Мәдениет

Аузында әзілі жоқтың, белінде шоқпары жүреді

Аузында әзілі жоқтың, белінде шоқпары жүреді

4Бейнелеу өнерінде көркемдік ерекшелігіне орай айқындалып айтылатын шарж (француз сөзі) – достық әзіл және карикатура (Италия сөзі) күлкілі немесе сатира, сын, сайқымазақ үлгісінде салынатын суреттер екені мәлім. Осынау өнер түрінің даму тарихы батыс елдері өркениетінен бастау алады. Тіпті, бұл өнер түрлері өз алдына жанр ретінде кәсіби тұрғыда айналысуды қажет ететін жағдайға жетіп отыр. Онымен  көлденең көк атты шұғылдана алмаса керек. Суретшінің өзіндік ұстаным түсініктері тарапынан қоғамдық ортаны, ондағы адамдардың әр түрлі әрекеттерге толы психологиялық іс-қылықтарына күлу, мінеу, келемеждеу, баға беру сияқты тұжырымдарынан туған суреттер аталмыш бағытты қамтиды. Біз Оноре Домье, Херлуф Бидструп шетел карикатуристерін еске түсіріп, алысқа бармай-ақ, өзімізге жақын, қазақ еліне жаңа өнер түрлерімен жаңғырып енген ілгерідегі кезеңдерден бастап, осы аралыққа дейінгі уақытқа көз жүгіртсек, шарж – достық әзіл мен карикатураның мазмұндық сипатын жақсы түсіне түсеміз.

ХХ ғасыр басындағы революция, фашизмге қарсы Ұлы Отан соғысы, шетел милитаристеріне қарсы үгіт-насихат, сол кезеңдерде туған саяси плакаттардан жақсы байқалады. Мәселен, ілгерідегі Дмитрий Орлов (Моор), Борис Ефимов сияқты карикатура шеберлерін айтпай кете алмайсың. Ал шарж – достық әзіл ретінде жақын адамдарға, танымал қоғам қайраткерлерінің күлкілі жақтарын көркейтіп көрсетуге арналып, көбінде туылған күн, мерекелерге бағытталып, көңілді сыйлық ретінде табысталып, беріліп жатса, сонымен қатар, карикатура күлкілі етіп белгілі бір типтік кейіпкерлерді келемеждей сомдап, идеяны, саяси идеологияны насихаттауда өз қызметін өте әсерлі атқарып отыратын, маңызын жоймаған өнер түрі екені айқын.

