Украиндар басым болды
Украиндар басым болды
Өткен сенбі күні этномәдени бірлестіктер арасында облыстық спартакиада болып өтті. Спорттың шағын футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі, командалық эстафета сынды бес түрін қамтыған айтулы додада украин этномәдени бірлестігі қарсыластарына қарағанда қарымды болып, басым түсіп, жалпы командалық есепте бірінші орынды еншіледі. Олар спорттың бірнеше түрі бойынша жүлдегерлердің қатарынан көріне білді. Тартысты өткен турнирде барын салған түрік этномәдени бірлестігі де өздерінің жақсы дайындықпен келгенін байқатып, жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бәсекелестеріне жол беріп қойған неміс этномәдени бірлестігі ұжымы да жақсы өнер көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді. Достықты насихаттаған бұл спартакиада барысында ешбір команда өздерінің осал емес екендіктерін айғақтады. Жүлдегерлердің санатын толтырғандардың ешқайсысы сый-құрметтен қалтарыс қалған жоқ. Ең бастысы бұл күні көп ұлтты өңіріміздегі өзге ұлт өкілдерінің татулығы аңғарылды. Салауатты өмір салтын насихаттаған бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасын табатыны да сөзсіз.
Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».