Экономика

Кәсіподақтар жұмысына серпін берді

Кәсіподақтар жұмысына серпін берді

Маржан РАҚАЙ

Облыстық кәсіподақтар орталығы үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді талқылауға арналды. Басқосуға арнайы қатысқан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ержан Егембердиев еңбек адамының әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ өз ой-пікірін білдірген облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген Жолдауда азаматтарды масылдықтан арылтып, шынайы еңбек пен еңбек құндылықтарын арттыруға бағытталған кәсіподақ ұстанымдарының басым болғанын атап өтті. Жоғары және арнаулы оқу орындарында дипломның сатылуы осы мәселені ушықтырып тұрғанын ашық айтып, нүкте қоятын кез келгенін жеткізді. Отырыста сөз сөйлеген «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Жанна Алшынбаева да әріптестерінің ой-пікірін құптап, Жолдау жүктеген міндеттерге сай, алға айқын мақсат қойып, сол бағытта жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының өзге де белсенді көшбасшылары ұсыныс және пікірлерімен бөлісті. Жиында Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына байланысты Кәсіподақтар федерациясының Үндеуі жарияланды. Онда «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, Қазақстанның тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің негізі болып табылатын қоғамдық диалогты қолдау және нығайту аса маңызды мәнге ие екендігі айтылған. Жалпы Кәсіподақтар федерациясы – құрамында 2 миллионға жуық мүше бар, 38 ұйымға біріккен 18 мың бастауыш кәсіподақ ұйымын шоғырландыратын елдегі ең ірі қоғамдық бірлестік. Ал облыстық кәсіподақтар бірлестігінде 120 мыңнан аса мүше бар. Сондықтан бұл ұйымның жұртқа жеткізбек болған үндеуі де салмақты.