Шарж бен карикатураның қоғамдық саяси деңгейде жақсы көрініс тапқан кезі – кеңестік кез. Сол шақтарда газет-журналдарды сөз етпегенде, арнайы кеңес үкіметі аумағында таралып отыратын «Крокодил», «Шмель», ал қазақ елінде «Ара» деген журналдар болды. Халық ол журналдарға арнайы жазылып, оқып, суреттерін көріп, тамашалайтын. Сондай карикатура өнерін жүйелі насихаттайтын басылым қазір жоқтың қасы. Қай дәуірде болсын, шарж бен карикатуралық суреттер маңызын жоймақ емес. Қайта карикатура өзінің көкейкестілігін арттырып отыр. Өйткені, елімізде мәдениетсіздікке, рухани азғындаушылыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Үкімет тарапынан жұмыстар жүріп жатқан жоқ па? Бұл карикатурист суретшілерінің нағыз жұмыс жасайтын шағы. Алайда, олар көбіне тек сұраныстар, тапсырыстар арқылы ғана қызметін көрсететін болды. Карикатура өнерінде суретшілердің бұрынғыдай шығармашылық қарқыны жойылған. Шынын айту керек, шетелдегідей емес, Қазақстанда бұл өнер тұрмақ, жалпы, бейнелеу өнеріне деген елдің ықыласы төмен. Оған себеп – мәдениетіміздің салалар бойынша дамудағы мамандыққа қарай бағдарланған кәсіби біліктілікті ұйымдастыру жағының жүйесіздігі, бейнелеу өнері түрлеріне арнайы насихаттың жоқтығы. Содан кейін қоғамдағы саяси элитаның карикатура өнеріне сақтанып, жасқанып қараулары. Олар тіпті, шарждан да зәрелері қалмай қорқады. Неге олай? Ойланып көріңіз. Біздің елде өзге шетелдердегідей күлкі, әзіл, сын, мін жоқ па?! Бәріміз галстук, ақ жейде, шалбармен туа қалғандаймыз. Шынын айтсақ, мұның өзі де күлкілі. Онда неге өзімізді сондай етіп бейнелеп күліп, әзілдеп жүрмеске? Өкінішке қарай, бұл өнер елімізде қарқынды дамып жатыр деп айта алмаймыз. Еліміздегі қазақша шығып жатқан газет-журналдарымыз осыны қаперге алар емес. Өткір тақырыптарға арналған, саяси, әлеуметтік мәдени, жеке типтік кейіпкерлерге арналған, келемеж, күлкілі де сыни карикатураларды басу мұң. Сол себепті де суретшілер бұл салаға уақытын өткізіп бара бермейді. Осыдан кейін бұл салада тоқырау бар деп қарауымызға болады. Шарж бен карикатура өнеріне көңілі толмай отырған бұл кім деген сауал туындамауы үшін мен өзімнің шығармашылығымда ұшырасатын шарж бен карикатура жайын да тілге тиек етейін. Соңғы кезде осы өнерге ат үсті болса да көңіл аударуға мәжбүрмін. Оған себеп достарымыздың жеке тапсырыстары мен өтініштері. Менің шығармашылығымда карикатура қалай көрініс табады? Оның ең бастысы, қоғамдық ортамызда болып жатқан келеңсіз құбылыстар, соны тудырып жатқан кейіпкерлердің іс-әрекетінің әсері. Яғни, шынайы жағдайлар, нақты жеке кейіпкерлер. Сол жеке кейіпкерлердің әрекеттерінің түрткісінен, олардың кейіптерін типтік бейнеге айналдыруға тырысамын. Оны гротескілеймін, стильдеймін, сомдаймын. Бұл жазушы өнер адамдарына жалпы мәлім типтік кейіпкер бейнесін сомдаудың әдісі. Олардың жеке кейпі суреткердің түпнұсқасында сақталады. Осындай негізгі әдіс карикатура өнерінде де өте жақсы қолданылады.Енді, жалпы өз еліміздегі карикатурист суретшілер туралы не айтуымызға болады деп ойлансақ, Қазақстандағы карикатурист суретшілер туралы біздің білетін мәліметіміз өте аз екен. Мұнымыз әрине, ыңғайсыз жағдай. Бірде карикатурист суретшілердің еңбектері арнайы басылып шығарылған кітапты көрген де сияқтымыз. Онда әр түрлі карикатуристердің суреттерінің жиынтығы топтастырылған екен. Алайда ішінен нақты мынандай деген суретші карикатуристі бөліп жарып, ауыз толтырып айта алмай отырмыз. Өйткені, олардың шығармашылығын зерделеп, тіпті, жартылай болса да суретшінің еңбектерімен таныс болу керек. Ал өңір суретшілері туралы бір екі ауыз сөз айтсақ, облысымызда суретшілер баршылық. Олардың ішінде карикатураны жәй өзінің жеке ермегі етіп қана, қағазға салған суреттерін жан қалталарына салып жүретіндер де кездеседі. Сол қызықты еңбектерін көпшіліктің көзайымына айналдырсақ жақсы болар еді. Олардың осы салаға қызығушылығын арттырып, таланттарын ашуға арнайы жобалар жасап, жан-жақты қолдау болып, жұмыстар жасаса, бұл саланың дамуына жағдай туады. ҚР Суретшілер одағының осы бастамасын құп алып жатқан іскер ұйымдар табылса өз тарапымыздан жобамызды жасап, атсалысуға әзірміз. Дәл осы кезде карикатура өнерімен айналысып, жұмыстарын көрсетіп жүрген суретшілер жеткілікті. Мүмкіндік болса карикатура өнерімен суретші тиіп қашып емес, кәсіби деңгейде шұғылданып, болашақта бұл өнер саласынан шынайы талапкер дарындар шығып жатса тіпті тамаша.

Айдархан Сихаев, ҚР Суретшілер Одағы облыстық  филиалының төрағасы.