- Advertisement -

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

59

- Advertisement -

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі жаздың соңғы аптасындағы басты кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында ҚР Үкіметінің қаулысымен Шолпан Таңатқызы Каринова ҚР Білім және ғылым  вице-министрі лауазымына тағайындалды. 

Шолпан Каринова 1972 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1994 жылы ауыл мектебінің мұғалімі ретінде бастап, колледж оқытушысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 2005–2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының білім бөлімінің басшысы. 2009–2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы басшысының орынбасары. 2012 жылғы мамырда Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2013 жылғы шілде мен 2017 жыл аралығында Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасының басшысы. 2017–2018 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры болып қызмет атқарған. 2018 жылғы қазаннан бастап «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Ботагөз Шаймарданқызы Жақселекова Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.  Мемлекет басшысының Өкімімен ьұған дейні осы лауазмыда болған Болат Тұрғанұлы Төкежанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы болып Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев, ал Үкімет басшысының өкімімен Үкіметтің Парламенттегі өкілі болып Ермек Әмірханұлы Аманшаев тағайындалды.

Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев 1962 жылы 4 желтоқсанда Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылында дүниеге келген. 1985-1987 жылдары — Қазақ ССР Телевизиия және радиохабары мемлекеттік комитетінде редактор. 1987-1991 жылдары — «Лениншіл жас» республикалық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі. 1991-1994 жылдары — «Өркен»- «Горизонт» газеті редакторының орынбасары, редакторы. 1994 жылғы ақпан-сәуір айларында — Қазақ мемлекеттік телевизиясының бас директоры. 1994 жылғы мамыр-шілде айларында — Алматы қаласы әкімшілігінде әкімнің орынбасары. 1994-1995 жылдары — Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат комитетінің төрағасы. 1997-1999 жылдары — ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы. 2000 жылы — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі. 2002-2008 жылдары Пәкістан Ислам Республикасында, Түркияда, Албания Республикасында Төтенше және Өкілетті елшісі міндеттерін атқарды. 2008 жылғы ақпан-тамыз айларында — ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі. 2008-2009 жылдары — ҚР Президентінің баспасөз хатшысы. 2009 жылғы шілдеден ҚР-ның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

Ал, Ермек Аманшаев 1963 жылы 12 наурызда Өзбекстанның Сырдария облысында туған. 1985-1995 жылдары жылдары — Қазақ ССР Орталық мемлекеттік мұражайында, Қазақ Кеңес энциклопедиясында, «Жалын» журналында, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді. 1995-2000 жылдары — Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Істер басқармасында түрлі қызметтерді атқарды. 2000-2002 жылдары — Астана қалалық мәдениет департаментінің бастығы. 2002-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы. 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, Мәдениет вице-министрі, Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары болған. 2006-2008 жылдары — Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2008-2014 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы» АҚ президенті.

Қайрат Абдрасилов «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас директоры болып тағайындалды.

Бұған дейін, Қайрат Абдрасилов «МАЭК- -Қазатомпром» ЖШС басқарды. Бұрындары, ол Астана Энергетика басқармасының бастығы қызметін атқарған. Әр жылдары ол экология және қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды басқару жүйелерінде басшы болды (Алматы, Астана қалалары мен Атырау және Ақмола облыстарында).

Гүлзат Көбенова ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы болып тағайындалды.

Гүлзат Көбенова 1968 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1998 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы болып бастаған. 2009 жылғы қазан айынан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. ҚР мәдениет және ақпарат, білім және ғылым министрліктерінде түрлі лауазымдарды атқарған. 2017 жылғы шілдеде ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры болып тағайындалған. 2018 жылғы сәуір мен 2019 жылғы қаңтар аралығында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары болып қызмет етті. 2019 жылғы қаңтардан бастап қазіргі таңға дейін Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің сектор меңгерушісі қызметін атқарған.

Журналист Нұртас Солтанұлы Шығыс Қазақстандағы «Altai» телеарнасының директоры болып тағайындалды.

Нұртас Солтанұлы 2011 жылдан бастап Qazaqstan ұлттық телеарнасының Ресейдегі меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. 13 жыл бойы Qazaqstan арнасында еңбек етіп келеді.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Нұртас Қайыров Алматы қалалық стратегия және бюджет басқармасының бастығы болып тағайындалды.

Нұртас Қайыров 1979 жылы 9 мамырда туған. Еңбек жолын 2002 жылы бастаған. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК-да, Экономикалық даму және сауда министрлігінің жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-да, «Қазақстанның инвестициялық қоры», сондай-ақ кәсіпкерлік саласында жұмыс істеді. 2016 жылдан 2019 жылға дейін «Алматы Даму Орталығы» АҚ-да басшылық қызметтер атқарды. Соңғы лауазымы — «Алматы даму орталығы» АҚ басқарушы директоры.

Бұл аптада «Хабар» телеарнасы директоры қызметіне Динара Асқарқызы Бисембина тағайындалды.

Динара Асқарқызы Бисембина 1983 жылы дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің экономикалық журналистика және жарнама кафедрасында оқыған. Кәсіби қызметін Астана қаласындағы «Литер» газетінің тілшісі ретінде бастады. 2015-2017 жылдар аралығында «Хабар» агенттігінде қызмет істеген. 2017 жылдан бастап Қызылорда облысы әкімінің БАҚ және қоғаммен байланыс мәселелері бойынша кеңесшісі болған.

