Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы
Мұғалім мәртебесі – мемлекет абыройы
Бала тәрбиесі мәселесі қай қоғамда болмасын күн тәртібіне өткір қойылумен келеді. Ол түсінікті де. Жас буын тәрбиесіне мән берген мемлекет қана жастардың жарқын болашағын қалыптастыра алады. Ал бұл бағыттағы саясат біздің елімізде жүйелі жүргізілуде. Оның үстіне күні кеше ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында білім саласына қатысты өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, бала тәрбиесі мен мұғалімдер мәртебесі жайында да тарата айтып өтті. Жаңа Жолдауды Төле би атындағы №8 гимназия ұжымы да талқылады. Әсіресе келесі жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өсетіні бізді айрықша қуанышқа бөлеп отыр. Оның үстіне Президент «ұстаздар мен оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды» деп Үкіметке жылдың бас құжатында атап көрсетілген осынау маңызды міндетті шешуді тапсырып отыр. Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын төртінші басымдығының бірінші бөлімі білім сапасын жақсартуға арналған. «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы керек», деп атап өтті бұл тұрғыда Мемлекет басшысы. Иә, бүгінгі білім беру жүйесі бұрынғы қай кездегіден де көш ілгері дамыған. Сонау кеңестік кезеңдегі таптаурын, жаттанды әдіс-тәсілдер қазір келмеске кетті. Жаңа технология, иннновация енгізілуде. Сондықтан осы жаңашылдықтарды пайдалана отырып, салаға соны серпінмен жаңа леп әкелу бүгінгі заманның жаңа тұрпатты ұстаздарының ұстанымына айналып та үлгерді. Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздар қауымы осы басымдықты ұстанып та келеді. Президентіміз тағы бір өзекті мәселе, ол – оқулық сапасы екеніне де тоқталып, тиісті тараптарға оны шешуді де тапсырды. Ендігі жерде осы мәселеге жер-жердегі білікті де, тәжірибелі ұстаздар жанашырлықпен атсалысса деген ниетіміз бар. Кезінде осындай үрдістің қалыптасқаны белгілі. Ал бүгінгі күні оқулықтардың әзірленуі жоғары оқу орындары оқытушыларының қатысуымен ғана жүзеге асырылып отырғаны жасырын емес. Қалай дегенде де жаңа Жолдауда бұған дейін сөз болып келген мұғалімдер мәртебесін көтеру, оған қоғамның назарын аудару сынды игі бастамаға негіз болар міндеттер де министрлікке тапсырылды. Ең бастысы, басты құжатта ел ертеңі – жастар үшін, қазақтандықтардың жарқын өмірі үшін барлық салада жүзеге асырылар міндеттердің қамтылғаны қуантады.
Әлішер ӘЗІМБАЙ, Төле би атындағы №8 гимназия директоры, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
Тараз қаласы.