ететіндері таңдалып алынған. Нәтижесінде жаңғыртуды қажет ететін 198 асхана анықталған. Осыны ескерген Асқар Исабекұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ағымдағы жылы жобасы жүргізілетін асханалардың санын еселеу керектігіне назар аударып, бұл бағыттағы барлық тетіктерді іске қосуды баса айтты. Өңір басшысы конкурс келісімшартында екі тараптың міндеттемелерін тиісінше нақтылаудың маңыздылығын да атап өтті. Оған қоғамдық комиссиялар тарту жайы да қаузалды. Сондай-ақ ыстық астың үздіксіз берілуін, тамақ сапасына тексеріс ұдайы ұйымдастырылып отыруын қадағалауды тапсырды. Басқосуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы спорт, денсаулық сақтау, тұрғын үй шаруашылық, туризм саласындағы жобалар мен оларды жүзеге асыру барысы талқыланды. Жиын қорытындысында жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.