Белгілі әнші Қыдырәлі Болманов Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Қыдырәлі Нұртайұлы Болманов 1964 жылы 19 мамырда Қарағанды облысы Ұлытау ауданында дүниеге келген. Әнші, продюсер, философия ғылымдарының докторы (Phd 2015). Қазақстан жастар одағы сыйлығының және Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Құрмет орденінің иегері (2013).

Аптаның ортасында Қазақстанның бірқатар елдердегі жаңа елшілері тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жанар Сейдақметқызы Айтжан Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметіне тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Лихтенштейн Князьдігіндегі, Ватикан Мемлекетіндегі, Қасиетті Иерусалим Иоанны, Родос және Мальтаның Егеменді Әскери Госпитальерлері Орденінің жанындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін қоса атқарудан босатылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Одан бөлек Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Ал Әсем Рахметова «Nur Otan» партиясы СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Бұл тағайындауға дейін ол СҚО ішкі саясат басқармасының жетекшісі қызметін атқарды. Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ СҚОФ-тың редакторы қызметінен бастады. 2002-2005 жылдары 2032 әскери бөлімшесінде келісімшарт бойынша еңбек етті. 2005-2014 жылдары «Муниципалды телеарнада» редактор, СҚО ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары болды. Кейін 2016 жылға дейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып, СҚО ішкі саясат басқармасының жетекшісі лауазымына тағайындалды.

Бұл аптада БҚО-ның Бөрлі ауданына жаңа әкім тағайындалды.

ҚР Президенті Әкімшілігі және Бөрлі ауданы мәслихатының келісімімен бұл қызметке Миржан Сатқанов жайғасты.

Миржан Мұнайдарұлы 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Әр жылдары Орал қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің жетекші маманы, БҚО кәсіпкерлікті қолдау және дамыту департаментінің бас маманы, бөлім бастығы, бастығының орынбасары, БҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті (басқарма) директорының (бастығының) орынбасары, БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2018 жылдың тамыз айынан бастап БҚО әкімінің орынбасары болды.

Сондай-ақ, Ақмола әкімінің кеңесшісі Ербол Жақсылықов «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып тағайындалды.

Ербол Жақсылықов 1976 жылы Көкшетау қаласында туған. Еңбек жолын 1998 жылы Көкшетау қаласы аппаратының экономика басқармасында бас маман болып бастаған. 2004-2008 жылдары Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, кейін директоры болды. 2017 жылдың қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып қызмет етті. Әр жылдары «Ақтау теңіз порты» АЭА дирекциясының директоры, «Есіл» ӘКК» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма басшысы болған. Жеке кәсіппен айналысқан. 2019 жылдың шілде айының соңынан Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі болып қызмет істеді.

Бұл аптада 41 жастағы Абзал Нүкенов Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Ол бұған дейін елордадағы «Астана» халықаралық ғылыми кешені Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазақстанның Майндағы Франкфурт (Германия) және Жидда (Сауд Арабиясы) қалаларында жаңа Бас консулдары тағайындалды бұл аптада.

Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы қызметіне Ермұхамбет Болатпекұлы Қоныспаев тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының түлегі. Дипломатиялық қызметін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 2001 жылы Екіжақты ынтымақтастық департаментінің атташесінен бастады. 2002 жылы Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде, 2003-2007 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінде, 2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеді. 2008-2014 жылдары Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы және кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014 жылғы қараша айында Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды. 2017 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы болды. Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консул лауазымына тағайындалғанға дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры қызметін атқарды

Қазақстанның Жидда (Сауд Арабиясы) қаласындағы Бас консулы Талғат Рахымкұлұлы Шалданбай болды. 1967 жылы 2 шілдеде Алматы облысында туған. Өзінің дипломатиялық мансабын 1993 жылы СІМ Консулдық басқармасының референті қызметінен бастады. Одан әрі осы басқармада атташе және кейін үшінші хатшы лауазымында жұмыс істеді. 1996 жылы Сауд Арабиясындағы ҚР Елшілігіне үшінші хатшы ретінде жіберілді. 2000-2002 жылдары СІМ Екіжақты ынтымақтастық департаментінде екінші хатшы болып жұмыс істеді. 2002-2007 жылдары Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығында екінші және бірінші хатшы және БАӘ-дегі ҚР Елшілігінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2007 жылдан 2010 жылға дейін Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінде кеңесші және басқарма басшысы, сондай-ақ ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің Таяу және Орта Шығыс, Африка және Азия басқармасының басшысы қызметін атқарды. Одан әрі Сауд Арабиясындағы ҚР Елшілігіне кеңесші-консул ретінде жұмысқа жіберілді. 2012-2015 жылдары Египеттегі ҚР Елшілігінде кеңесші-уәкіл болып жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап 2017 жылға дейін СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің ИЫҰ басқармасын басқарды. Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы) ҚР Бас консулы лауазымына тағайындалғанға дейін осы қаладағы ҚР консулдығының басшысы-консул қызметін атқарды.

Апта соңына қарай Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы тағайындалды. Бұл қызметті Мира Сүлейменова атқаратын болды.

Мира Пернебекқызы 1978 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп — гимназияның үздік түлегі. Білімі — жоғары. 1999 жылы Әл — Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы «Юмакс радиосында» журналист болып бастап, жаңалықтар қызметінің бас редакторы қызметін атқарған. 2002 — 2013 жылдар аралығында «31 арнаның» ОҚО бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған. «31 – Шымкент» телеарнасының жаңалықтар қызметінің бас редакторы болған. 2017 жылдан бері Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы қызметін атқарып келген.

Апта соңында Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли тағы бір қызметтің тізгінін қолына алды. Ол «ҚР Президентінің телерадиокешені» директорлар кеңесіне төраға болып сайланды.

 

kazinform.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support