Зейнетақы қорын пайдалану – баспанамен қамтудың жаңа бағдары
Зейнетақы қорын пайдалану – баспанамен қамтудың жаңа бағдары
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы Елбасы Жолдауларымен сабақтасып, онда қоғам өмірінің сан түрлі саласында қордаланған өзекті мәселелерді шешудің жолы ұсынылды. Үкімет пен Парламентке нақты тапсырмалар берілді. Президент өз Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі жүргізілетін бірнеше негізгі секторларға басымдық берді. Соның ішінде, соңғы жылдары қоғамдық қызу талқылауға түскен зейнетақы жүйесін дамытуға ерекше назар аударылды. Мұнда Президент жұмыс істеп жүрген отандастарымыз үшін зейнетақы жинағын зейнетке шықпай пайдалану мүмкіндігіне жол ашуға шақырды. Жыл соңына дейін Үкімет қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін білім алу, баспана алу сынды жеке мақсаттарға қолданудың жай-жапсарын жан-жақты зерделейтін болады. Шынында, бұл бастаманың өзектілігі ешқандай талас тудырмайды. Қазіргі қазақстандық қоғам үшін баспана үлкен мәселеге айналды. Әрине, елімізде тұрғындарды баспанамен қамтудың түрлі бағдарламалары жетіп артылады. Алайда оларға қойылатын тым жоғары талап пен шектеулер екінің біріне баспаналы болу бақытын бұйыртпай тұр. Әрі бұл бағдарламалардың белгілі бір санатқа жататындарға ғана қолжетімділігі де саладағы мәселені күрделендіре түсуде. Сондықтан да тұрақты жұмысы, соған сәйкес зейнетақы жинағы бар азаматтар үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалануға жол ашудың берері мол болмақ. Сайып келгенде, бұл мәселені оңтайлы реттеу еліміздегі баспанамен қамту ісінің екінші тынысын ашатындығы да еш күмән туғызбайды. Бақтияр АЛДАШОВ, облыстық мәслихаттың депутаты, ТИГУ профессоры.